«Шығыс» өңірлік қолбасшылығы Семей гарнизонының 44736 әскери бөліміне шақырылған сарбаздар, әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелері Семей қаласындағы Абай атындағы қазақ музыкалық драма театрында болды.
«Олар Ербол Жуасбек режиссерлігімен қойылған жазушы-драматург С.Балғабаевтың шынайы «Әйелдер әлемі немесе ең жақсы еркек» пьесасын тамашалап, заманауи оқиғалар, ер мен әйел арасындағы қарым-қатынастар, адамгершілік пен сыйластық құндылықтары жайындағы қойылымнан ерекше әсер алды. Әскери қызметшілер жеңіл де, ойнақы отбасылық комедияны көріп, демалыс күнін жақсы өткізді», - дейді «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметінің маманы Меруерт Құрманғажина.
Бөлім сарбаздары бұған дейін 1856 жылғы тарих және сәулет ескерткіші – Семей тарихи-өлкетану мұражайын аралаған еді. XIX ғасырдың 50-ші жылдарында генерал-губернатор А.Проценконың бұйрығымен салынған ғимаратта революцияға дейін әскери губернатор тұрғанын, Совет үкіметі орналасқасын Бостандық үйі деп аталғанын, ал 1977 жылдан бастап жергілікті тарихи-өлкетану мұражайы болып өзгертілгенін білді.
Азамат ҚАСЫМ,
«Egemen Qazaqstan»
СЕМЕЙ