• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
11 Ақпан, 2019

Арман сөнсе де, үміт үзілмейді

911 рет
көрсетілді

Драма театрлардың Чехов драматургиясына қызығушылығын кемітпей келе жатқан жасампаз пьесаларының қатарында «Дядя Ваня» ерекше аталады. Театрдың қарымын, режиссердің мықтылығын яки осалдығын осы «ағай» анықтайтындай, барлық кезеңнің сахна шеберлері Войницкий тағдырын тарқатуға шетінен үйір келеді.

М.Әуезов атындағы академиялық драма театры да бұл пьесаға осымен екінші мәрте қайта оралып, күні кеше Әбіш Кекілбаевтың аудармасында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, режиссер Асхат Маемиров «Сүйікті менің ағатайым» деген атау­мен көрерменге ұсынды. Жарыққа шыққанша жұртты елеңдеткен пьесаға сыни көзбен қарағандардың қатары көп болды. Чехов па – классиканың мәңгі өміршең екенін, ұлт, халық таңдамайтынын, орыс оқиғасының қазақ өмірімен өзектес екеніне көз жеткізсін, жаңашыл бағыттың жақтаушысы Маемиров екенсің – мыңыншы яки мың бірінші рет қойылып тұрған пьесаның даралығын дәлелде, Азамат Сатыбалды мен Еркебұлан Дайыров, әдеттегідей басты рөлдің иесісің бе – иі қанған образ жаса да, Иванның рөлімен шабысы бөлек шын тұлпар екеніңді таныт. 

Мықты актерлік ансамбль құрған «Сүйікті менің ағатайыма» алабөтен көңіл аударудың басқа да себептері жеткілікті. Біріншіден, бір спектакльде бірнеше «жұлдыз» жамырап бір-ақ көрінді. Қазақстанның еңбек сіңірген әртістері Төлеубек Аралбай мен Ғазиза Әбдінәбиева, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Азамат Сатыбалды, Еркебұлан Дайыров, Берік Айтжанов, «Серпер» жастар сыйлығының лауреаттары Зарина Кәрменова, Салтанат Бақаева, Гүлшат Тұтова, Асан Қырқабақов секілді талантты әртістерді бір спектакльде ойнату арқылы кезінде қойылымды үш-төрт дүлдүлдің төңірегінде топтастыра даярлайтын тәсілмен Әуезов театрының даңқын шығарған Әзірбайжан Мәмбетовтің отыз-қырық жыл бұрынғы тәжірибесі қайта жаңғыртылды. Екіншіден, бұл – халықаралық спектакль. Қоюшы-суретшісі Т.Охикян Грузиядан, режиссердің ассистенті М.Жұмабаев Түрік­менстаннан, жарық суретшісі А.Ме­зентцев Украинадан шақырылған. Үшін­шіден, «Ваня ағайды» ойнап, театр тарихында ірі образ жасау арқылы ел есін­де қалған Әнуар Боранбаевтың был­тырғы мерейтойының құрметіне қайта сахналанған демеушілік спектакль бұл. 

