Маңғыстау облысы бойынша мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелері орналасқан артық алаңдарды оңтайландыру бойынша облыстың мемлекеттік органдары орналасқан алаңдарға түгендеу жүргізілген болатын. Бұл туралы Маңғыстау облыстық Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинте Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің аумақтық департаментінің сыбайлас жемқорлық профилактикасының бас маманы Нұргүл Мұқатай мәлімдеді.
Түгендеу жұмыстары Президенттің 2018 жылғы 5 қазандағы Халыққа Жолдауында айтылған тапсырмасы бойынша, Қаржы министрлігінің және Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің «Мемлекеттік органдардың алаңдармен қамтамасыз етудің заттай нормаларын сақтамауларын анықтау бойынша жұмыстарды бірлесіп жүргізу туралы» бірлескен бұйрығы негізінде Агенттіктің аумақтық департаменті облыстық Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің, облыс әкімдігінің қаржы басқармасының мамандарымен бірлесіп жүргізілді.
Түгендеу барысында 232 мемлекеттік мекеме қамтылды, олардың ішінде 60 орталық мемлекеттік органдар, 172 - жергілікті атқару органдары бар. Жұмыс тобы мемлекеттік органдардың алаңдармен қамтамасыз етудің нормаларын сақтамауы бойынша 7142,485 шаршы метрді анықтады. Басшылардың қызметтік бөлмелері бойынша артық алаңдары - 4130,9 ш.м.
2685,53 ш.м артық алаң түрлі себептерге байланысты оңтайландыруға жатпайды. Оның себептері: артық алаңның көлемінің тым аз болуы, ғимараттың ішкі құрылысының ерекшеліктері. Сондықтан оларды ықшамдау туралы ұсыныс беру мүмкін болмай отыр. Сонымен бірге, артық алаңы бар кейбір баланс иелері ішінде ерекше режимдегі құқық қорғау органдары да бар.
Қатардағы әкімшілік қызметкерлерді нормаға сәйкес орналастыру мақсатында анықталған артық алаңдарды басқа құрылымдық бөлімшелерге беру, жалға беру арқылы артық орналасып отырған 379,25 ш.м көлеміндегі алаңды мақсатты жұмсап, кемшілікті жоюға болады. Жүргізілген түгендеу барысында босатылған алаңдар бойынша облыстың коммуналдық меншігіне беру туралы ұсыныстар келтірілді. Аталған шара нәтижесінде жыл сайын 1 049 000 тенге үнемдеу бюджет қорына түседі деп күтілуде.
Түгендеудің нәтижесі бойынша өңірде анықталған артық алаңдардың 3303, 465 шаршы метрі оңтайландыруға жатады.
Жергілікті атқару органдарының ұсынған ақпаратына сәйкес, түгендеу нәтижесінде анықталған 299,7 ш.м. артық алаңдарға басқа мемлекеттік заңды тұлғаларды орналастыруға немесе мүліктік жалға беру мәселесі қарастыруда.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
Маңғыстау облысы