• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
13 Ақпан, 2019

Елордадағы «Евгений Онегин»

476 рет
көрсетілді

«Сөз біткен жерден музыка басталады» дейді Фридерик Шопен. Рас, кейде тіл жетпейтін сезімдердің пернесін әуен дөп басып жатады. Оны, әсіресе, А.Пушкиннің әйгілі «Евгений Онегин» туындысына жаңаша ғұмыр сыйлаған П.Чайковский операсы өн бойындағы ішкі лирикалық нәзіктік пен құштарлық қатар шарпысқан кейіпкерлер галереясынан айқын байқауға болады. 

Мұны біз Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен күні кеше «Астана Опера» театры сахнасында көрерменін қуантқан «Евгений Оне­гин» операсының премьерасынан көріп, сезіндік. Елорда жұртшылығы асыға күткен айтулы туындыны сахнаға шы­ға­руға атсалысқан шығармашылық құ­рам қатарында Италиядан арнайы шақы­рылған режиссер Давиде Ливермор, қою­шы дирижер Алан Бөрібаев, сце­но­граф Францеско Калканини (Италия), кос­тюм суретшілері Софья Тасма­ғам­бетова мен Павел Драгунов, хормейс­тер – Қазақстанның еңбек сіңірген қай­раткері Ержан Дәуітов бастаған білікті музыка және сахна мамандары бар. 

Жалпы, П.Чайковскийдің бұл туындысы жаһан бойынша ең көп қойылған репертуарлық спектакльдердің бірі. Аталмыш опера екі ғасыр бойы әлемнің музыкалық театрларының сахнасынан түспей келеді. 

Роман мен операның атауы бір дегенмен де, П.Чайковский басты­ кейіп­кер­лердің алғашқы мінез-сипат­тарын сақтай отырып, Татьяна Ларинаға ба­сым­дық бергені және әуел баста операны осы кейіпкердің есімімен атағысы келгені мәлім. Яғни өз операсында ком­­­­позитордың пушкиндік Онегинді емес, Татьянаның асқақ сезімі мен жан дүние­сінің әсемдігін жырлауға барынша ден қойғанын байқау қиын емес. 

– Композитор операны романның дүниеге келген сәтінен бастап шама­мен 50 жылдан кейін, яғни 1877 жылы жазған. Чайковский операға, негізінен, Татьянаның бейнесімен байланыс­ты 7 көріністі қосқан. Себебі компози­тор үшін Татьяна басты кейіпкер бол­ған. Тіпті, өнер иесі шығармасын «Татьяна­ның хаты» көрінісінен жазуды бастаған. Операның үштен екі бөлігі тез жазылады – 1877 жылдың жазында толықтай бітіреді. Алайда үшінші бөлігін композитор өзінің үйлену тойына байланыс­ты қарбаластың кесірінен тек келесі жыл­дың ақпан айында аяқтай алды, – деді қойылымның қоюшы дирижері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алан Бөрібаев туынды тарихына жан-жақты тоқталып. 

Бұған дейін Ресейдің Үлкен театрында, Израильдегі гастрольдерде ұзақ жылдар бойы айтулы операға дирижерлік еткен Алан Бөрібаевтың елорда төрінде ұсынылған премьераға тәжірибелі маман ретінде үлкен дайындықпен кел­гені айқын аңғарылады. Қашанда әр қойы­лымына жан-тәнімен беріліп, өзіне зор жауапкершілік артатын маэстро Алан Асқарұлының ізденісінен үнемі көрерменін бейжай қалдырмайтын ала­пат сезім қуатын сезінуге болады. Ди­рижердің сараптауында кейбір тіл жет­пейтін сезімдер сәтті суреттеліп, көңіл түкпіріне берік бекіп жататыны да сон­дықтан болса керек. Италиялық бел­гілі режиссер Давиде Ливермормен біте қай­насқан шығармашылық тандемде же­місті нәтиже көрсеткен маэстро ке­зекті премьераның бұған дейін жасаған жұ­мыстарынан өзгерек екенін жеткізді. 

 – Операдағы әрбір қаһарманның өзіндік музыкалық бейнесі бар. Менің мақсатым – тыңдарман жүрегіне ең әуелі осы күйді жеткізу болды. Мәселен, Ленский пайда болатын сәттерде ор­кестрді қыздыра түсемін, себебі ол өте қызба мінезді, ал Онегин бар көрі­ністерде, керісінше, оркестрді суық күйге дейін түсіріп, салқындатамын, Пушкиннің өзі айтқандай: «Екеуі кездесті. Толқын мен тас, Өлең мен қара сөз, мұз бен жалын...» Мен осы қағиданы ұстандым, – дейді қоюшы дирижер. 

