Қазақ тілі әліпбиінің кириллицадан латын графикасына көшірілуі бойынша қандай мақсатты шаралар атқарылды? Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы 2018 жылғы атқарылған жұмыс нәтижесін қорытындылап, әліпби реформасының алдағы міндеттерін тарқатты.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қазақ тілін жаңа әліпбиге көшіруге байланысты Жарлығы шыққаннан бері бірқатар мақсатты шаралар атқарылғаны белгілі. Ең алдымен, Премьер-Министрдің өкімімен «Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен көшіру жөніндегі ісшаралар жоспары» бекітіліп, құрылған Ұлттық комиссия ұйымдастырушылық жəне заңнамалық сипаттағы бірқатар бастамаларға мұрындық болды. Осы тарапта атқарылған жұмыстар ретін Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының атқарушы директоры Ербол Тілешов баяндады.
– Атап айтқанда, Ұлттық комиссия жанынан құрылған жұмыс топтарының жұмыстары үйлестірілді. Мәдениет және спорт министрлігі жанындағы Орфографиялық жұмыс тобы жаңа әліпбидің емле ережелерін дайындап, ғылыми және практикалық сараптаулардан өткізді. 11 маусымда Астана қаласында «Қазақ жазуының тарихы және латын әліпбиіне көшудің ғылыми-тәжірибелік негіздері» атты ғылыми-теориялық конференция өткізілді. Бұл конференцияға еліміздің тіл білімі саласындағы барлық жетекші ғалымдар шақырылды. Осы конференцияда латын графикасындағы қазақ әліпбиі негізіндегі «Қазақ тілі емле ережелерінің тұжырымдамасы» бекітілді, – деген ол емле ережелері еліміздегі барлық тілтанушы ғалымдарға таныстырылғанын жеткізді. Одан бөлек, орфографиялық және әдістемелік жұмыс топтарына енбейтін тәуелсіз сарапшыларға да сараптауға ұсынылып, жаңа әліпби емлесінің сынама жұмыстары тамыз айында Астана, Алматы қалаларында және Ақмола, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе, Қызылорда облыстарында өткізілген. Жалпы сынамаға барлық министрлік өкілдері, республикалық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, мемлекеттік қызметкерлер, мұғалімдер сияқты әртүрлі әлеуметтік топтар қамтылған болатын.
– Жаңа әліпбидің емлесін бұлайша сынақтан өткізіп отырған себебіміз, әліпбиді ауыстыру – тек лингвистикалық құбылыс емес, сонымен қатар, әлеуметтік құбылыс деп қарауымыз қажет. Сондықтан бұл орайда әлеуметтің көзқарасы айқындалып, жан-жақты сараптаулардан кейін шешімдер қабылданатын болады. Қазан-қараша айларында еліміздің барлық өңірінде жаппай емле ережелердің жобасын талқылау жұмыстары жүргізілді. Ол 20 мыңнан астам адамды қамтыды. Емле ережелер жобасы БАҚ арқылы жалпы көпшілікке таныстырылып, оның негізгі бағыттары жөнінде ғылыми мақалалар жазылды. Бұл жалпы халықтың емле ережелермен танысуына, оны түсінуіне үлкен мүмкіндіктер тудырды. Мамандар, ғалымдар тарапынан берілген кейбір ескертулер назарға алынды. Сонымен қатар аталған айларда еліміздегі жалпы әліпби реформасын насихаттау жұмыстары да барлық өңірде кеңінен жүргізілгенін атап өтуге тиіспіз, – деді ол.
Осындай сараптаулар барысында ұсынылған «Қазақ тілі емле ережелерінің жобасы» Ұлттық комиссия отырысында 6 желтоқсан күні мақұлданды. Емле ережесі туралы шағын түсінік берген Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ғылыми хатшысы, профессор Құралай Күдеринова қай кезде де жазу дәстүрін сақтаудың маңызды екенін айтады.
