• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
23 Қазан, 2012

Мәдени мұраның тамыры тереңде

466 рет
көрсетілді

Мәдени мұраның тамыры тереңде

Сейсенбі, 23 қазан 2012 7:25

Орал қаласындағы татар этномәдени бірлестігінің төрағасы Ришат Хайруллинмен әңгіме

Иә, Орал өңірінде көңілі дархан іскер жан, қайырымы мол кәсіпкер, күллі түркі мәдениеті мен өнерін моральдық және материалдық тұрғыдан қолдай білетін меценат, өңірдегі татар этномәдени бірлестігінің төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Ришат Хайруллиннің есімі кеңінен танымал. Соңғы жылдары оның жетекшілігімен аталған этномәдени бірлестіктің қызметі жаңа сапалық деңгейге көтерілді.

 

Сейсенбі, 23 қазан 2012 7:25

Орал қаласындағы татар этномәдени бірлестігінің төрағасы Ришат Хайруллинмен әңгіме

Иә, Орал өңірінде көңілі дархан іскер жан, қайырымы мол кәсіпкер, күллі түркі мәдениеті мен өнерін моральдық және материалдық тұрғыдан қолдай білетін меценат, өңірдегі татар этномәдени бірлестігінің төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Ришат Хайруллиннің есімі кеңінен танымал. Соңғы жылдары оның жетекшілігімен аталған этномәдени бірлестіктің қызметі жаңа сапалық деңгейге көтерілді.

Біз таяуда орталық төрағасына жолығып оған бірнеше сауал қойған едік.

– Ришат Увалиевич! Тайманов кө­ше­сінің бойында орналасқан бір­лес­тік­тің кеңсесі, Ғабдолла Тоқай мұра­жайы, күр­делі жөндеуден кейін қай­тадан бой түзеген қызыл мешіт тұтас бір кешен құрағандай екен. Оның Орал қаласының архитектуралық ажа­рына да қосып отыр­ған үлесі мол. Осының бәрінде өзіңіздің сүбелі қол­таңбаңыз бар екені барша батыс­қа­зақстандықтарға белгілі. Соңғы кезде мұндағы іс-шаралар тізбегі қандай мазмұнға ие?

– Бұдан бірнеше жыл бұрын Ұлт көшбасшысы, ел  Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен өңірге келген «Мәдени мұра» бағдарламасы өңірдегі татар ұлтының өкілдерін де бір серпілтіп тастады. Осы орайда бұған дейін жоғалтқан біраз тарихи жәді­гер­лері­міз­дің ізін бүгінгі күнге жалғай алдық. Ме­нің ойымша, мәдени мұра – іске асы­ру мерзіміне келсек, белгілі бір уақыт шең­беріне сыя бермейтін өте кең ау­қым­ды бағдарлама. Оның тамыры те­реңде, дәл бүгінгі істеріміздің бір тар­мағы осы арнадан бастау алып отыр.

Айталық Татар халқының ұлы ақыны Ғабдолла Тоқайдың есімін оқыр­мандар­ға таныстырып жату артық болар. Алайда, Орал қаласында тұрып қызмет жа­са­ған қысқа кезеңде татар әдебиеті клас­сигінің азаматы, ақын және журналист болып қалыптасуына үлкен ықпалын тигізген тағы бір тарихи тұлға бар екенін көпшілік біле бермейді. Ол татар хал­қының белгілі ағартушысы, журналист әнші әрі музыкант, татар­лар­дың тұңғыш басылымдарының шығару­шысы Камиль Тухфатуллин.

Ол ХХ ғасырдың бас кезінде «Фикер», «Жаңа тұрмыс» атты газеттер мен «Жаңа ғасыр» және «Уклар» секілді жур­налдар шығарған. Бұл баспа өнім­дері тек Жайық бойында ғана емес, біртіндеп өзінің таралу ауқымын кеңейтіп, бүкіл ресейлік түркі әлемі ықылас та­ныт­қан, Петербор мен Мәскеуде, Қазан мен Орынборда, Уфада және Астрахань мен Ташкентте оқылатын беделді басы­лымға айналған. Сөйтіп, оралдық татар және қазақ журналистерінің тізе қосып жасаған шығармашылық жұмыстары жас түркі журналистикасының ағынына келіп қосылады. Бұл іске қазақтың тұң­ғыш заңгері, Ресей Мемлекеттік дума­сының депутаты Бақытжан Қаратаевтың да қатысы болғанын тарихи деректер ай­ғақтайды.

Аталған басылымдар Ресей империя­сындағы түркі тілдес халықтардың ұлт­тық сана-сезімдерінің дүр сілкінуіне әсер еткен. Небәрі екі жылдың айна­ла­сында осы аталған басылымдардың ар­қа­сында Орал қаласы түркі әлемінде өз орны мен рөлі бар орталықтардың біріне айналған. Міне, Ғабдолла Тоқай мұ­ра­жайының мұрағаттары осындай баға жетпес рухани құндылықпен толық­ты­рылуы – соңғы кездегі елеулі істері­міздің бірі. Сонымен бірге, орталық К.Тухватуллиннің өмірі мен қызметіне арналған «Господин издатель» атты кі­таптың жарық көруіне бастамашы бол­ды. Оның авторы оралдық өлкетанушы қаламгер Рустам Вафеев.

