«Құрсағыңда жатқан балаңды алдырып тастау арқылы немерелеріңнің ғұмырына балта шапқан, ұрпағыңа геноцид жасаған пақырға айналасың», дейді орыстың пролайфер-жазушысы Владимир Кушнерик. Жасанды түсік жасатудың әйел денсаулығына тигізер залалынан өзге әлеуметтік, моральдық, психологиялық, халықтық таным мен діни көзқарас тұрғысынан көтеретін ауыртпалығы да зілмауыр. Қоғам бұл дерттен қайтіп жазылады?
Денсаулық сақтау министрлігі жүктілікті жасанды түрде үзуде медициналық көрсеткіштерден өзге бірнеше әлеуметтік себептің есепке алынатынын анықтады. Мәселен, жүктілік кезінде зайыбы қайтыс болса, зорлаудан кейінгі жүктілік болса, ата-аналық құқықтарынан айрылса, әйел босқын мәртебесінде көшіп келуге мәжбүр болса, отбасында мүгедек баласы болса, әйел заңды түрде некеде тұрмаса, кәмелет жасына жетпеген басқа баласы болса жүктілікті жасанды жолмен тоқтатуға рұқсат берілетіні көрсетілген. Алайда пролайферлер айтқандай, әр жасанды түсіктің артында тұтас ұрпаққа жасалатын қиянат, адам өміріне балта шабу жатқанын аңдау қиын емес. Бұл – жүрекке де, ұрпаққа да салмағы зілдей, зардабы тиер ауыр қадам.
Еліміздегі статистикалық мәліметке жүгінсек, 2013-2017 жылдар аралығында жасанды түсік жасату көрсеткіштерінің айтарлықтай өзгеріске түспегенін байқауға болады. Яғни 2016 жылы 78,8 мың, 2017 жылы 80,3 мың жасанды түсік тіркелді. Ал былтырғы статистикалық дерек көпшілік назарына әлі ұсынылған жоқ. Облыстар арасында Түркістан, Қарағанды, Шығыс Қазақстан өңірлері ұятты тізімнің алдына шықса, Алматы мен Астана қалалары ең жоғары көрсеткішті көрсетіп отыр (8,4-8,2 мың). 15 пен 18 жас аралығындағы жастарда түсік жасату осы жылдар ішінде 100 мың адамға шаққанда 0,3 мыңнан келсе, 19-34 жастағы әйелдердің түсік жасатуы соңғы жылдары сәл төмендеген (2013 жылы – 12,7 мың, 2017 жылы – 8,6 мың).
Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығының жоғары санатты дәрігері, денсаулық сақтау ісінің үздігі Жұпар Наханова әйелде жүктілікпен бірге ағзада гормоналды өзгерістер басталатындықтан, жүктілікті жоспарлаудың ерекше маңызға ие екенін жеткізді.
«Жасанды түсік жасалғанда жүкті әйелдің гормоналды жүйесі табан асты жүріп келе жатқан жолынан жаңылып қалады. Осы гормоналды гомеостаз – гормоналдық статустың бұзылуы әйелдің түрлі ауруға ұшырау ықтималдығын ұлғайтады. Жасанды түсік сайын әйел ағзасы соққы алады. Оның соңы жатыр миомасына айналуы мүмкін. Ал оған мән бермей миома ұлғая берсе, қатерлі онкоауруға ұласады. Сондықтан денсаулығы мен болашағын ойлаған әйел жасанды түсік жасатпай, оның алдын алғаны жөн. Жүктіліктің өзін жоспарлап, аналық міндетіне жауапкершілікпен қараған әйелдің өзі де, ұрпағы да сау болады. Ағзасын тексеріп, тіпті тісін құрт жеп жатса да алдын ала емделгені жөн. Әйтпесе қаны аз, тісі түсіп, бүйрегі дұрыс жұмыс істемейтін әйелден қалайша сау бала туады? Қоғамда қазір туабітті сырқат балалардың дүниеге келуі азаяр емес. Оның басты себебі – ана денсаулығының ақауында», дейді Ж.Наханова.
Бұл мәселеде көзінің жасын төге әңгімесімен бөліскен Г. есімді келіншек былай дейді: «Мені әу баста алып қашты. Зорлыққа тайталаса сыртқа ұмтылғанымда, жаулығын алдыма тастаған әженің ақ орамалын аттап кете алмадым. Тұңғышымыз дүниеге келді. Күйеуім ішкілікке әуес әрі тұрақты жұмыс істемейді. Қызымыз дүниеге келсе де некеге тұрмай, баласына тегін беруге ғана рұқсат берді. Осылайша, некеміз заңдастырылмаған күйде бірге тұрып жаттық. Дәрігер жүктіліктен сақтану үшін спираль салып берген. Бірнеше жыл өтіп, уақыты жетіп оны алған кезде тез арада аяғым ауырлағанын сездім. Жеке баспанамыз жоқ, жалдамалы пәтерге төлейтін қаражатты да кейде ішіп қойып, кейде әкелетін болғандықтан бірнеше жерде жұмыс істеймін. Енді оған жүктілік қосылды. Күйеуіме айтып едім, «саған бала ту деген кім бар» деді. Тіпті ренжісе келе, «бұл менің балам емес, алдырып таста» деді. Жылай-жылай дәрігерге жөнелдім. Жағдайымды түсіндіріп, заңды некеде тұрмайтынымызды, қызымның мектепке енді барғанын айтып, түсік жасаттым. Жүрегім қан жылады», дейді тәлейіне налыған жас келіншек.
