Жұма, 12 қазан 2012 7:00
Достық пен татулықты ту етіп ұстаған
Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі мәдениет басқармасының «Облыстық Достық үйі» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны туралы тұрғындар арасында жақсы пікір қалыптасқан. Жақында Достық үйі құрылғанына 20 жыл толу мерейтойын атап өтті. Облыстық мәдениет басқармасының бастығы Жақсылық Омар бұл орайда былайша ағынан жарылады.
Жұма, 12 қазан 2012 7:00
Достық пен татулықты ту етіп ұстаған
Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі мәдениет басқармасының «Облыстық Достық үйі» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны туралы тұрғындар арасында жақсы пікір қалыптасқан. Жақында Достық үйі құрылғанына 20 жыл толу мерейтойын атап өтті. Облыстық мәдениет басқармасының бастығы Жақсылық Омар бұл орайда былайша ағынан жарылады.
– Қазақ жері кең байтақ, көңілі дарқан, талай тар жол, тайғақ кешуде тығырықтан шығып қана қоймай, небір қилы заманда шеттен келген басқа ұлт өкілдерін жатсынбай қарсы алып, бауырына басты, төрін ұсынып, бір үзім нанын бөліп берді. Өскемендегі Достық үйі 1992 жылы дүниеге келді. 1995 жылы Шығыс Қазақстан халқы Ассамблеясының облыстық Достық үйі облыс әкімі өкімі негізінде құрылып, заңды тұлға деп танылды. Оның салтанатты ашылуына Елбасы Н.Ә.Назарбаев өзі арнайы келіп қатысып, ақжарма тілегін айтты, шырайлы шығыстан бастау алған құнды тәжірибені еліміздің барлық облыстарының қолдауы қажет екеніне, татулық пен сүттей ұйыған достықтың Қазақстан халқы Ассамблеясының басты рөлі екеніне тоқталды. Сонымен, кенді Алтайдың тәжірибесін Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі зерттеп, барлық өңірге таратты. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Достық үйіне үнемі қамқорлық жасап тұрады, еліміздегі тұңғыш құрылған этноауылдың авторы да өңір басшысы, – деп мәдениет басқармасының бастығы біраз жайлардан хабардар етті.Қаланың көрікті жерінен орын алған Достық үйіне келдік. Екі қабатты, ежелгі архитектурамен көз тартатындай етіп әдемі салынған мекемені Эльдар Төлеубеков басқарады. Этномәдени бірлестіктердің көркемдік жетекшісі Оксана Доценко, әдіскерлік бөлімнің меңгерушісі Айбарша Жұмаділова атқарып жатқан жұмыстарымен таныстырды. Достық үйінің қызметкерлері өз міндеттері мен істерін ұқыптылықпен атқарып жатқаны бірден аңғарылады. Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Лео Богданович Шик, тағы басқалар қолдан келгенін аямайды екен.– Кеңес өкіметі кезіндегі бір тілді, бір дінді боламыз деген солақай идеология салдарынан қаншама ұлт өз тілінен, мәдениетінен ажырап қала жаздады, оның ішінде қазақ халқы да бар. Ал тәуелсіз Қазақстан әр халықтың баласы өз ана тілін, салт-дәстүрін, мәдениетін, тарихын ұмытпасын деген мақсат қойды. Нәтижесінде республика бойынша Достық үйлері ашыла бастады. Бүгінгі таңда тек өзіміздің Шығыс Қазақстан облысында 8 Достық үйі бар, онда 82 этномәдени бірлестік жұмыс жасап жатыр, – дейді Айбарша Жұмаділова бізбен әңгімесінде.Облыстық Достық үйінің мақсаты ұлтаралық келісім мен тұрақтылықты нығайту, халықтар мәдениетін, ана тілін, салт-дәстүрін жаңғырту, мәдени мұраны сақтау, Қазақстан жастарын патриоттық сезімге тәрбиелеуге саяды.Шығыс Қазақстан облысы аумағындағы тарихи-мәдени мұраны зерттеп, қалпына келтіреді, осында тұратын этностар туралы тарихи-библиографиялық материалдар басып шығарады. Халық шығармашылығын, этномәдени салт-дәстүрлерді және әдет-ғұрыптарды насихаттап, сақтайды. Оларды әлеуметтік-экономикалық және қазіргі тарихи жағдайға бейімдеу де басты назарда. Сонымен бірге, қызмет істейтін этномәдени бірлестіктерге ана тілін оқыту жұмыстарын ұйымдастыруға, халықтық музыкалық, көркем шығармашылық, қолданбалы өнер ұжымдары қызметіне тәжірибелік көмек көрсетеді, олардың қызметі үшін қажетті жағдай жасайды және этномәдени қоғамдық бірлестіктерге әдістемелік, ұйымдастырушылық және құқықтық тұрғыда көмек қолын созады.Қазіргі таңда Достық үйінде 12 этномәдени бірлестік пен 9 қоғамдық бірлестік, Шығыс Қазақстан халқы Ассамблеясының жастар қанаты мен ғылыми-сараптамалық кеңесі жұмыс істеуде. 