Сенбі, 29 қыркүйек 2012 8:44
«Ардагер» ардагерлерді емдейді
Денсаулық сақтау саласында еңбек ету үлкен жауапкершілік жүктейтіні белгілі. Себебі, сала жұмысы адам өмірімен тікелей байланысты, жанына шипа іздеген аурудың тағдыры дәрігерлер мен медбикелердің кәсіби біліктілігіне тәуелді. Ауруды анықтау ешқандай қателікті көтермейді. Соның ішінде соғыс және еңбек ардагерлері бекітілген «Ардагер» емханасы қызметкерлерінің жұмысы екі есе жауапты десем, артық айтқандық болмас. Аты айтып тұрғанындай, емхана ардагерлердің денсаулығын көздің қарашығындай сақтауға, олардың ауруларының алдын алуға және емдеуге міндетті.
Сенбі, 29 қыркүйек 2012 8:44
«Ардагер» ардагерлерді емдейді
Денсаулық сақтау саласында еңбек ету үлкен жауапкершілік жүктейтіні белгілі. Себебі, сала жұмысы адам өмірімен тікелей байланысты, жанына шипа іздеген аурудың тағдыры дәрігерлер мен медбикелердің кәсіби біліктілігіне тәуелді. Ауруды анықтау ешқандай қателікті көтермейді. Соның ішінде соғыс және еңбек ардагерлері бекітілген «Ардагер» емханасы қызметкерлерінің жұмысы екі есе жауапты десем, артық айтқандық болмас. Аты айтып тұрғанындай, емхана ардагерлердің денсаулығын көздің қарашығындай сақтауға, олардың ауруларының алдын алуға және емдеуге міндетті.
Емхананың тыныс-тіршілігімен таныспақ болып келген біздің көзіміз көрген мұндағы жинақылық пен ұқыптылық, тазалық пен дәрігерлердің ілтипатты қызметі жүрегімізге жылылық ұялатты. «Ардагер» емханасының бас дәрігері Тотия Иманқұлова – ұжым жұмысын ортақ іске жұмылдырып отырған білікті дәрігер, беделді басшы. Ақтөбе мемлекеттік медицина институтын емдеу ісі мамандығы бойынша бітірген ол мамандандырудан өткеннен кейін еңбек жолын терапевт дәрігерден бастап, кардиолог дәрігерлік қызметін де атқарған. 2005 жылдан бастап осы емхананы басқарып келеді.– Соғыс және еңбек ардагерлері үшін өз алдына дербес ашылған мұндай емхана Алматы мен Астананы есептемегенде, облыстардың ішінде бізде ғана бар, деп бастады әңгімесін Тотия Сыдыққызы. – Ашылғанына жиырма бес жылдан астам уақыт болған емдеу мекемесінде бастапқыда тек Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне ғана медициналық көмек көрсетілетін-ді. Ұлы Жеңістің 60 жылдығы құрметіне орай бұл санатқа соғыс ардагерлеріне теңестірілген тыл еңбеккерлері қосылды. Емхананың материалдық-техникалық базасы, қаржылай жағдайы жақсара келе олармен бірге Ауған соғысына және Чернобыль апатын ауыздықтауға қатысушыларға, Семей ядролық полигонынан зардап шеккендерге тегін медициналық көмек көрсетіле бастады. Қазір емханада 347, Ұлы Отан соғысына және 13272 тылдағы еңбек майданына қатысушылар, Ауған соғысына қатысқан 662 азамат, Семей ядролық полигонынан зақымданған 381 адам, Чернобыль апатынан зардап шеккен 239 адам тегін медициналық көмек алады. Жалпы 2005 жылы біздің емханада 3000 адам есепте тұрса, қазір олардың саны 15 мыңнан асып жығылады. Шыны керек, олардың ауруларының да өзіндік ерекшеліктері бар. Мұның өзі әр науқасқа мейлінше жан-жақты назар аударуды алға тартады. «Ардагердің» есебінде тұрғандардың барлығына дәрі-дәрмек тегін беріліп, медициналық көмек ақысыз көрсетіледі, – дейді емхананың бас дәрігері Тотия Сыдыққызы.