• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 12 Ақпан, 2019

Киікбай батыр кесенесі

2003 рет
көрсетілді

Өз заманында қара өрттей қаптап келген құба қалмаққа қарсы тұрып, туған жерінің тоқымдай пұшпағын табанында таптатпаған есіл ердің бірі – Киікбай батыр.

Ел ішінде Киікбай ба­тыр­дың ерлігі туралы сан алуан аңыз айты­лады. Ескіден қал­ған есті сөздің арнасы көзсіз ер­лік пен туған жерге деген пер­зенттік махаббаттың оттай ыс­тық лебімен тоғы­са­ды. Жал­ғыз Атбасар төңі­регі ғана емес, берідегі Сан­дықтау, тіп­ті Көк­шенің бау­райына дейін ізі қалған. Олай болатыны, ілкідегі жұрт­тың көшпенділік салтында. Демек, Киікбай сынды батырдың тұлпарының табаны сайын Сарыарқаның талай өңірінде жарқылдаған. Ең бастысы, ел қорғаған ер­­дің өне­гелі өмірінің із со­рабы бір­жо­ла жоғалып кет­пей, ауыз­дан ауыз­ға кө­шіп, ердің ер­лігін ба­ғалай білетін хал­қының жадында сақталған. 

Атбасар ауданының Сер­геев­ка ауылының маңындағы Киік­бай батыр мазары орта ғасырдағы сәулет өнерінің ескерткіші болып саналады. Шамамен 1693 жылы дүниеге келіп, 1741 жылы жам­басы жерге тиген батыр мазары осыдан 275 жыл бұ­­рын тұр­ғызылған екен. Бүгінде дөңгелек мазардың алдыңғы беті жартылай сақ­талған. Қарсы қабырғасы ішінара бұзылып, кетігі тас­пен толтырылған. Жоғары жағы ашық, біршама жалпақ. Жарты ай пішініндегі кү­міс­телген белгісі де бар. Жи­ыр­­масыншы ғасырдың елуін­ші жылдары дәл осы жер­­ден қазақ жауынгерінің сауыты да табылған екен. Талай жыл топырақ астында жатқан сауыт­ты тыңға түрен салғандар ойламаған жерден тауып алыпты. Қазір бұл жә­дігер аудандағы тарихи-өлкетану музейінің қо­рында сақтаулы тұр. 

Мазардан қозы өрісіндей жер­де Киікбай адыры бар. Де­мек, батыр осы жерді жай­лаған. Шы­нында да ұйыса біт­кен, қысы-жазы өңін бер­мейтін жасыл қарағайлар қау­лай өсіп, қаумалап тұрған жер қапияда көз жұмған Киікбай батырдың шашақты найзасы сияқты қияннан көзге тү­седі. Бар ғұмырын ат жалында өткеріп, ел қорғаған ба­ба бейіті бүгінгі ұрпағына бат­­пан-батпан ой салып тұр­ғандай. 

Байқал БАЙӘДІЛ,

«Egemen Qazaqstan» 

Ақмола облысы,

Атбасар ауданы