Шымылдық ашылғанда, алдымен не сөйлейді? Әлбетте, декорация. Ормандағы тал-теректер топырағынан жұлынып, томарға айнала бастаған тамырының аспанға қарап шаншылып тұрғаны рухани кеселден мешел тартып, тамырынан ажырап бара жатқан адамдардың оқиғасымен шендестіріле баяндалатынын кейіпкерсіз-ақ келістіре айтып тұр. Сценограф классикалық пьесаның міндетті түрде классикалық дәстүрлі тәсілмен сахналануы шарт емес екенін, заманауи жаңа пішінмен интерпретациялауда шығарма мазмұны бұдан артпаса, кемімейтінін осылай көрсетіп өтеді.  Спектакльде үй де, дала да, мезгіл де жоқ. Ендеше пьесадағы уақыт та белгісіз деген сөз. Тек алып кеңістік бар. Бұл өзі Чехов заманы ма, әлде сарт-сұрт сырғыған сағатқа  тәуелді бүгінгі күн бе, белгісіз. Бірақ оқиға белгілі, адамдары таныс. Оқиға үйде емес, бөлмеде емес, бетіне қазанның қақпағы секілді төрт есік қойылған, ортасы шұңқыр төртбұрыштың ішінде өтеді. Аласұрып жүрген алты бейбақтың бар өмірі осы төртбұрышпен түйінделеді. Шектеулі төртбұрыштан аттап шыға алмайды. Төрт есік – төрт кейіпкердің өмірі. Ел қатарлы өз өмірін сүргісі келеді, бірақ кездесе беретін кедергілерден жігерлері жасып қалған. Өмір бойы алаңсыз өз үйінде тіршілік кешіп жатқан Иван еді, кенет бір-ақ күнде ол бөтен біреудің үйі болып шығып, далада қалғалы тұр. Бойды алып бара жатқан күйік өмірлік ұстанымдарын да күйретіп, өмір бір-ақ күнде бар мәнінен айырылды. Войницкий арманын айтып, бақытқа ұмтылып, неше мәрте үйдің қабырғасына өрмелеп, шатырына секіріп, өзінікі екенін сезінгісі келеді, бірақ бәрі бекер. Жарты жолдан аяғы тайып құлап кетеді, жандәрмен биікке ұмтылғысы келгенімен, сырғанап төмен түседі. Бақыт бұған жеткізбейді. Бұл үй – сөнген арманның, үзілген үміттің, көмілген мақсаттың үйіндісі ғана. Адамға тән биік арманның бәрі шұңқырға түсіп, күл болған. Ваняның өзі үйленбеген. Жасы болса 47-де. Бірақ сахнадан әлсін-әлсін украин халқының бесік жыры естіледі. Әлдилейтіндей нәресте көрінбейді, үні естілмейді, сонда бесік жыры кімге, не үшін айтылады? Баласыз шаңырақта шаттық жоқ, қуаныш жоқ. Жоқ қуанышты режиссер ән арқылы аңсатады. Мұңнан арылмайтын жалғыз Вой­ницкий емес, жиен қарындасы Соня­ның да, Елена Сергеевнаның басында да осы хал. Бәрінің өмірі алдамшы. Өтірік. 

Спектакль әр актердің жеке-жеке монологтарына құрылған. Актерлер Чехов пьесасының парағынан сахнаға осы қазір секіріп түсіп, жүрегінің түбінде жасырып ұстайтын өзіне ғана аян құпиясын ақтарыла айтып жатады. Әр кейіпкердің жан сыры шындығымен қорқынышты, адамдарға өшіге, жауыға қараудан жүрегі қарайып кеткен бейбақтарға айналған түрі тым аянышты. Ал Войницкий ше? Серебряков сияқты атақты емес, Астров сияқты елге пайдалы адам емес, жалпы ол – ешкім емес. Жүрген қуыс кеуде біреу. Қожайынның айтқанын орындап, құл болып, ағыспен жүзе беретін, бірақ қайда ағып бара жатқанын өзі де білмейтін қоғамдағы сенделген көп міскіннің бірі. Серебряковтың жеңілтек әйеліне ғашық болып көріп еді, оны да қарата алмады. Қолынан ешнәрсе келмейтін адамның кекшіл болу әдеті, қызғанып атып тастамақ болып еді, ол да қолынан келмеді. Азамат Сатыбалды ұсақ-түйекке алданып, күлді-көмеш, мәнсіз өмір сүріп жүрген Войницкийдің ішіне түсіп, неге осындай халге түскенін қаншалықты көрсете алды? Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Азамат Сатыбалды сомдаған Иван өзгеше сипат тапқан. Оның ішкі жан дүниесіндегі бұлқан-талқан күй бірте-бірте болмысынан бедер алып, соңындағы отты монолог­тарда көрерменге жол табады.  Оның Ваня­сы өмірден мағына таппай қиналған, жа­быққан адам емес, керісінше қызуқанды, қажыр-қайраты мықты, «сынбаймын» деп тірескен, күрескер кейіпкер болып көрінгені сол себепті шығар...