2010 жылы «Алтын арқау» және оралман жастардан «Бірлік» қоғамдық бірлестіктері құрылды. Бүгінде этномәдени бірлестіктер облыста өтетін көптеген қоғамдық маңызды және мәдени шаралардың ұйытқысы болып отыр. Сондай-ақ, этномәдени бірлестіктердің жанынан құрылған 20 шығармашылық ұжым бар. Олар Достық үйінің және облыстағы мәдени шараларға белсенді қатысады.Достық үйі жұмысының ауқымы жыл сайын кеңейе түсуде, мұнда әртүрлі тақырыпта ғылыми-тәжірибелік конференциялар, семинарлар, байқаулар, кездесулер, фестивальдар, атап айтсақ «Орыс өнері», «Казачье сторонушка», «Жыраулар» фестивальдары дәстүрлі өткізілуде, биыл алғаш рет «Күмбірле, домбыра, ойна, сырнай» фестивалі өтті. Жақында ғана Шығыс Қазақстан халқы Ассамблеясының XVI сессиясы өтсе, кеше ғана «Халықаралық келісім және толеранттылық – тұрақтылық негізі» атты халықаралық симпозиум болды. Сонымен қатар, халық мерекелері «Наурыз», «Масленица», «Ханука», «Рош-а-на», «Сабантуй», «Астық мерекесі», діни мерекелер «Құрбан айт», «Рождество», «Пасха», «Вардавар» және мемлекеттік мерекелер де жыл сайын Достық үйінде тойланады. Этномәдени бірлестіктер, тарихи отандарымен де байланыс жасап тұрады. Мұнда поляк, белорус, армян мемлекеттерінің елшілері өз диаспораларымен кездесуді дәстүрге айналдырған. Достық үйі жылдық жоспар бойынша және жоспардан тыс 70 аса үлкенді-кішілі іс-шаралар өткізіпті. Ай сайын «Отанға деген сүйіспеншілік пен ұлтжандылықты, азаматтықты тәрбиелеу» деген тақырыпта жоғары оқу орындарының оқытушылары дәріс жүргізеді. Достық үйі құрылған уақыттан бері игі дәстүр қалыптасып, жұмыс ауқымы кеңейе түсті. Атқарылып жатқан жұмыстар жайлы ай сайын шығарылатын мекеменің жеке басылымы «Ассамблея жаршысы» газетінде кеңінен жарияланады. Қызметкерлер облыста тұратын этностар туралы тарихи-библиографиялық материалдар басып шығаруды көздеген. Осы уақытқа дейін мұнда Шығыс Қазақстандағы белорустар, орыстар, поляктар, еврейлер, татарлар, туралы кітаптар жарық көрді. Өткізіліп жатқан ғылыми-практикалық конференциялардың материалдары жинақ және әдістемелік құралдар болып басылды. Ағымдағы жылдың жаз айларында Достық үйінің этномәдени бірлестіктері этноауылда мәдени күндерін өткізді. Этноауылға келген қала халқы мен қонақтары өңірде тұратын халықтардың салт-дәстүрімен, ән-жырымен кеңінен танысты. Осы атқарылған жұмыстардың қорытындысы ретінде «Бір шаңырақ астында» атты журнал жарыққа шығып, оның тұсаукесері болды.Елбасы Н.Ә. Назарбаев 2010 жылы өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының XVI сессиясында сөйлеген сөзінде: «Осыдан 15 жыл бұрын іргесін қалаған Ассамблея өркениетті әлемге өзінің өміршеңдігін дәлелдеп берді. Қоғамдық келісімнің кепілі болған Ассамблея еліміздегі тұтастықтың тұтқасына, бірліктің діңгегіне, достықтың дәнекеріне айналды. Еліміздегі татулық пен тұрақтылықтың берекелі бекетіне айналуына Қазақстан халқы Ассамблеясы үлкен үлес қосып келеді», деген болатын.Қазақстан халқы Ассамблеясының XVI сессиясында қойылған жаңа міндеттерді облыстық Достық үйі жүзеге асыру бойынша жұмыс атқаруда. Бұдан 20 жыл бұрын Достық үйі Өскемен қаласында ашылса, 2010 жылы Қазақстан бойынша алғаш рет этноауыл да осында бой көтерді. 19 үй әр халықтың салт-дәстүрі бойынша жабдықталған. Ағымдағы жылдың жаз айларының жексенбі, сенбі күндері этноауылда этномәдени бірлестіктері мәдени күндерін, халықтық мерекелерін көрсетіп, қала тұрғындары мен қонақтардың демалыс күндерін жақсы өткізулеріне үлестерін қосты. Сөз реті келгенде айта кету керек, осы жылы «Шығыс Қазақстан мұсылман әйелдері» қоғамдық бірлестігіне де 20 жыл толып отыр. Оны «Өскемен қаласының құрметті азаматы» Г. Етекбаева іскерлікпен басқаруда. «Алтын арқау» қоғамдық бірлестігіне Сағынбек Ақанов жетекшілік етеді. Ал ақсақалдар алқасы жанынан құрылған «Атамұра» ансамблі ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арнап 20 концерт берді. Оны «Құрмет» орденімен марапатталған Фрунзе Жақсылықов басқарады.Адам жанын ізгілікке бөлейтін, әр ұлт өкілдерін татулық пен бейбітшілікке үндейтін Достық үйіндегі өнеге тұтарлық істер алдағы уақытта да көңілдерге шуақ ұялата бермек.
