Семей қаласында мектеп оқушысы грант ұтып алып, жиһаз түрлерін шығарып жатыр. Бұл туралы Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Министрлік өкілдері хабарлағандай, Қазақ гуманитарлық-заңгерлік инновациялық университет Семей қаласының оқушылары арасында кәсіпкерлік саланы өркендету үшін дәстүрлі түрде «Startup Battle» байқауын өткізіп келеді. Осы байқау жеңімпаздарының бірі, №30 орта мектепте 11-сыныпта оқитын Надир Сәбитов грант ұтып алып, қаңқасыз жиһаз өндіру бойынша өз бизнесін ашқан. Жас кәсіпкер Қазақ гуманитарлық-заңгерлік инновациялық университеті бизнес-инкубаторындағы «Fox» оқыту орталығындағы семинарлардан қалмай, маркетинг, сату және дизайн саласындағы білімін шыңдаған.
«Семей нарығын жаулауға осы білімім көп көмектесті. Қазір басқа жақтан ресурс тарта отырып, жылдам өсім үшін инвестициялық модель құрып жатырмыз» дейді Надир Сәбитов.
Оның дүкені шығаратын түкті қаптарға сұраныс жоғары. Қазір жас кәсіпкердің қарамағында екі тігінші және бір ассистент жұмыс істейді. Надирдің айтуынша, көп ұзамай жиһаздарды Өскемен мен Павлодар тұрғындарына сату көзделіп отыр. Содан кейін, тіпті, Қазақстан нарығынан асып, ТМД елдеріне кіруді жоспарлап отыр.