Ал Әлихан есімді бозбаламен пікірлескенімізде, ол әр жасанды түсікте ер адамның жауапсыздығы жатқанын жеткізді. Жігіт қызбен әуелде жақын қарым-қатынаста болып, кейін уәдесінен тайқып кететіндіктен қыздар амалсыз осындай келеңсіз қадамға барады. Қай қыздың жар атанып, бала сүйгісі келмейді? Бірақ сенген жігіті мігіт болып, бойжеткен ана атанудың орнына ұрпағы алдында қылмыс жасайды. Әрине, қыздардың да бұл мәселеде жауапкершілігі орасан. Олар әу бастан некесіз қарым-қатынасқа бармауы тиіс, дейді жас жігіт.
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық Университетінің қауымдастырылған профессоры, педагогика ғылымдарының кандидаты Сараш Қоңырбаева: «Біз осы мәселеде қыздарды кінәлаумен шектелеміз. Неге «ұятын сыртқа тастап» жүре беретін ер-азаматтарымыздың жауапкершілігі төмен. Қай қыз жігітке «Сізбен бірге болсам, қалған азабын өзім көтерер едім» деп бірінші қадам жасайды? Қай қыз өз басына осындай абыройсыздықты қалайды? Айтқанын тыңдататын, сөзінде тұратын, нағыз азаматты іздеу жолында қыздарымыз осындай қателіктерге ұрынады. Яғни алданып қалады. Некесіз жақындықтың біразы баянсыз болып, ақыры азабын қыз бен оның туысқандары тартады. Қазақта «оң жақта отырып абыройсыз атану» немесе «көргенсіздік әрекеттен» құтылудың жолы деп жасанды түсікке барады. Сондықтан жасанды түсік жасатушылармен күрескеннен гөрі, тәрбиеге мән беріп, мәселеге саламатты тәрбие тұрғысынан қарағанымыз жөн», деді.
Өткен күзде қоғамда жасөспірімдер арасындағы жүктілік және жасанды түсік, мектеп оқушыларына жыныстық тәрбие беру жөнінде кәмелетке толмағандардың дәрігерлерге ата-анасынсыз өздері қаралуын реттейтін заң жобасы ұсынылғанда қоғамның бұл мәселеге бейжай қарамайтынын байқадық. Сондай талқылаулардың бірінде Астанадағы №3 перинаталдық орталықтың бас дәрігері Зәйтуна Хамидуллина өзінің 30 жылдан астам дәрігерлік қызметінде ерте жастан жүкті болған қыздардың 70 пайызының денсаулығында анемия, зат айналымының бұзылуы және басқа да бір кінәраттың болатынын әрі оның есепке тым кеш тұратынын алға тартты. Физиологиялық тұрғыда толық қалыптаспаған қыздардағы жүктіліктің нәрестеге де, анасына да оңайға соқпайтынын, сондықтан жыныстық тәрбиенің ең алдымен отбасында берілуінің маңызына тоқталды. Жасанды түсіктің жасөспірім түгілі ересек адамның психологиясына соққы болып тиетінін мақала жазу барысында әңгімелескен қыз-келіншектердің сөзінен тереңірек сезіне түсесің. Мәселен, сондай қадамға барған келіншектің мына бір жан қиналысы соны айғақтайды емес пе?
«Жарығым жарықты көрмедің. Білем мен.
...Не етейін жүректі жүдеген?
Өзіңе құлыным, жарық күн сыйламай,
Неге мен тірімін, неліктен өлмегем?!
Жолыңды бөгедім, ғұмырды сыйламай,
Оңаша ойланам, «не істедім, бұл қалай?
«...Өзіңмен мен неге кетпедім сол күні,
Дəрменсіз жанымды дəл бұлай қинамай?» дейді.
Әйелдердің жасанды түсік жасатуының себебі әртүрлі. Бірінде пәтер, баспана мәселесі қиындық тудырса, екіншісіне, отбасындағы кикілжіңдер мен тұрақсыздық, үшіншісінде, некесіз қатынастарға бару, енді біреуге ертеңге деген сенімсіздік, жұмыстан шығып қаламын деген қауіп, не әйелдің демалысқа кетуіне байланысты отбасылық бюджеттің қысқарып қалуы және басқа да себептері жетерлік екен. Ал жасанды түсікке асыл дініміз қалай қарайды? Исламтанушы, ғалым, PhD докторы Ершат Оңғаров: «Шариғатта түсік жасатуға тыйым салынған. Өйткені бұл адам өмірін қиюмен тең. Маида сүресінің 32-аятында Алла тағала «Жазықсыз адам өлтіру барлық адамзатты өлтіргенмен тең» дейді. Ал ана құрсағындағы баланы себепсіз алдырып тастау соның есебіне жатады. Байқасаңыз, мен себепсіз деп айттым. Егер жүктілік ананың өміріне қауіп төндіретін болса, оны дәрігерлердің консилиумы тексеріп, ананың өмірін сақтау үшін баланы алдыру керек деген шешім шығарса рұқсат береді. Яғни медициналық тұрғыда нақты себеп болса ғана жасанды түсікке барады» дейді.
Жасанды түсік жасату адам өмірінде ізсіз кетпейді. Ұрпаққа жасалған қасіретті қылмысқа парапар бұл қадам кім-кімді де ойландыруы тиіс.
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,
«Egemen Qazaqstan»