Қарағайлар көмкерген, тамылжыған табиғаты бар Бесқарағай ауданы облыстағы ономастикалық мәселесі толық шешімін таппаған аудандардың қатарынан саналады.
Аудандағы 10 ауылдық округтің үшеуінің (Глуховка, Канонерка, Кіші Владимировка), 28 елді мекеннің (Черемушка, Мостик, Лесной, Грачи, Кривинка, Старая Крепость, Стеклянка, Белокаменка) 8-інің әлі күнге дейін орысша аталып келе жатқаны баспасөз бетінде жиі сын садағына ілініп жүр. Десек те, аудан әкімдігі бұл тарапта тиісті жұмыстарды қолға алып жатқандықтарын айтады.
Аудандық Ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің берген мәліметтеріне сүйенсек, соңғы 7 жылда аудандағы бірнеше ауыл мен көшелердің атаулары қазақшаланып, Бесқарағай, Жетіжар, Ерназар, Қарағайлы, Қарабас ауылдары бұрынғы тарихи атауларына ие болыпты. «Ауданымыздағы 28 елді мекеннің 18-і - қазақша. 2018 жылы Беген, Кривинка, Қара-Мырза, Қарабас, Өндіріс, Қарағайлы ауылдарындағы көше атаулары өзгертілді. Былтыр идеологиялық тұрғыдан ескірген 30 көшенің 10-ына жаңа атау берілді.
Тағы да 12 көшенің атын ауыстыру бойынша құжаттар облыстық ономастикалық комиссияның қарауына жіберілді. 8 көшені қайта атау бойынша тиісті жұмыстар халық санағынан кейін жүргізіледі. Аудандағы 21 мектептің 8-і қазақша, 13-і орысша аталады. Қазіргі уақытта Борас орта мектеп – балабақшасына, Үлкен Владимировка, Семияр және Сосновка орта мектептерінің атауларын өзгерту жөнінде тиісті жұмыстар қолға алынып жатыр», - дейді аталған бөлім басшысы Әсемгүл Қалтаева.
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
Шығыс Қазақстан облысы
Бесқарағай ауданы