Мерейлі де берекелі 20 жылАғымдағы жылдың 2 қазаны күні облыстық Достық үйінің 20 жылдығына арналған кешенді мерекелік іс-шара өтті. Шараның мақсаты – ұлттық бірлік Доктринасын жүзеге асыру, республика аймақтарында толеранттылық пен тұрақтылық жетістігін, этносаралық келісім идеясын насихаттау. Президент саясатын жүзеге асыруға бағытталған креативті идеялардың генераторы ретінде Шығыс Қазақстан облысының имиджін қалыптастыру. Сонымен бірге, әрі қарай жалпыұлттық бірлікті нығайту, ең алдымен республикамыздағы бейбітшілік пен келісім арқылы жастарды жоғары жауапкершілік сезімде тәрбиелеу.Сонымен, Достық үйінде облыс әкімінің орынбасары Ермек Көшербаевтың төрағалығымен айтулы шараға арналып «Достық үйі бейбітшілік пен келісім бесігі» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылды.– Бүгінде бізден үлгі ала отырып, Қазақстанның басқа да аймақтарында Достық үйлері, ұлттық мәдени бірлестіктер бой түзей бастады. Біз үнемі басқаларға үлгі бола білдік, – деп атап өтті облыс әкімінің орынбасары. Дөңгелек үстелге Ақмола, Ақтөбе, Жамбыл, Павлодар, Атырау, Қызылорда облыстарынан келген жұртшылық және қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты. Сонымен бірге, арнайы шығарылған «Бірлігі жарасқан біздің үй» атты кітаптың тұсаукесері өткізілді. Достық үйі өзінің 20 жылдығын атап өтуді көктем шыға салысымен бастап кеткен болатын. Оның бастауы Достық үйінің жанынан тұрғызылған еңселі де сәулетті «Достық» стеласы болса, одан кейін облыс орталығынан «Достық керуені» акциясы мәре алып, республикамыздың өзге қалаларына жол тартқан еді. Акция қорытындысы Астана қаласында шығарылады.Күн арайлап шығыстан шығатындықтан, тың идеялар да, жаңа бастамалар да шығыстан бастау алады. Сондай бастамалардың бірі – облыс әкімінің этноауылды тұрғызу бастамасы. Бүгінде республикада алғаш құрылған этноауылға да екі жыл толып отыр, күннен-күнге әртүрлі жобалармен толығып, құлпырып, ажары ашыла түсуде. Облыстық Достық үйінің этномәдени бірлестіктері көктемнен бастап күзге дейін әртүрлі мәдени шараларын осы этноауылда өткізіп келеді. Достық үйінің 20 жылдығына республикамыздың түкпір-түкпірінен арнайы келген қонақтарды, шығармашылық ұжымдарды этноауылда бірлестіктердің өкілдері өз үйлерінің алдында ұлттық тағамдарымен, айшықты ұлттық киімдерімен, әдемі әндерімен, әуезді күйлерімен қарсы алды. Қонақтар этноауылды аралап, оның жай-күйімен таныса жүріп, таңданыстарын жасырмады. Бұдан кейін этноауылдағы әкімшілік үйінде құрамында Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ғалым-оқытушылары дәріс оқитын Достық үйінің жанынан құрылған толеранттылық мектебінің «Мәдениетаралық толеранттылық кеңістігін қалыптастыру» атты оқу бағдарламасының тұсаукесері өтті. Келушілер этноауылдың сахнасында мәдениет басқармасының қолдауымен өтіп жатқан «ЭтноРЭП» фестивалін тамашалады. Шара бағдарламасы бойыншы келесі бөлім Металлургтер сарайында облыстық Достық үйінің шығармашылық ұжымдары және еліміздің әр жерінен келген шығармашылық ұжымдарының қатысқан гала-концертімен жалғасты. Мерекелік концертте облыс әкімі Б. Сапарбаев құттықтау сөз сөйлеп, бірлік пен ынтымақтастықтың жетістігі осы халықтар достығы екенін атап өтіп, этномәдени бірлестіктердің атқарып жатқан жұмысын жоғары бағалады.Өңір басшысы Достық үйінің калыптасуына, ұлттар арасындағы бірлік пен татулықты нығайтуға үлес қосқан бір топ белсенді азаматтарды грамоталармен, алғыс хаттармен марапаттады.Ең бастысы еліміз бойынша алғаш ашылып, лентасын Елбасы қиған облыс орталығындағы Достық үйінің 20 жылдық тойы өз мәнерінде өтті.Оңдасын ЕЛУБАЙ,«Егемен Қазақстан».
ӨСКЕМЕН.