Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында ұлттық өнерді ұлықтаудың жаңа мақсаттары мен міндеттері айқындалды. Мұнда «Дала фольклорының көне сарындары», «Дала фольклорының антологиясы» сияқты стратегиялық маңызды жұмыстардың заман талабына сай зерттелуін, жаңа қоғамдағы дәріптелуі мен насихатын жаңа белеске көтеру міндеттері тарқатыла жазылған. Елбасы үндеуін орындау барысында отандық ғылымның алдында қандай қарекет-мұрат болмақ, ұлт өнерін жаңа деңгейге көтеруде, заманауи цифрлы жұмыстарды іске асыру жолында әуелі не істемек керек дегендей сұрақтар туындайды.
Қазіргі кезде отандық ғылымға Елбасы аманат еткен осынау толағай тапсырманы қоғамдап, заманға сай сауатты бағдарлама жасау әрекеттерін ұсыну қажеттілігі туып отыр. Қазақ халқының ауызша дамыған фольклорлық мұрасының болмысы әуелден біртұтас, дегенмен осы уақытқа дейін ол қалыптасқан ғылыми тұғырларға сүйене отырып, жанрына қарай – әдеби фольклор, музыкалық фольклор деп екі айырыла зерттелгені белгілі. Бұлайша бөле зерттеу белгілі деңгейде өз жемісін бергенін айта кету парыз. Тәуелсіздігіміздің жаңа тарихында отандық фольклортану ғылымы тамаша табыстарға қол жеткізгенін де ауыз толтырып айта аламыз. Мұнаралы (монументал) еңбектердің ішінде, әдеби салада – «Бабалар сөзі» көптомдығын, тарих саласында – «Түркі халқының тұғырлы тұлғалары» сериясын, музыкалық салада «Мәңгілік сарын», «Қазақтың 1000 күйі», «Қазақтың 1000 әні» сияқты сүбелі еңбектерді айтсақ та жеткілікті. Ендігі жерде осынау қарқынды еселей отырып, фольклордың сөз өнері мен саз өнерін тарихи зердемен біріктіре зерттеудің де кезегі келген секілді.
Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының өзектілігі – дала фольклорының әуелгі сафи болмысын сақтау, оның ішінде әдеби және музыкалық фольклорды кешенді түрде зерттеу болып табылады. Яғни, біз осыған дейін фольклорлық мұрамызды «сөз өнері», «саз өнері» деп жанрға бөле қарастырсақ, ендігі жерде оның синкреттік табиғатын бұзбайтын һәм тарихи тұғырын таныта алатындай тұтас кешенділік қажет. Мәселен, күй жинағына қатысты аудио, видео немесе ноталық жазба түріндегі жинақтар құрастырар болсақ, күй мен оның аңыз-әңгімелері бірге өрілуі, музыкалық туындыға қатысты тарихи-шежірелік деректері бірге жинақталуы керек-ақ. Әлбетте, бұл әдістеме халықтың әнге де, дәстүрлі жыр мен терме, айтыс пен дастанға да, тұрмыс-салт жырларына да қатысты болмақ. Себебі әдеби фольклордың музыкалық бейнесі (немесе керісінше, музыкалық фольклордың әдеби әдібі) ғылымда дербес бағыт болып есептелгенімен (филология, өнертану) синкреттік көзқараспен бағамдағанда бір-біріне бөтен жанр бола алмайды. Осы жерде фольклордың күрделі синкреттік қасиеті жөнінде бір ауыз айта кетпесек болмас. Фольклорлық туынды дәстүрлі өнердің әртүрлі саласын біріктіреді, мұнда сөз, музыка, театр өзара қабыса дамып, табиғи келісім тапқан.
Фольклорлық мұрамыздың тұтастығы арқылы жаһандағы жеті жұртқа ұлттық келбетімізбен, түркілік тамыр нышанымызбен танылу, руханиятымыз бен мәдениетіміздің деңгейін әлемдік биік деңгейге көтеру мақсаты тұр. Жер шарында өзіндік фольклоры арқылы мемлекеттік дидарын (брендін) қалыптастырған, сол арқылы тарихта да, саясатта да ұлы жеңістерге жеткен ұлттар мен ұлыстар жеткілікті.
Ұлы дала фольклорының мыңжылдық тарихын зерттеу – өте күрделі ғылыми сарапты талап ететін кірпияз жұмыс. Фольклордың тарихын зерделеудің жалпы ғылымға ортақ әдістемесі бар десек те, біздің дәуірімізге дейінгі, біздің дәуірімізден кейінгі ғасырлардағы фольклорымыздың хроникалық сипатын екшеу оңай іс емес. Себебі кәсіби ғылым салалары (тарих, жағырапия, архитектура, этнография, этнология, социология, культурология, әдебиет, музыка, хореография, театр, сурет, қолөнер, т.б) бірізді болса һәм кешенді түрде жұмылса ғана іс оң нәтиже бермек. Мысалы, қазақтың күй өнеріндегі ең көне туынды («Сарыөзен», Сарыатан», «Сынған Бұғы», «Ақсақ марал», «Аққу», «Қасқыр», т.б.) қай ғасырда туғанын анықтау үшін тек қана өнертану ғылымына жүгіну толыққанды нәтиже бере алмайды, шығарманың кезеңін танып-болжау үшін іргелі тарих ғылымына сүйенуге тура келеді. Бұл әдеби фольклорға да қатысты мәселе.