– Сөз болып отырған «Қазақ тілі емле ережелерінің жобасы» маңызды нормативтік құжат. Бұл емле ережесі 106 параграфтан тұрады. Қазір біздің тілімізде 93 мың сөз болса, осыны түгел қамтитын емле ережесі бар деп кесіп айтуға ерте. Әйткенмен, кірме сөздерді, төл сөздерді бекітілген 32 әріппен қалай таңбалаймыз дегенге толықтай жауап берді. Әлемдік жазу тәжірибесінде жазу дәстүрін сақтау маңызды. Ортақ келісілген шартты таңбаларды үнемі ауыстыра беруге тағы болмайды. Сондықтан автоматты түрде танылуға тиісті үнемі таныс формаларды көріп отыруымыз керек. Осы күнгі ережемізде бұрынғы жазу дәстүрі мейілінше сақталды, – дейді Құралай Күдеринова.
Ғалымның пікірінше, түркітілді елдермен бауырластық қатынастарды жаңғырту мақсатында жаңа әліпби шетелдік отандастарымыздың ана тілінде шыққан баспа өнімдерін қиындықсыз оқи алатындай болуы керек. Латын әліпбиіне көшкен мемлекеттердің тәжірибесін сараптау үшін Орфографиялық және әдістемелік топ мүшелері Анкара, Ыстанбұл, Баку қалаларына барып, жылдар бойғы жинақталған пікірлерге де сүйенген.
Өзекті мәселелердің бірі – терминология мәселесі екені белгілі. Бұл бағытта министрліктің тапсырмасымен дайындалған электронды терминологиялық алаң бекітуге ұсынылатын терминдерді халықтың талқылауына ұсынуды мақсат етіп отыр. Бұл алаңның ерекшелігі – қазақ терминдерін көпшілікке таныстыру, термин бекітуде ашықтық қағидатын қалыптастыру. Алаң барлық әлеуметтік желілерде қолжетімді, яғни әрбір азамат оған өз ұсынысын, пікірін бере алады. Қазіргі кезде Орталықта елімізге белгілі тілтанушы ғалымдар жұмыс атқаруда. Ұлттық комиссия мақұлдаған емле ережелері негізінде әдіскерлер мен оқытушылардың біліктілігін арттыру орталықтың ендігі басты мақсаты. Шаралар жоспарына сәйкес, қазақ тілі әліпбиін латын графикасына 2025 жылға дейін кезең-кезеңмен көшіру жоспарланған. Бірінші кезең − 2018-2020 жылдарды, екінші кезең – 2021-2023 жылдарды, үшіншісі 2024-2025 жылдарды қамтиды.
Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің тапсырмасымен «Тіл-Қазына» ұлттық орталығы «Qazlatyn.kz» порталын дайындап, аталған платформада жаңа әліпбиіміздің негізгі электронды базасы болады. Сонымен қатар жаңа әліпбидің таңбаларын таныстыратын 5 сериядан тұратын «IQdos» мультфильмі дайындалды. Бұл арада елімізде алғаш рет 3D форматындағы анимациялық фильмге жаңа қазақ әліпбиімен субтитр дайындалғанын да атап өту керек. Ал қазақ тілінің 300 мыңнан астам сөзін қамтыған «Сөздік қор» базасы және тіл үйренуге арналған «Тіл – құрал» машиналық оқыту бағдарламасы қазіргі сөздік жасау ісіндегі кейбір мүмкіндіктерді толықтырып отыр. Орталықтың бастамасымен «Әлихан Бөкейхан» энциклопедиясы, шетелдік қандастарымызға арналған танымдық еңбек, балаларға арналған кітаптар, оқу-әдістемелік еңбектер, сондай-ақ белгілі полиглот Д.Петровтың әдістемесімен қазақ және ағылшын тілін үйретуге арналған кітап жарық көрді.
Ая ӨМІРТАЙ,
«Egemen Qazaqstan»