• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 12 Ақпан, 2019

Ақтау қалалық сотының төрағасы қызметінен босатылды

919 рет
көрсетілді

Сот жюриінің тәртіптік комиссиясының 2019 жылғы 7 ақпандағы шешімімен судья әдебіне қайшы келетін теріс қылық жасағаны үшін Ақтау қалалық сотының төрағасы қызметінен Мәлік Сәбитұлы Кенжалиев босатылып, судья өкілеттігі тоқтатылды. Бұл туралы Маңғыстау облыстық соты баспасөз қызметі хабарлады.

Комиссиямен анықталғандай, Каспий теңізінің жағасында коттедж салу кезінде М.Кенжалиев жұмыс бригадасын (Өзбекстан азаматтарын) жалдап, орындалған жұмыс үшін 3,6 млн.теңге төлеуге уағдаласқан. Алайда, ол аталған соманың жартысын төлей отырып,  қалған 1,8 млн теңге соманы 2 жыл бойы қайтармаған. Орындалған жұмысы үшін өз ақшасын ала алмаған бригадир М. Кенжалиевке бірнеше рет телефон шалып, қалған соманы қайтару туралы өтінішімен смс-хабарламалар арқылы жүгінген. Алайда бригадир М.Кенжалиев ақша қайтарудан жалтарып, балағат сөздер айтып, оны түрмеге отырғызатынын айтып қорқытқанын видеоға түсіріп алған.

Судья әдебі кодексінің 1-бабына сәйкес, судья өзінің антына адал болуға, этика нормаларын мүлтіксіз сақтауға тиіс. Судья сот билігінің беделін кемітуге және судьяның беделіне нұқсан келтіруге әкеп соғуы мүмкін кез келген іс-әрекеттерден аулақ болуға тиіс.

Қазіргі таңда Маңғыстау облыстық соты төрағасының өкімімен Ақтау қалалық сотының уақытша төраға міндетін атқару осы соттың судьясы Әділсұлтани Гүлмаржанға жүктелді.

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»

Маңғыстау облысы