Сондай-ақ, бұдан 80 жыл бұрын құ­рылған Батыс Қазақстан облысының да­муы мен өркендеуіне үлес қосқан, ұс­таз­дық қызмет атқарған Талғат Ишмаков, Мансұр Ғиззатуллин, Румия Тухватуллина, Надежда Валиева, Гульфия Галимуллина, Галина Ваганова секілді татар этносы есімдеріне де музейден арнайы орын беруді ойластырып отырмыз.

– Сіздің ойыңызша, қоғамдық бір­лестіктің бүгінгі жетістіктері мен ізденістеріне қозғау салып отырған күш қандай?

– Өте орынды сауал. Мен мұндай қозғаушы күшті Қазақстанның демо­кра­тиялық сипаттағы заңдылықтары салтанат құруымен және мәмілегерлік дәс­түр­лердің орнығуымен байланыстыра аламын. Ең бастысы, қазақ пен татар халықтарының ғасырлар бойғы қалып­тасқан терең достығы этномәдени бір­лестіктің қызметін тереңдете түседі. Біз мұнда өзімізді нағашымыздың үйінде жүр­гендей ыңғайлы да жайлы сезінеміз. Мұндай жағымды ахуал Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал да салиқалы саясатының арқасында ор­нық­қа­ны анық. Біз өзіміздің қоғамдық қыз­ме­тімізде Елбасымыз – Ұлт көшбас­шы­сы белгілеп берген «Қазақстан-2030» Стратегиялық даму бағдарламасы мен Қазақстан халқы Ассамблеясы Хат­шы­лығы алға қойған міндеттерді басты бағ­дарға алып отырамыз.

Қазақстандық қоғамның бір шоғыры біздер, татарлар бұдан бірнеше жыл бұ­рын Татарстанға ресми сапары кезінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сол кездегі Татарстан басшысы Минтимер Шай­миев­тің тұтқиылдан қойған сауалына орай табан астында ұтымды жауап қай­тарғанын еш ұмыта алмаймыз. Баспа­сөз­де бұған дейін жазылғанындай, сұрақ пен жауаптың төркіні төмендегідей.

– Нұрсұлтан Әбішұлы, Қазақстанда біздің татарлар қалай тұрып жатыр? Мұндай тосын сауалға Қазақстан бас­шысы мүдірмей:

– Сіз қателесіп тұрсыз, құрметті Минтимер Шарипович, олар сіздің татарлар емес, біздің татарлар, – дейді. Бұл ұтқыр жауапты естігенде Татарстан басшысы:

– Сіз мені әбден қатырдыңыз, Нұрсұлтан Әбішұлы! Тауып айтқан, орынды айтқан жауабыңызға әбден тәнтімін, – деп лекіте күле берсе керек.

Иә, Елбасымыз айтқандай, біздер, қа­зақстандық татарлар қауымы қазақ­стан­дық қоғамның одан әрі дамуына өз үлесімізді қосуымызды басты азаматтық парызымыз деп білеміз.

– Алдағы 2013 жылға белгілеп отырған қандай жоспарларыңыз бен бағдарламаларыңыз бар?

– Өздерінің ұлттық мерекесі – сабан­тойсыз татар халқының толыққанды бет-бейнесі көріне алмайды. Бұл ұлттық рухтың інжу-маржаны іспеттес. Со­ны­мен бірге, ол – әркімнің бойында бұғып жатқан талант көзін жарыққа шыға­ру­дың таптырмас мүмкіндігі. Орал қала­сында жыл сайын дәстүрге енген сабантой мерекесі жалпыхалықтық сипатқа ие. Мұның өзі Орал өңірін мекендейтін әртүрлі ұлт өкілдерінің тату-тәтті тір­шілігінің, бір-бірінің дәстүрі мен мәде­ниетіне құрметпен қарай білуінің көрі­нісіндей әсер қалдырады. Ежелден татарларда сабантой – еңбек мерекесі.

Айтайын дегенім, алдағы жылы Орал қаласында сабантой мерекесі ха­лықаралық деңгейде тойланбақ. Биылғы шілде айында Ақтөбе қаласында өткі­зіл­ген республикалық татар-башқұрт қау­ым­дастығының кезекті мәжілісінде осын­дай шешім алынды. Оған таяу және алыс шетелдерден арнайы қонақтар ша­қыруды ойластырып отырмыз. Халық­аралық сабантойға әзірлік жұмыстары қазірдің өзінде басталып кетті деуге болады. Бұл орайда біз Батыс Қазақстан облыстық әкімдігінің қолдауын айқын сезінудеміз.

Сөз соңында айтайын дегенім, ал­дағы Құрбан айт бәрімізге жақсылық әкелсін! Барлық қазақстандық мұсыл­ман­дарды ортақ мерекемізбен құттық­таймын.

Әңгімелескен Темір Құсайын,

«Егемен Қазақстан».