• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Әдебиет 11 Ақпан, 2019

Әдеби бәйге, атақ және біз

1735 рет
көрсетілді

Соңғы екі жылда елімізде әдеби бәйгелер, мүшәйралар жиі ұйымдастырылып жүр. Бұл – әдеби қауым үшін желпініп, аламанға түсер жүйріктей бап іздейтін уақыт. Біреудің бағы жанар, біреу бабында болар. Қазіргі кезеңде ақын-жазушылар үшін кірістің бір көзі осы әдеби бәйгелер екені айтпаса да түсінікті. Әдеби бәйгелерге, жүлделер мен жүйріктерге көз тастап тұрып, көкейімізде мынандай үш сауал туындаған. Оның жауабын қаламгерлердің өз аузынан білуді жөн көрдік.

1. Қазір әдеби бәйгелер мен байқаулар көптеп ұйымдастырылып жатыр. Осының шын әдебиет жасауға септігі тие ме?

2. Біздің елде әдеби бәйге жарияланса неге кәрі-жасы түгел шабылып қатысады. Осының әлеуметтік, психологиялық себептері қандай?

3. Қазір жүлдегерлерге «түсіністікпен» қарайтын болдық. Бәйге – шартты. Бүгін сен, ертең мен аламын. Осыны түсіндік. Осы дұрыс қисын ба? Қалай ойлайсыз?

Жадыра Шамұратова, жазушы.

1. Әдеби бәйгелер мен байқаулар жас таланттар үшін мүмкіндік деп есептеймін. Бірақ, ол міндетті түрде әділ бағалануы тиіс. Келешекте шетелдегідей (мықты романистерге, оның ішінде ғұмырнамалық шығарма жазушыларға Джеймс Тейт атындағы, балалар әдебиетіне Астрид Линдгрен атындағы, Букер сыйлығы) тағайындалып, бірақ, аса жоғары талаппен, бірыңғай оқырманның талқысына сала отырып, әр бес жылда немесе үш жылда беріліп тұрса, бұл әдеби шығармалардың сапасына, көркемдік деңгейіне әсер етер еді.

2.  Бала сияқты мінезіміз де бар. Жұрттан қалмаймын деп тыраштану, қотыр тай болса да қосып, соның тілеуін тілеу... Меніңше, бұл да биік интеллектке қатысты таңдау, бара-бара талғампаздыққа да, әр ісімізге сын көзбен қарауға да келеміз. Негізінен байқаулар жастарға арналған деп есептеймін, олар өз мүмкіндігін өзі де байқап, өзгелердің де көзін жеткізіп, осы жолда шарболаттай қайралып, шыңдалуы үшін тер төгуі тиіс. Ал, кіл танымал, сақа шығармашылық иелері қатысатын бәйгенің планкасы анағұрлым жоғары болса оның да берері көп. Сонда олар бала-шағамен араласып жүрмей, өздерінің өмірлік, шығармашылық базасының нәтижесінде тек қазақ емес, өзге ұлыс та мойындайтын, тарихи, Нобельге лайықты шығармалар беруі мүмкін. Сондықтан, бәйге болғаны дұрыс, тек ол шүлен таратуды мақсат еткен емес, әділдікті ту еткен, анық жақсы шығарма беретін, түптің түбінде әдебиетке бір тамшы болса да үлес қосатын бәйге болуы шарт.

3. Рас, бәйгенің шартты екені анық, талай мықты жазушылар бәйгесіз де әдебиетке адал қызмет етті. Ал, енді жүлдені кезектесіп алу дегенді миыма сыйғыза алмаймын. Бәйге болғасын жабы да, мәстек те алға ентелейді, дегенмен ішінде өзегі, нәрі бар озық шығармалар міндетті түрде болады және олар көзге ілінбей, елеусіз қалса обал, қиянат болмақ.

Нұрлан Қабдай, жазушы.

1. Жүлде жазушы не ақынның дарынын шыңдайды дегенге өз басым сенбеймін. Жүлде – бар болғаны әлеуметтік көмек. Демек оның қаламгер аз уақыт болса да (жүлденің көлеміне орай) алаңсыз шығармашылықпен айналысуға септігі тиер. Алайда қарны тоқ, қолы бос әдебиетшінің бәрі жақсы шығарма жаза бермейді ғой... «Осы бәйгеге ана пәленше де қатысып жатқан шығар. Жүлдені сол алып кетер ме екен. Осы жолы қайтсем де бәйгеге ілігуім керек» деп жанталасып шығарма жазып жатқан қаламгерді елестетудің өзі қорқынышты. Немесе жылына бірер түйір бірдеңе жазып қойып, онысын еш жерге жарияламай кезекті бәйгенің жариялануын күтіп жүретін әдебиетшінің жағдайын ойлап көріңіз. Меніңше, алдымен қаламгердің қолына грант ұстатып, сосын жақсы шығарма талап ету тәжірибесі арғы-бергі тарихта біршама жақсы туындылардың жазылуына сеп болғанын қаперге алуымыз керек шығар.

