Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Түркістан облысы бойынша өкіл имамын және облыстағы аудан, қалалық бас имамдарды қабылдады.
Кездесу барысында облысымыздағы діни ахуал тұрақты екендігін жеткізген дін саласының қызметкерлері атқарылған жұмыстарға тоқталып, алда жасалатын іс-шаралар жоспарымен таныстырды. Өзге ағымдарға қарсы ағарту және алдын-алуда жүйелі істің жүргізіліп жатқандығы, бірнеше бағытқа бөлінген жұмыстардың нәтижесі баяндалды. Ұсыныс-пікірлер ортаға салынды. Ал облыс әкімі қоғамдағы жастардың тәрбиесіне айрықша көңіл бөлу керектігін айтты. «Балаларымыз, жастарымыз үшін күнделікті жұмыс істеуіміз керек. Ас беру кезінде ысырапшылдыққа жол бермеуді айтып келеміз. Қазақ халқына тән салт - дәстүрлер мен әдет-ғұрыпты насихаттап, соған мән беру маңызды», – деді Ж.Түймебаев. Сондай-ақ облыс әкімі діни тұрақтылықты сақтау мақсатында аудан, қалаларда дәстүрлі діни бағыттағы үгіт-насихат жұмыстарын жалғастыруды тапсырды.
Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Түркістан облысы