• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 08 Ақпан, 2019

«Қазақ тілі емле ережелерінің жобасы» 106 параграфтан тұрады

1285 рет
көрсетілді

Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы 2018 жылғы атқарылған жұмыс нәтижесін қорытындылап, әліпби реформасының алдағы міндеттерін тарқатты.

Сараптаулар барысында ұсынылған «Қазақ тілі емле ережелерінің жобасы» Ұлттық комиссия отырысында 6 желтоқсан күні мақұлданды. Емле ережесі туралы шағын түсінік берген Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ғылыми хатшысы, профессор Құралай Күдеринова қай кезде де жазу дәстүрін сақтаудың маңызды екенін айтады.

– Сөз болып отырған «Қазақ тілі емле ережелерінің жобасы» маңызды нормативтік құжат. Аталған емле ережесі 106 параграфтан тұрады. Қазір біздің тілімізде 93 мың сөз болса, осыны түгел қамтитын емле ережесі бар деп кесіп айтуға ерте. Әйткенмен, кірме сөздерді, төл сөздерді бекітілген 32 әріппен қалай таңбалаймыз дегенге толықтай жауап берді. Әлемдік жазу тәжірибесінде жазу дәстүрін сақтау маңызды. Ортақ келісілген шартты таңбаларды үнемі ауыстыра беруге тағы болмайды. Сондықтан автоматты түрде танылуға тиісті үнемі таныс формаларды көріп отыруымыз керек. Осы күнгі ережемізде бұрынғы жазу дәстүрі мейілінше сақталды, –дейді Құралай Күдеринова. Ғалымның пікірінше, түркітілді елдермен бауырластық қатынастарды жаңғырту мақсатында жаңа әліпби шетелдік отандастарымыздың ана тілінде шыққан баспа өнімдерін қиындықсыз оқи алатындай болуы керек. Латын әліпбиіне көшкен мемлекеттердің тәжірибесін сараптау үшін Орфографиялық және Әдістемелік топ мүшелері Анкара, Стамбұл, Баку қалаларына барып, жылдар бойғы жинақталған пікірлерге де сүйенген.

Шаралар жоспарына сәйкес, қазақ тілі әліпбиін латын графикасына 2025 жылға дейін кезең-кезеңмен көшіру жоспарланған. Бірінші кезең 2018-2020 жылдарды, екінші кезең – 2021-2023 жылдарды, үшіншісі – 2024-2025 жылдарды қамтиды.

Ая ӨМІРТАЙ,

«Егемен Қазақстан»