Социализм әлі «сайрап» тұр
Өткен жылы облыста 51 Ленин, 21 Киров, 68 Советская, 47 Октябрьская, 29 Комсомольская, 15 Совхозная, 13 Колхозная көшесі болған еді. Былтыр облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма өңірдегі идеологиялық тұрғыдан ескірген атауларға сараптама жасап, аймақтағы 7765 көшенің 439-ының, 1076 әкімшілік-аумақтық бірліктің 48-інің және 11 мектептің атауы осы санатқа жататындығын анықтаған-ды. Соның ішінде Өскеменде идеологиялық тұрғыдан ескірген 30 көше, Риддер қаласында 8 көше, Алтай (бұрынғы Зырян) ауданында 68 көше, ал бір ғана Глубокое ауданында Ленин, Комсомол, Совхозная сияқты көшелердің саны 91 екендігін айтқан еді. Бір жылда не өзгерді? Өзгерістің ең үлкені – Елбасы Жарлығымен Зырян ауданы мен Зырян қаласының атауы Алтай деп аталды. Өскеменде де сең қозғалып, былтыр Карл Маркс даңғылына Қаз дауысты Қазыбек бидің, Ворошилов көшесіне Шәкәрімнің, Ордженикидзе көшесіне Сағадат Нұрмағамбетовтің, Революционная көшесіне Қалихан Ысқақтың, Дзержинский көшесіне Әміре Қашаубаевтың, Октябрьская көшесіне Мұхамеджан Тынышпаевтың, Питер коммунарлары көшесіне Лев Толстойдың, Киров көшесіне Антон Чеховтың, Крупская көшесіне Евгений Брусиловскийдің, екі Советская көшесінің біріне Александр Затаевичтің, екіншісіне Адольф Янушкевичтің есімдері берілді. Бұдан бөлек Лениногор көшесі Теміржолшылар, Комсомольская көшесі Жастар деп аталды. Семейдегі Ленин көшесі Мәңгілік ел атанды. Мұның бәрі республикалық ономастикалық комиссияның оң батасын алып, құжат жүзінде бекітілген көшелер.
«2017-2018 жылдары облыстағы идеологиялық тұрғыдан ескірген атауларға баса назар аудардық. Елді мекендерге, нысандарға, көшелерге адам есімдерін беруге шектеу қойып, танымал тұлғаларға, ұлттық салт-дәстүрлерімізге қатысты атаулар қоюға мән бердік. 2018 жылы жоғарыда аталған идеологиялық тұрғыдан ескірген 439 көшенің 200-ден астамы, ал әкімшілік-аумақтық бірліктің 48-інің 9-ының, 11 мектептің 6-ауының атауы өзгертілді», дейді облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың ономастикалық жұмыс және талдау бөлімінің басшысы Роза Төлемісова. Тиісті жұмыстар жүргізілгеннен кейін идеологиялық тұрғыдан ескірген көшелердің біршама азайғанын байқаймыз. Қазір облыста 32-Ленин, 14-Киров, 46-Советская, 22-Октябрская, 13-Комсомолская көшесі қалып отыр.
38 ауыл түгелімен орысша аталады
Бөлім басшысы бұл тарапта, әсіресе Курчатов қаласы мен Бесқарағай, Бородулиха, Шемонайха, Алтай аудандары біршама жақсы жұмыс істегендерін айтады. Мәселен, Курчатов идеологиялық тұрғыдан ескірген 4 көшені (Совхозная – Көктем, Пионерская – Достық, Комсомольская – Самал, Красноармейская – Бейбіт атом) у-шусыз лезде өзгертіп тастапты. Кеңестік атауларды ауыстыруға келгенде кежегесі кейін тартып отырған аудандарды айтпасқа болмас. Роза Төлемісованың сөзіне сенсек, идеологиялық тұрғыдан ескірген атауларды ауыстыру жұмыстарына Өскеменнің іргесіндегі Глубокое ауданы мен Риддер қаласы немқұрайлылық танытып отыр. «Глубокое ауданында Тәуелсіздіктің 28 жылында бар-жоғы 4-ақ ауылдық округтің (Куйбышев – Быструха, Киров – Ертіс, Фрунзе – Тархан, Калинин – Березовка) атауы ауысты. Глубокое ауданында Ленин, Комсомол, Совхозная сияқты көшелердің саны 91-ді құраса, былтыр соның тек 20-сы ғана жаңа атауға ие болды. Оның көпшілігі ауылдардағы көшелер. Аудан орталығы – Глубокое кентінде тек 1 көше, яғни Ленин көшесі Жібек жолы деп өзгертілді. Орайы келгенде айта кетейін, Глубокое ауданында әлі 8 Ленин, 5 Калинин, 8 Октябрьская көшесі бар. Демек, идеологиялық тұрғыдан ескірген көшелер саны әлі де 60-тан асып жығылады. Тағы бір дүниені айтқым келеді, былтыр Шемонаиха ауданының бір ауылының тұрғындары көше атауын ауыстыруға қарсы шықты. Неге? Өйткені жергілікті әкімдік халық арасында үгіт-насихат, түсіндіру жұмыстарын дұрыс жүргізбейді. Жұмыс дұрыс жүргізілмегендіктен халық ішінде түсініспеушілік туындайды», – дейді тіл жанашыры.
