Қара домбырасын құшақтаған қаршадай қара баланы таныдыңыз ба? Танысаңыз, көзіңізге оттай басылған осы бір сурет көңіліңізді де толқытқан болар? Жарқ еткен жасын ғұмырында қазақ айтысына айшықты із қалдырған Оразалы Досбосыновтың өнердегі ешкімге ұқсамайтын дара жолы дәл осылай басталыпты.
«Құлманбеттен қалған құлынмын» деп айтыс сахнасына құбылыс болып келген отты ақынның ойлы жыры сағыныш сезімдерін шымшылаған бір сәтте, ол жайлы естеліктерді ақтарып отырып бала Ораздың бейнесі ерекше әсерге бөледі. Ақынның қарындасы Әйгеріммен мектеп қабырғасында қатар оқығанымыз бар еді. Кенет оған телефон шалып, мына бір тарихи суреттің сыры туралы үйдегілер не біледі екен, сұрап көрші деп өтіндік.
– Әкем тұйық адам. Оразалы ағамның он жасында әулетке келін болып түскен анам Сәуле Көштібайқызы қайнысының балаң шағындағы талай қызықтарының куәсі болған, сол кісіден сұрап білейін, – деген құрбым 1991 жылы Оразалы ақынның 16 жасында түскен осы бір суреті туралы біраз сырға қанық етті.
12-13 жасында қолына домбыра ұстаған қағілез бала 1988 жылдан бастап мектепшілік, аудандық, облыстық жас ақындар айтысында көріне бастапты. Жеңгесінің айтуына қарағанда, жоғарыдағы сурет еліміз тәуелсіздігін алған жылы Алматы іргесіндегі Есік қаласында өткен «Сиқырлы қазан» айтысында түсіріліпті. Бала Ораз, осы айтыста жұрттың ризашылығына бөленіп, бас бәйгелі болып тай мініп қайтқан екен. Оқушылар арасында дәстүрлі түрде өткізілген осы айтыста одан кейін де бірнеше мәрте топ жарыпты.
– Ол жылдары мұндай қазақы киімдер табыла бермейтін. «Сиқырлы қазан» айтысына барар кезде, енем марқұм Оразды өзімен бірге аудан орталығы Нарынқол ауылына алып барып, басындағы үкілі бөркі мен қазақы киімін сондағы ательеден өлшеп тіктірген еді. Отбасында ұлдардың кенжесі осы Оразалы. Суретке қарап он алтыда деп айтпайсыз. Кішкене күнінің өзінде сөзі мірдің оғындай болғанымен, өзі нәзік еді. Кезекті айтысынан жүлделі оралғанда бәріміздің қуанғанымыз әлі есімде, – дейді Сәуле Көштібайқызы.
Ал ақынның тетелес ағасы Оңғар Досбосынов інісі жайлы естелігінде:
«...Қабырғасы иіліп,
Көрші-қолаң жиылып.
Өмірдің көрмей қызығын,
Жас жаны кетті-ау қиылып» деген жолдар кішкентай Ораздың лүпілдеген жүрегін жарып шыққан алғашқы өлеңі. Бұл өлең 23 жасында өмірден озған Азат ағасына арнаған жоқтау жыры еді. Екеуміз үйде отырып алып бір-бірімізбен өлеңмен айтысып жүрдік. Мектепте өткен айтысқа алғаш рет қатысып, Бағашар деген баланы жеңген соң, оның айтыс өнеріндегі қиын да қызық, қасиетті жолы басталып кетті. Ораздың айтыстағы ең бірінші кәсіби ұстазы, өзі де айтыс ақыны Хасен Саматұров. Оқушы кезінде 15-16 жастағы Оразды біздің аудан бетке ұстайтын» деп жазыпты. Бірер жыл бұрын Оңғар ағамыз да Ораз інісінің оралмас ізімен кетті...
Ақынның анасы Саламат Жақсылықова перзенті жайлы: «Бір күні мектептен келіп: «ауданға айтысқа барамын» деді. Түстен кейін қойдың кезегі болатын. «Қойшы сол айтысыңды, қойды бақ» деп едім, құлыным жылап жіберді. Сосын «бара ғой, сол бес-алты қойды мен қарай тұрайын» деп рұқсат еттім. Жұдырықтай болған жарығым барған сайыстарынан құр қол келмейтін» деп тебіреніпті.
Өкінішке қарай, қас-қағым сәтті тарихқа айналдырған фотосуретшінің кім екенін біле алмадық. Осы бір сурет артына өлмес мұра қалдырып, отызға толар-толмас шағында өмірден озған алапат ақынның айтыстағы ең алғашқы қадамын, ана жүрегін елжіреткен, аға көңілін тебіренткен, жеңге сезімін толқытқан мәңгілік сағыныштың ескерткішіндей, естелігіндей көрінді. Құлынында құнаннан озған тұлпардай аламанға алшаң басып шығатын арқалы ақынның құлын шағымен қауышқандай күй кештік.
Осы бір сурет... Он алты жастағы Оразалы.
Арман ОКТЯБРЬ,
«Egemen Qazaqstan»
АЛМАТЫ