Табиғаттың тартуы түгесілмейді деп есептеу түбірінен қате пікір. Ел игілігін молайта отырып, жер игілігін де жөнімен пайдаланған абзал.
Аршалы ауданында өңірде бұрын-соңды бола қоймаған айрықша жоба жүзеге асырылуда. Жаңа жобаның мақсаты – тамшылата суару технологиясын енгізу арқылы суды үнемдеудің тұрақты жүйесін қалыптастыру. Ысырапшылдыққа жол бермейтін, қолда барды қадірлеп, дұрыс тұтынуды бағыт етіп отырған жобаның тізгінін, «Ақбота» қоғамдық қоры мен үкіметаралық ұйымдар ұстап отыр. Бүгінгі таңда жаңа жоба осы ауданның 6 елді мекенін қамтиды. Сөз арасында жобаны жүзеге асыруға 16 мың адамның қатыстырылатынын ескерсек, жаңалықтың ауқымы да жан жадыратады. Жалғыз осы ауданда ғана емес, іргелес жатқан үш ауданның тұрғындарына ауыз суды үнемдеу бағытындағы жаңа технология негіздерін оқытуға тартып, алдағы уақытта Астананың іргесіндегі ауылдарда тұратын 30 мыңнан астам адамды ақпараттандыру межеленіп отыр.
− Кей-кейде жаңсақ басқан қадамыңнан да үйренуге тура келеді, – дейді «Ақбота» жобалық қызметінің жетекшісі Татьяна Немцан. – 2008 жылы Астана су қоймасы стратегиялық нысан дәрежесіне ие болды. Әрине, бұл су қоймасының қаншалықты маңызды екенін бәріміз де түсінеміз. Бірақ арада көп уақыт өтпей, осы қадамның кейбір көлеңкелі тұсы да көрініс бергендігін несіне жасырайық.
Жобалық қызмет жетекшісінің айтуына қарағанда, ауыл тұрғындарының ауласындағы бау-бақшаның көлемі екі есе кеміп кеткен. Ал ауыл тұрғындары үшін табиғаттың тартуынан құр қалу отбасылық бюджетке қыруар салмақ түсіреді. Жаз айларында аталған су қоймасынан су алу тоқтатылысымен, Арнасай ауылындағы су жүйесіне түсетін салмақ ендігі арада үш есеге дейін көбейген. Түсінікті болуы үшін тарата айталық. Бұл су жүйесі бау-бақшаны суаруға лайықталмаған. Осыдан барып судың құны қасқалдақтың қанындай қымбаттап кеткен. Мәселен, 0,12 гектар алқапты суару үшін жеміс-жидек еккен әр отбасы екі жүз теңгеге жуық қаражат жұмсайды. Әшейінде болар-болмас болып көрінген осы қаражатты бір айға көбейтсеңіз, алты мың, ал, жазғы тұтас маусым үшін 120 мың теңге төлеуіңіз керек. Өйтіп азаптанғанша, базардан сатып алған жақсы емес пе? Бұрын бау-бақша егіп келгендердің ынтасының төмендеуі осындай шығындарға байланысты. Міне, осы арада қоғамдық қор батыл қадам жасап, өз ұйғарымдарын ұсынған. Ел игілігін молайтуға арналған бағалы бастама мемлекет пен қоғамдық ұйымдар тарапынан қолдау тапты.
2009-2010 оқу жылдарында Арнасай ауылындағы Вячеслав орта мектебінің екі жылыжайындағы көлемі 300 шаршы метрді құрайтын алаңда алғашқы тәжірибе іспеттес тамшылата суару технологиясы қолға алынды. Құрамында 35 мүшесі бар «Жас фермер» мектебінде ауа райына байланысты жалғыз мектепте ғана емес, ауыл тұрғындарының бау-бақшасындағы көкөністерді тамшылата суару технологиясын пайдалана отырып, жаңа әдістің ұтымдылығы сарапталды. Бұл іске ғалымдар мен мамандар да қатысты. Нәтижесінде Қазақстанның солтүстік өңірлерінде су шығынын екі есеге қысқартуға болатындығы белгілі болып отыр. Арнайы алаңдарда шығынды аз жұмсап, өнім көлемін молайтуға әбден болады екен.
Бастамашылар игілікті істі қолға алғалы сенімді әріптестермен бір мақсатта жұмылып жұмыс істей бастады. Осы ауылдың 300-ге жуық тұрғыны құрылтайшысы болып есептелетін жауапкершілігі шектеулі «Қайсар» серіктестігі жағымды жаңалыққа жан сала кірісті. Олар өздерінің ауылдастарының ішіндегі әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларын су жинағыштармен, су сорғыштармен, басқа да қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуде.
Бір кезде кейбіреулер таңырқай қараған жаңа жоба адал еңбектің арқасында қанат жайды. Нақты дәлел үшін соңғы уақытта Арнасай ауылында тамшылатып суару жүйесіндегі 106 учаске, Жібек жолы, Волгодоновка, Михайловка ауылдарында, Бабатай стансасында, Аршалы кентінде ондаған учаскелердің ұйымдастырылғандығын айта кетуге болады. Адамдар бұрын мән бере бермейтін «судың да сұрауы бар» екендігін мықтап ұғынуда. Ендігі арада өздері ғана емес, жалпақ жұртқа жаңалықтың мәнін түсіндіруге ұмтылуда. Осыған орай, сегіз мәрте оқу семинары өткізіліп, өз жұмыстарының қыр-сырын баяндайтын бейнефильм түсірілді. Әр қадамы тайға таңба басқандай көрініп тұратын фотокөрме ұйымдастырылды. Осының барлығы әлемдік «Мыңжылдық тұғырнамасы» талаптарымен сәйкестендірілгенін де айта кету керек.
Елді табиғатқа тағылық көрсетпей, әр тамшы суды өз ретімен жұмсауға үйретіп отырған бастама иегерлері Тұңғыш Президент қорының, Жапония үкіметінің, БҰҰ гранттарының иегері.
Байқал БАЙӘДІЛ,
«Egemen Qazaqstan»
Ақмола облысы
Аршалы ауданы