Қойылымда басты партияларды отандық жетекші солистермен қатар, Ресейден шақырылған музыка мамандары сәтті орындап шықты. Атап айтар болсақ, Онегин рөлін Алексей Исаев (Ресей) пен Талғат Мұсабаев кемеліне келтіре сараптаса, Татьяна рөлі Галина Чеплакова мен Айгүл Ниязованың орындауында көрерменмен қауышты. Ал Ольга бейнесі – Дина Хамзина мен Татьяна Вицинскаяның ойнауында, Ленский – Медет Шотабаев пен Жан Тәпиннің сараптауында сахна төріне көтерілді. Ресей Федерациясы мен «Астана Опера» театрының жетекші солистерін бір сахна төрінде тоғыстырған қоюшы режиссер Давиде Ливермор «Евгений Онегин» операсын келешек ұрпақ үшін жан дүние жұмбағын шешіп, сезімдерді тәрбиелеудің іргелі де маңызды бөлігі екендігін атап өтті. 

– Спектакльді тамашалаған соң көрер­мендердің осынау адамгершілік, махаббат хикаясының бүгінгі таңда да өзекті екенін сезінгенін және «жүректерімізді тебірентіп, сезімдерімізді толқытты» деп қойылымнан ерекше эмоциямен шыққанын қалаймын. Сондықтан да Чайковский аманатына барынша адалдық танытып, бұл қойылымда мен де Татьянаның ішкі жан дүниесін бастапқы планға шығаруға тырыстым, – деп режиссер спектакльді сараптау сырымен бөлісті.

Тіпті осы мақсатын жүзеге асыру үшін Давиде Ливермор операның әл­­қиссасын партитурада жоқ жаңа көрініспен толықтырыпты. Мәселен, шымылдық ашылған беттегі ақтық сәті жақындаған кейуана Татьянаның өмір белестері мен жүріп өткен жолы, құштарлыққа толы қайталанбас сезім тасқынын тудырған махаббат тарихын есіне алатын сахнасы негізінен режиссер Давиде Ливермордың қиялынан туған эпизод екендігін П.Чайковский операсымен таныс көрермен қауым бірден аңғарады. Әйтсе де бұл көріністі тіпті де сәтсіз дей алмас едік. Өйткені операның лирикалық бояуына жаңа бір драмалық леп үстеп тұрған айтулы шағын ғана сахналық эпизод, кері­сінше, шығарманың шырайын кіргізе түс­кендей.  Қойылымның көңілге қонған тағы бір ерекше тұсы – сценография. Италиялық сахна суретшісі Францеско Калканини қолтаңбасынан қиялға бай көркем кеңістікті көрдік. ХІХ ғасырдағы орыс қоғамының өмір сүру стилі мен бояуын сақтай отырып, заманауи технологияның озық үлгілерін өз жұмысында шебер пайдаланған сценограф жұмысынан талғампаздық пен кірпияздықтың иісі аңқып тұр. 

Ал костюм бойынша суретшілер Софья Тасмағамбетова мен Павел Дра­гунов тандемі үшін «Евгений Онегин» операсы алғашқы тәжірибе. Со­ған қарамастан, дәуір үнін барынша өз боя­уын­да беруге тырысқан маман­дар премьера үшін барлығы 250-ге жуық костюм әзірлеген. Онегин дәуі­рінің, яғни 1820 жылғы стиль мен тех­нологияны сақтай отырып жүзеге асы­рылған тарихи тігіс түрлері Пушкин суреттеген заманның киім үлгілерін қайта жаңғыртқандай болды. Мұны да жаңа қойылымның өз ерекшелігі деп қабылдадық.

– Айтулы шығармаға үлкен жа­уап­­кершілікпен қарап, операның шы­­­ғу тарихын, барлық қыр-сырын егжей-тегжейлі ұзақ әрі тыңғылықты түрде зерделедік. Бір қызығы, «Евгений Онегин» операсының барлық қоюшы суретшілері дәуірді 50-60 жылға кейін жылжытады. Тіпті тарихи спектакль­дерді жасайтын суретшілердің өзі ХІХ ғасырдың соңын көрсетеді, себебі 1820 жылғы костюмдерді жасау қиынға соғады, ал 1870 жылғы үлгілер бәріне жақын әрі түсінікті. Ал біздің көрермен түпнұсқаға барынша жақын сән бо­йынша тігілген фрактарды көре алады. Сондай-ақ әртістердің күрделі, көп қат­парлы шаш үлгілері мен париктері де көрермендерді бейжай қалдырмайды деп ойлаймын, – дейді костюм суретшісі Павел Драгунов. «Астана Опера» театры шығарма­шылық ұжымының жарты жылға созыл­ған жан-жақты дайындық жұмыс­тары, сөйтіп, елордалық көрер­мен­ге көптен күткен жарқын бояулы қойы­­лымын тарту етті. Жаңашыл үлгіде сөй­­леген қос классиктің үздік туындысы «Ас­тана Опера» сахнасындағы өміршең спектакльдің бірі болады деп күтілуде. Оған премьера күні залға ине шаншар орын қалдырмай жиналған қалың көрерменнің «Евгений Онегинге» деген ыстық ықыласы мен туындының әр көрінісіне зор тебіреніспен көңіл қоюы иландыра түскендей... 

Назерке ЖҰМАБАЙ, 

«Egemen Qazaqstan»