Қазақстандық режиссер Берік Жахановтың «Бабалар мұрасы» атты деректі фильмі Лондон халықаралық кинофестивалінің конкурстық бағдарламасына қатысады. Фестиваль ақпан айының 16 мен 23-і аралығында өтеді. Картина «Үздік қысқаметражды деректі фильм» және «Үздік қысқаметражды деректі фильмдегі монтаж» деген екі аталым бойынша бақ сынамақ.
«Бабалар мұрасы» ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында «Қазақстандағы түркі халықтары» топтамасы негізінде түсірілген. Бұл деректі цикл Қазақстанда тұратын түркі этностарына арналған. «Бабалар мұрасы» фильмінен басқа бұл топтамада режиссер Камила Әбділдинованың «Дәм түсі», Надира Садуованың «Жіп», сондай-ақ, Динара Манабаеваның «Чуваштар. Қазақстан – менің екінші отаным» туындылары бар. Әр фильмнің авторы бас кейіпкер арқылы белгілі ұлттың дәстүрі, тұрмысы және мәдениеті жайлы айтуға тырысқан. «Бабалар мұрасы» фильмі өзбек диаспорасы туралы сөз етеді және оңтүстік Қазақстанда тұратын аталарының ісін жалғастырып, бесік әзірлеумен айналысатын 47 жастағы Абдиманноп Зупаровтың өмірі жайлы баяндайды.
– Фильміміз осындай айтулы фестивальге қатысып отырғанына қуаныштымын. Байқаудан үмітті екенімді жасырмаймын, біздің фильмімізге жүлде бұйырады деп сенемін. Өйткені картина жақсы шықты. Фильмде өмірдің өзі көрініс береді,–дейді режиссер Берік Жахановтың өзі.
Айта кету керек, Берік Жахановтың «Асан» фильмі де былтырғы жылы бірқатар халықаралық байқаулардан жүлдегер болып оралған болатын.
Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