Әдетте, айналысатын сүйікті ісі жоқ, құр сенделген адамдар тұңғиыққа тез батады. Войницкий мен Серебряковтың бірінші әйелінен туған жиен қарындасы Сонечка екеуінің тағдыры өте ұқсас. Сырты бүтін, іші мағынадан жұрдай қызықсыз өмірден екеуі де шаршаған. Салтанат Бақаева кейіптеген Софья бейкүнә, мейірімді. Үнемі ақ матаны дас­тарқан етіп, біресе жайып, біресе жинап жүреді. Ақ мата – оның ішкі әлемі, әппақ арманы, жалпы тазалықтың символикасы. Соняның ақ матамен өзін орағаны – өз шындығымен өзін көмкергені.

Актерлердің ойыны бір-біріне ұқсамайды. Бірін-бірі қайталамайды. Дәрігер Астровтың (Берік Айтжанов), Серебряковтың қызы Соняның (Салтанат Бақаева), Елена Сергеевнаның (Зарина Кәрменова), бәрінің өз мұңы бар, өз өміріне көңілі толмас сыры бар. Мейірімді дәрігер Астров-Берік Айтжанов қалың орманды, табиғатты  қорғау арқылы адамның жан дүниесін де таза сақтап қалуға болады деп есептейді.  Алайда адамға жағымды әсер қалдыра алатын, адал көрінген Астров та сүттен ақ, судан таза емес. Күйеуі бар әйелді ашық түрде айналдырып, өртене сүйген дәрігердің сезімі мен Еленаның құмарлығын сахналаудағы режиссер тапқырлығы – тың әдіс. Ынтызарлықты білдіру үшін құшақтау, сүю, аймалау міндетті емес, қарапайым есіктің екі шетін басып тұрып та сезім теңізіне сүңгуге болады. Әсіресе айналасындағы ер адамдарды өзіне табындырып, ғашық қылып қойған Елена Сергеевна-Зарина Кәрменова сондай ерке, жалынды әрі әккі. Кәрі профессормен махаббаты ешқандай есепке құрылмаған нағыз сүйіспеншілік деп сендірсе де, өзін өте бақытсыз сезінеді. Серебряковтың жас әйеліне Войницкий де өлердей ғашық, Елена да оның кеудесінен итермейді. Бірақ Елена Сергеевна Астровтың сезіміне көбірек бағынғандай. Екеуінің ғашықтық әңгімесіне кездейсоқ куә болып қалған Войницкий өз сезімі үшін ұяттан өртеніп, өзін жек көреді. Кімді сүйетіні белгісіз Елена Сергеевнаның мінезіндегі қырық қатпарлы күрделі өзгерістерді ашып көрсете алған актриса Зарина сахнада шын өмір сүрді. Заринаның Еленасы қылықты бола тұра іші суық, мерез әйел. Өз сұлулығы мен бағасын білетін барлық әйелге тән өктемдік, өр мінезі ерлердің алдындағы батылдығын арттыра түсетіндей, осы мінездің шынайылығы махаббат сахналарының бәрінде актрисаны алдыңғы планға шығарып отырады. Осы образынан кейін театр өнерінің үлкен білгірлері Зарина туралы міндетті түрде өз сөзін айтуы тиіс деген ойға қалдырды. 

Режиссер актерлерге мораль айтқызбайды, тіпті сахнада өрістеп, шиеленісетін оқиға да, қозғалыс динамикасы да жоқ, шиеленіс – кейіпкерлердің өз ішінде. Мінезі, ойы кереғар кейіпкерлердің қалыңдап кеткен ішкі қайшылығынан оқиға өз-өзінен өрістеп отырады. Спектакль аяқталғанда да көрерменнің бойында бірнеше ұдай сезім қалады. Бұл спектакльден әр адам өзіне керек шындығын табады. Өзіне керегін алады.  Бір ойың «адамдар тасжүрек, қайырымсыз қатал, ол барлық жақсылықты ойланбастан жерлей салады» десе, бір ойың «қанша қиындық көрсең де, бір сәтке күресті тоқтатпауың керек» дейді. Бірақ бір нәрсе айқын – адам ешқашан жарық күннен, жақсылықтан үмітін үзбек емес. Өмірдің көшін үміт қана жалғайды.

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»

АЛМАТЫ