2. Біздегі әлдебір әдеби бәйгеге жас-кәрісінің өлермендене лап қоятыны – өзін сыйлықтан, жүлдеден биік қоя алмайтын ұсақтықта жатыр-ау. Екіншіден, өзінің даусыз бәйгеден келетініне деген зор сенімнің «күші». Үшіншіден, әрине, жүлде алып, жыртығымды бір жамасам деген әлеуметтік үміт. Тиісінше шапаны қырық шоқпыт жазарман бәйге талғасын ба?..

3. Бәйге бөлісу қарсаңындағы «бүгін – сен, ертең – мен» қисыны баяғыдан бар нәрсе ғой. Бірақ кешікпей ол әдет те жойылар. Ол үшін біріншіден, бәйгенің онлайн түрде ашық өтуінен бірдеңе күту керек. Екіншіден, бәйге жарияланған кезде қазылардың құрамы да жариялансын. Сонда шын талант пен кемталанттың қалай-қалай жүлде алғаны өзінен-өзі белгілі болады...       

Болат Мүрсәлім, әдебиеттанушы:

1. Әдеби бәйгелер шын әдебиет тудырмайды. Шын әдебиет бәйгесіз, мүшәйрасыз туады. Бірақ, әдеби бәйгелердің көбейгені – дұрыс үрдіс. Бәйгелер әдеби ортаға қандай да бір қозғау салады.

2. Сатыбалды Нарымбетов ағамыз Стендальдің бір аңыз сөзін айтып еді. «Соншама ұлы романдарыңыз бар, Сізге осы атақ пен сыйлық не керек?» деп сұраған адамға Стендаль: «Бұл атақтың бәрі менің бейкүнә шығармаларымды қорғау үшін керек» депті. Осы уақытқа дейін Стендаль сияқты бейкүнә өнерімді қорғау үшін бәйгеге қатыстым деген адамды көрген жоқпын. Пәтерде тұрып, жалақысының басы құрала бермейтін жастар жағы азын-аулақ ақшасы үшін, жасы үлкендер атағы үшін таласатын сияқты.

3. «Закон қуаты қолымда болса», бір ақын бір жылда он бәйгені ұтса, онын да сол ақынға берер ем. Лайықты шығармасы болса, алғаны жөн. «Былтыр Бауыржан алды, биыл Бақытжан алсын», «сен «Дарынды» алдың, ол «Тобылғыны» алсын» деген түсінік болмауы керек. Бәйге де, сыйлық та тек қана шығармаға берілуі тиіс. «Әдебиетке еңбегі сіңген», «Өмірінде жөнді бір сыйлық алмапты» дейтін ағайынгершілік әдебиетке жүрмейді.

Ырысбек ДӘБЕЙ, ақын-жазушы:

1. Шын әдебиетті, мықты шығармаларды бәйгелер мен конкурстар тудырмайды. Ол жеке шығармашылық тұлғаның ішкі потенциалы мен іденісіне тәуелді дүниелер. Байқауларда топ жарған немесе мәреге жетпей қалған шығармалардың ішінде де, әрине саусақпен санарлық болса да жақсы еңбектер кездеседі. Бізде көп конкурстар науқандық, идеологиялық мақсаттарға байланысты өтіп жатады. Шер толқыса шығатын ой түбіндегі асыл сөзге кейде солай «тұсау» түседі. Ондай сананың бақылауымен туған шығармалар таза өнер ожданына кереғар. Ол шығармалар бұрынғы классик ақын-жазушыларымыздың Ленин туралы, партия туралы майын тамызып жазса да, бүгінгі күні түкке татымайтын артық өнімі іспеттес.

2.Шынын айтқанда біздегі ақын-жазушылардың жазып-сызған дүниелеріне (мемлекеттік тапсырыспен кітаптары шығып жататын қаламгерлерге) төленетін қаламақы тым мардымсыз. Конкурс, байқаулар болса, жасы бар, жасамысы бар ұлардай шулап сол төңіректе жүретіні сондықтан шығар деп ойлаймын. Жасамыс сақалына, жас жалынына сеніп, әлгі «базар» үлкен дүбірге айналады. Кейде өз қолы өз аузына еркін жететін кейбір кісілерді де сол маңайдан көргенде бұл құбылыстың әлеуметтік жағдайдан бөлек қыры да қылаң береді. Яғни, қаламгердің өзін-өзі ұмыта алмауы, «үнемі назарда жүру керек-ті» мақсат қылған психологиялық «сырқаты» десе болатын шығар. «Әлемді түгел мен көріп, ешкім мені білмесе...» деген Шәкәрім философиясын ғылыми тілде дерефлексия дейді. Ол биікке жету қиын ғой, шіркін. Мұқтаждық пен нәпсі жетектеген соң, әрине әлгі «базарда» қарамыз көбеймей, қайтсін?