Емханада қабылдауға келген әр адамның мұнда тек медициналық көмек алуы ғана емес, көңілі марқайып қайтуына да мән беріледі екен. Сондықтан да қызметкерлердің адами қасиеттері мен жайдары мінезді болуы қажеттігі, пациенттермен ортақ тіл табысу бірінші кезекке қойылады. Өздері қарттықтың тауқыметін тартып жүрген, сондай-ақ, ауру қажытқан жанның денсаулығы үшін қолдан келгеннің барлығын жасап жатқанын сезінуі дертін сылып тастағандай әсерге бөлейтінін дәрігерлер де түсінеді. Бұл бағытта алдыңғы толқыннан кейінгі жастарға үлгі болар ұлағатты ұрпақтар сабақтастығы үзілген емес. Жастар өз ісінің білгірлері бірінші дәрежелі дәрігер Гүлжихан Қалменовадан, эндокринолог Жайнагүл Төлегеновадан, кардиолог Айгүл Сәрсенбаевадан, рентгенолог Аманжол Әміреевтен үлгі-өнеге алады. Емханада жұмыс істейтіндер өз ісіне берілген мамандар. Әйтпесе, күн сайын қабылдауға келетін жүздеген аурушаң қарт адамның көңілінен шығу оңай емес.– Келушілер емханаға енгеннен-ақ өздеріне көңіл бөлінгенін сезінуі үшін интерьерден бөлмелерге дейін тартымды етуге тырыстық. Ал келушілерді тіркеу мен дәрігерлердің қабылдауы аралығында ұзақ күтіп қалмауы да назарда ұсталады. Бізде есепте тұрған ардагерлердің медициналық деректерін тез тауып, қай маман дәрігерге баруы да уақыт алмай тез анықталады. Бөлмелерді таза, ұқыпты ұстау да қалыптасқан дәстүр, шашау жатқан ешнәрсе болмауын қадағалаймыз, – дейді Тотия Сыдыққызы сәл үзіліп қалған әңгіме желісін жалғай отырып.Бұл арада әрине, облыстық әкімдіктің ұдайы қолдау-көмек көрсетіп келе жатқанын атап айту орынды болмақ. Облыстық бюджеттен қаржы бөлінуінің арқасында бұдан біразырақ бұрын емхананың шатыры жаңартылды, ішіне де жөндеу жұмыстары жүргізілді, емхана жанынан науқастар мен мүгедектерді оңалту орталығы ашылды. Жыл сайын жаңа қондырғылар сатып алынуда. Соңғы жылдары 12850 мың теңгеге «ERGOS» лор, 119900 мың теңгеге «TOPCON» офтальмологиялық комбайндары, 4280 мың теңгеге «METROLAB PLUS-2300» биохимиялық анализаторы, 995 мың теңгеге «QUALITI» тіс емдеу аппараты сатып алынған. Бұл қондырғылар ардагерлерге сапалы медициналық көмек көрсетуге анағұрлым қолайлы бола түсті. Емханада есепте тұратын 108 адамға қызмет үйлерінде көрсетіледі. Емханада есепте тұратындар жылына екі рет арнайы диспансерлік медициналық тексеруден өткізіледі. Мұндай кезде жүруге мүмкіндігі жоқтарға үйлерінде кешенді тексеру жүргізіледі. Олар қатты науқастанып қалса, оларға дәрігерлер жедел жетеді, ол үшін арнайы автокөлік бөлінген.Емханада 65 адам еңбек етеді екен. Ұзақ жылдар осы жерде табан аудармай еңбек етіп келе жатқан терапевт Татьяна Ляминаның, лор дәрігер Сәуле Рахиеваның, медбике Жұмасұлу Мауытованың және басқаларының кәсіби біліктілігі мен адами қасиеттеріне, көрсеткен медициналық қызмет сапасы мен ыстық ықыласына қариялар дән риза.– Біз «Ардагер» емханасына өзіміздің екінші үйіміздей келеміз. Дәрігерлер мен медбикелер туғандарымыздай қарсы алады, тегін дәрі-дәрмек береді, ауыра қалсақ, үйімізге келіп емдейді.Терапевттер Роза Құлбаевға, Татьяна Ляминаға, Жанна Дандығараеваға, кардиолог Айгүл Сәрсенбаеваға, медбикелер Дина Құрғанбековаға, Айсұлу Хайруллинаға, Мереке Сабыровқа алғысымыз шексіз, – дейді ардагер Әлихан Дандаев.– Менің жасым тоқсаннан асты. Ұлы Отан соғысының ардагерімін. Мен өзіміздің «Ардагер» емханасының дәрігерлерінің, медбикелерінің біліктілігі мен ілтипатты қызметіне дән ризамын. Олар – шын мәнінде адам жанының арашашылары. Қашан барсаң да қабағын шытпай қарсы алып, жаныңа мейірім шуағын құйып жүргендері ылғи да. Біз қарттар сондай ілтипатты көргенде ауруымыздан құлан-таза сауығып кеткендей боламыз. Емдеуі де, адамға деген ықыласы да алабөтен емхана ұжымына алғыстан басқа айтарымыз жоқ, – дейді Ұлы Отан соғысының ардагері Василий Кокорев.Әрине, мұндай алғысқа толы ыстық ықыласты көптеп келтіруге болады. Осы емханаға келушілердің әрқайсысы осындай пікірде десек қателесе қоймаспыз.Сатыбалды СӘУІРБАЙ,«Егемен Қазақстан».Ақтөбе облысы.