Елбасының мақаласында айтылған міндеттерді қолға алу барысында әдеби-музыкалық мұраның табиғи дамуына қатысты тереңдетілген, жанры мен стилі айқындалған антологиялық зерттеу істері, олардың этнометодологиясы айқындалуы қажет. Ықылым заман, ежелгі дәуір, орта ғасырлық кезең, отаршылық ғасырлары, кеңес дәуірі сияқты белестердің куәгері болған ұлы даланың абыз фольклоры келер ұрпаққа қастерлі мұра болып жалғасуға тиіс. Еңселі ел, егеменді отанымыздың рухани мұраны сақтау және дамыту барысындағы басты мұраты да сол.
Ұлы дала фольклорын зерттеу саласына отандық және шетелдік мамандарды тарту жайлы айтқан Елбасы ұсынысы ұлттық руханияттың көкжиегін кеңейтуге жасалған ізгі қадамдардың басы болуы тиіс. Бұл жерде қазақ фольклорының көркем мазмұнын, мифтік негіздерін сақтай отырып, жаңа форматпен күллі адамзат игілігіне айналдыру мұраты тұр. Әрине бұл жерде шетелдік мамандармен бірге жұмыс атқару тәжірибесі біздің ғылыми ортаның беделін көтеретін болады. Еуразия және алты құрлық әлемде өзге жұртқа жұғысты болған көшпенділердің мұрасы мол. Ат тұяғы жеткен жерде бабаларымыздан қалған аңыз-дастан, әпсана-ертегі сюжеттері осы күні зүміреттің сынығы секілді шашылғаны, әлемнің әр тарапына тарағаны, кейіннен сол топыраққа сіңіп те кеткені аян. Қазақ эпостарының өзге елдерге тарап варианттылық жағдаятымен сіңіп кеткенін кезінде В.М.Жирмунский жазғаны баршаға белгілі. Солардың бәрі жинақталуға, жүйеленуге тиісті. Ғылымға шетелдік мамандарды тарту арқылы жарқын болашақта Зарина мен Шырақ аңызын, Қорқыт баба сөздерін, жыл жырласа таусылмайтын қаһармандық дастандарымыздың иесі ұлы дала екенін әлем жұртшылығына паш ететін ғылыми тұғыр жасай аламыз.
Елбасының «Музыкалық дыбыстар мен әуендер табиғи аспаптармен ғана емес, олардың заманауи электронды нұсқалары арқылы да шығарылады» деген сөзі де ұлттық фольклорды қайта түлетудің бір жолы екені даусыз. Бұл жерде төлтума қазақ музыкасын жаппай эстрадалық өңдеу қажет деген пікірден мейлінше сақ болуымыз керек. Өйткені Елбасы сөзі табиғи акустикалық аспаптарда фольклордың орындалуына мысқал шектеу қоймайды, керісінше оның баламасы ретінде электронды аспаптар шығару және сол арқылы дәстүрлі өнердің бұқаралық насихатын жаңа форматта қоса атқару жұмыстарын жандандыруды мегзейді. Фольклордың эстрадалық сипатын жасау – аса күрделі процесс. Қазіргі отандық эстрадалық білім ұлттық фольклорды сауатты өңдеуге әлеуеті толық жетеді, алайда қоғамда жеңіл музыкаға бейімделген әуесқой көзқарас басым екені рас, сондықтан әуесқойлыққа емес, кәсібилікке басымдық берілгені жөн. Бұл салада кәсіби эстрадалық оркестрлер мен аспаптық ансамбльдер ұжымын жасақтау міндеті алдымыздан шыға келеді. Ұлттық эстрадалық мәдениетті қалыптастыру үшін қазақ радиосы мен ұлттық арна аясында эстрадалық-симфониялық оркестр қайта жасақталса (аталған ұжым бұрын радиода штатта болған, жетекшісі – композитор Кеңес Дүйсекеев еді, оркестр бұлағай заманда тарап кеткен) қыруар игі жұмыстар атқарылар еді. Осының аясында фольклордың классикалық-камералық өңделуін де қамту мүмкіндігі бар.
Елбасының «Ұлы даланың фольклоры мен әуендері заманауи цифрлы форматта «жаңа тыныс» алуға тиіс» деген сөзі жалпы ұлттық мұрамызды жаңғыртудың алғышарты болып табылады. Яғни, осыған дейінгі жинақталған және жиналмақ музыкалық-әдеби фольклорымыздың шетелдіктерге де қолжетімді бола алатындай мүмкіндіктерін табуымыз қажет. Бұл орайда әлемдік интернет аудиторияны қамти алатын digital сайттар мен электронды журналдар жасақтау бағыттары жандана түспек.
Қазақ фольклорын жинақтау, фольклор экспедицияларын ұйымдастыру ісі де Елбасының мақаласында ерекше ескерілген. Бұл орайда Мәдениет және спорт министрлігі мұрағаттарды жинақтау жұмыстарын жақсы жолға қойғанын атап айтуға болады. Десек те, осынау бастамаға қоғам болып қолдау білдіруіміз қажет. Еуропа мұрағаттарында, сақталған жәдігерлерімізді былай қойғанда, Мәскеудегі, Ташкенттегі архивтер мен дыбыс жазу қорларында кеңестік дәуірдегі музыкалық байлығымыз мол. Осы салада мемлекеттік деңгейде келісім жұмыстарын жандандыру арқылы отандық зерттеу институттарына арнайы ғылыми жобалар тапсыруға болады. Сонымен қатар Түркия, Қытай, Моңғолия мемлекеттеріндегі баба тарихымызға тиесілі мүліктерімізді де түгендеу, оларды ел игілігіне айналдыру міндеттері ғылыми мұратымыз болмақ.
Жанғали ЖҮЗБАЙ,
күйші, өнертанушы