3. Конкурсқа қатысқан адам орын алсам, жүлделі болсам деп қатысады. «Жүлдені кеше мен, бүгін сен алдың. Ертең анау алады» деген түсінік дұрыс емес. Бәйгеге қатысушының ондай ойы болса, ту баста ол додаға жоламауы керек. Өкінішке қарай бұл түсінікті конкурсқа қатысушы емес, соған төрелік ететін қазылар қалыптастыра бастаған секілді. Қазір құрамы аса көп өзгере бермейтін ол әділ қазылар алқасының бұл «демократиясы» дұрыс емес. Мықты ма, мықты шығарма жүлде алуы керек. Өткен-кеткенді санап, қылығымыз жалпыға «жанашырлық» болса, өнер қайда қалады? Сосын бізде  жылына бәленбай конкурс, бәйге өтіп, қағанағымыз қарқ, сағанағымыз сарқ боп жатады. Ал неге жаңағы көп әдеби шығармалар әлемдік фестивальдерден орын алып, ол өзге тілдерге аударылып, сұраныс тудырмайды? Бұл да бір ойланатын мәселе. Бұл жағынан қазақ киносы әлдеқайда озық секілді. 

Өміржан Әбдіхалық, жазушы:

1. Осы шын әдебиет деген қандай әдебиет? Біз әуелі осыған жауап іздесек керек еді. Оған жауап іздеп жатқан жоқпыз. Демек шын әдебиеттің ауылына әлі жеткен жоқпыз. Содан болса керек, бәйгелер мен конкурстар қаламгерге қолдау болып, әдебиеттің дамуына себі тиеді деп үміттенеміз. Егер бәйге біткен қаламгерді өсіріп, әдебиетті көркейтер болса, Сіз бен біз қазір тәуелсіз әдебиеттің гауһар ғасырының оқырманы атанып, қайнаған әдеби процесті бақылап отырар едік. Шығарманы ақша жазбайды, адам жазады. Ақша – мүмкіндік қана. Ал сол бәйгелер мен конкурстар беретін аяқасты аз мүмкіндікке қаламгер дайын ба? Яғни, оның шын әдеби шығарма дайындығы, қалам қуаты жете ме? Мұның жауабын әр жазарман өз жазуынан табар. Тапса...

2. Қатысу-қатыспау әркімнің өз ісі. Өзін жазуға арнаған адам үшін әдеби бәйгелер кірістің жалғыз көзі. Енді бір топ үшін ол тұрмысына сәл де болса сеп болуға себеп. Тұрмысы түзу, бақуатты қаламгерлерге бәйге арагідік бабында екенін өз-өзіне дәлелдеу үшін қызықты дүние шығар. Психологиялық жағынан алғанда, кәдімгі әдет қой. Топтан қалмау, жөңкілген жазарманның ішінде жүру, ауыздан түспеу. Бір сәт болсын жұрт назарына ілігу, бар екенін сезіну.

3. «Түсіністікпен» қарамасаңыз қара есекке теріс мінгізіп жіберетін әдеби мінез баяғыдан бар, біз айтпай-ақ, білесіз, ішіңіз сезеді. Сосын аламандағы әр жүйріктің иесі болатыны секілді әр әдеби бәйгенің иесі бар. Иесіз, ен-таңба салынбаған нәрсе болмай ма деп қорқам... Бәлкім ғайып-тайып қазылардың бірден бәріне ұнаған кейбір шығармалардың жолы болып та жүрген шығар. Көпке топырақ шашпаймыз. Қисынның дұрыс яки болмаса бұрыс болуы маңызды емес секілді, бастысы, қисынға келіп тұрса болды...

Түйін: Біз шындыққа емес, қисынға сенетін халықпыз. Осы сөзді Тұрсынжан Шапай айтты-ау деймін. Қалай дегенде де қисынға кеп тұрса, сенбеске де амал жоқ. Мәдениетті халыққа әдебиет керек. Жүйріктерді анықтайтын бәйге де қажет. Ал оның өз мәдениеті қай шамада болады, ол, әрине ұйымдастырушыларға байланысты. Бәйге сайын шаңдатып келе жататын жүйріктеріміздің де аяғына жем түспегей!

Әзірлеген Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»