Ал Риддер қаласында идеологиялық тұрғыдан ескірген 8 көше анықталғанымен, жергілікті билік соның төртеуіне жаңа атау беру жөнінде ұсыныс бергенімен (Красноармейская - Рудная, 1-ші Стахановшылар – Бірлік, 2-ші Стахановшылар – Гранитная, 3-ші Стахановшылар – Коминтерн) республикалық ономастикалық комиссия тек біреуін – Бірлік атауын ғана бекітіпті. Алтай атанған бұрынғы Зырян ауданында көше атауларын (Алтай қаласындағы Советская көшесі – Тәуелсіздік, Ленин – Астана, Коммунистическая – Төлеген Тоқтаров, Ворошилов – Труд, Пролетарская – Спортивная, Лениногорская – Вишневая, Жаңа Бұқтырма ауылындағы Ленин – Көктем болып өзгерді) ауыстыруда алға жылжу байқалғанымен, ауылдық округ, ауыл атаулары мызғымай тұр. Алтай қаласының қақ ортасында Ленин ескерткішінің қасқайып тұрғаны талай айтылып, жазылса да, «баяғы жартас – сол жартас» күйінде қалып келеді.
Топонимикаға қоғамдық тыңдау керек емес!
Идеологиялық тұрғыдан ескірген, қайталанатын, мағынасы жоқ жер-су атаулары, елді мекендер мен көшелердің көптігі негізінен өзге ұлт өкілдері көп қоныстанған аудандарда байқалады. «Азаттықтың алтын күрек желі ескен» (Қ.Жұмаділов) 30 жыл мұғдарында бірде-бір ауылының аты ауыспаған аудандар да бар. Бір ғана Глубокое ауданындағы ауылдық округтердің ішіндегі 38 елді мекеннің барлығы – әлі де орысша. Прапорщиково, Уварово, Кожохова, Прогресс, Перевальное, Предгорное, Новомихайловка, Волчиха, Секисовка, Винное, Ушаново деп жалғаса береді. Бұл ауылдардың атын Тәуелсіз мемлекет талабына сай ауыстыру жөнінде аталған елді мекен тұрғындарынан ұсыныс түсіпті дегенді естімедік. Ұсыныс демекші, біздің білуімізше, облыстағы қала-аудан аттарын ауыстырған жағдайда республикалық ономастикалық комиссияға келісуге жіберіледі. Ал өңірдің аудандарының ішіндегі ауылдардың, ондағы көшелердің аттарын ауыстыруды облыстық ономастикалық комиссия, яғни жергілікті жерде шешеді. Әрине, әуелгі кезекте тұрғындардан тікелей ұсыныс түскенде. Демек, Предгорное, Волчиха, Секисовка, Винное, Ушаново секілді ауылдардың (мысал ретінде айтып отырмыз) тұрғындары немесе сондағы ақсақалдар аудан әкіміне «біздің ауылды осылай деп өзгертсеңіздер» деп хат жазуы керек. Бір өкініштісі, «кая», «ое», «ка» жазуымен аяқталатын ауыл тұрғындарының бір сәт «осы біз қай елде тұрып жатырмыз? Біз осы елдің нанын жеп, суын ішіп жүрген жоқпыз ба? Жергілікті халыққа деген құрметіміз қайда?» деп жан-жағына ой көзімен қарап, қолына қалам алып, өздері тұрып жатқан, атауы Тәуелсіз мемлекет идеологиясына сәйкес келмейтін ауылдарының атын өзгертейік деп ұсыныс хат жазғаны туралы сирек естиміз. Одан гөрі көше атауларын ауыстыруға байланысты өтетін қоғамдық тыңдауларда жау шапқандай түтігіп, қарсы шығатын сәттерін көп көреміз.
Осы ретте жазушы, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының Шығыс Қазақстан облыстық филиалының директоры Әлібек Қаңтарбаевтың мына бір ұсынысының жаны бар секілді. «Атауларды ауыстыруда бір ауыр процесс бар. «Қоғамдық тыңдау» дегенді кім ойлап тапқанын білмеймін. Ол дегеніңіз – сол жерге жиналған халықты, тіпті Қазақстанның халқын бір-бірімен қызыл кеңірдек қылып дауластырып қою. Бұл болмайды, ертең ойыннан от шығып кетеді. Осы «қоғамдық тыңдауды» ономастикалық заңның бабынан мүлде алып тастау керек», – дейді тіл жанашыры.
Бұл мәселенің тек Шығыс Қазақстан емес, аудандары, ауылдары, көшелері кеңестік атаулардан әлі де толық арыла алмай келе жатқан Павлодар, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстары үшін де маңызды екендігін ешкім жоққа шығара қоймас. Көше, елді мекен атауларын ауыстыру үшін тұрғындар пікірін ескеріп, қоғамдық тыңдау өткізудің отарлық таңбасындай болған жер-су атауларын өзгерту процесіне кері әсерін тигізіп, тежеп келе жатқанын зиялы қауым өкілдері, тіл жанашырлары көптен бері көтеріп келеді. «Біздің заңдарымызда тұрғындардың пікірін ескеруге ерекше басымдық берілген. Жұрттың пікірін ескерген де дұрыс шығар. Бірақ топонимика мәселесі – жер-су атауларын ауыстыру бірінші кезекте мемлекеттік саясат, ұлттық идеология аясында жүргізілуі қажет» деп санайды олар. Бәлкім, алдағы уақытта елімізде ономастика туралы арнайы заң қабылданса бұл мәселе оң шешімін табар деп сенеміз.
Азамат ҚАСЫМ,
«Egemen Qazaqstan»
Шығыс Қазақстан облысы