• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 11 Ақпан, 2019

Шымкентте қалаға қосылған елді мекендерге қоғамдық көлік қатынай бастады

523 рет
көрсетілді

Жуырда Шымкент қаласына қарасты төрт аудан әкімінің халық алдындағы жылдық қортынды есебі өткен болатын. Аталған есепті кездесуде қала тұрғындарын мазалап келген өзекті мәселелердің бірі ретінде қоғамдық көліктердің жай-күйі сөз болды.

Әкіммен кездесуде төрт аудан тұрғындар да қалаға қосылған ауылдар мен елді мекендерге автобустар қатынамайды деді. Тіпті, жүрген күннің өзінде де кішігірім газельдерден ары аспайтындығын тілге тиек еткен жұртшылық қалталарын такси қызметі қағып жатқандығын жасырмады.  

Көпшіліктің талап-тілектерін тыңдаған қала билігі жедел шешім қабылдап, шаһардың бірқатар шалғай мекендеріне қоғамдық көлік қызметін іске қосты.

Атап айтар болсақ, ақпанның басынан бері жаңа әлеуметтік маңызы бар №55 және №149 автобус бағыттары жолаушыларға тасымалдау қызметін бастады.  №55 автобус бағыты Ынтымақ шағын ауданы арқылы, №149 автобус бағыты қаланың орталығымен Қайнар бұлақ шағын ауданына қатынауда. Аталған бағыттарда сиымдылығы үлкен автобустар қызмет көрсетуде.

«Соңғы бес жылда Шымшаһардың жер көлемі үш есеге ұлғайып, жаңа  40 елді мекен қосылды. Ал тұрғындардың саны миллионнан асып түсті. Сол себепті де қоғамдық көлік жетіспеушілігі байқалады. Өткен жылы қалалық тасымалдаушы компаниялар жалпы 80 жаңа автобус сатып алды. Жаңа автобустар жоспар бойынша әлеуметтік маңызы бар бағыттарында қызмет көрсетуде. Алдағы уақытта Текесу, Айнатас, Жыланбұзған, Елтай, Жаңаталап, Көкбұлақ шағынаудандарына қарай жаңа бағыттар ашылатын болады», дейді қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Қуатжан Жұматаев.

Айта кетейік, 2018 жылы Шымкент қаласында қоғамдық жолаушылар тасымалдау саласында 27 көлік компаниясы 79 бағытта 1 129 көлік құралдарымен жолаушыларға қызмет көрсетті.  

Нұршат ТӨКЕН,

«Егемен Қазақстан»

ШЫМКЕНТ