• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
13 Ақпан, 2019

Әкімдер есепті кімге береді?

460 рет
көрсетілді

Жер-жерде әкімдер есеп беруде. Айтылуы жағынан «әкімдердің халыққа есеп беруі», ал өткізілуі халықтан гөрі өздерінен жоғары тұрған басшылыққа есеп беру болып тұр. Тиісті тәртіптік сатысы сақталады – деңгейіне қарай ауыл әкімдері аудан басшысына, өз кезегінде аудан тізгінін ұстағандар облыс әкіміне.

Есеп берудің өзін әр түрге салып, көз алдағандар көп болды. «Ашықтық, мөл­дірлік» деп алдын ала дайын­далған сұрақтарды журналистерге таратып, ауыл, қала­лар­дағы, меке­ме-ұжым­дардағы бел­сенділер мен бағыныш­тыла­рға жаттат­қы­зып, мұрын­дарынан шаншыла қапылған қызу дайындық­пен өткізетін. Сұрақтарының сұрқы жер-жерде жоспарланған жобаны сұрау, салынып жат­­қан ғимараттың қашан бітетін­­дігі немесе жоспарда тұрған дәрі­герлік пункт, мектеп, спорт­залдардың қашан ашыла­тындығын сұрау, сондай-ақ қаржысы бөлінген жөнделетін жолдардың жайы мен ауыз су, газ тарту, өзге де сұлбасы бас шаруаларды «сұрап білу». «Солбырайған» сұрақтарға жауыр болған жауаптар жараса кетіп, халықты қайдам, өткізгендер өздері мәз болып, бірін-бірі оң бағалап, шат көңіл­де тарап жатады... Шабыла да­йын­дағандар арқасынан ауыр жүк түскендей терең дем алып, сылқ отырады...

Расында, әкімдердің есебі халыққа арналған ба? Бірін­шіден, ең алыс деген ауданның өзіне бірінші басшы барып, кездесуге қатысады. Дұрыс-ақ. Есеп берудің тәртібі солай болсын. Бірақ зал толы тың­дарманның арасында өңір­лердің шынайы ахуалын ашық айтып, назар аударарлық мәсе­лені ұсынатын халық өкілі бар деп айту қиын, әртүрлі мекемелер, ұйымдар басшылары­мен бірге ақсақалдар, бюджет­тік мекемелер қызметкерлері, жас­тар қатысады. Екіншіден, есеп берушінің баяндамасы халыққа түсінікті тілде емес, пайыздар мен көрсеткіштерді салыстырған сірескен есеп-қисаптарға құрылады (өткен жылғы баяндаманың цифрлары ауысқан көшірмесі болуы әбден мүмкін), оны сол сала­ның мамандары түсінбесе, қарапайым халықтың түсініп, жеткілікті ұғына қоюы екіта­лай. Халық саны, жұмыс орны, кәсіпкерлікті қолдау, әлеумет­тік сала, құрылыс, көші-қон сальдосы, негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі, өнер­кәсіп өнімі, тағы басқа қыз­мет бабында әкімдер мен сала­лық басқармалардың, бөлім­дердің басшыларына қажетті мәліметтерді халыққа қарша боратады. Былайғы уақытта тұр­ғындардың туындаған мәсе­лелермен әкімдердің қабыл­дауына кіруі оңай емес және әрбір адамды қабылдауға әкім­дердің мүмкіндігі бола бермеуі ықтимал. Сондықтан екіжақты кездесуді ашық өткізіп, халық­ты тыңдаса, ел арасында келең­сіз жағдайлар орын алмас па еді?! Үй керек, жұмыс керек деп, өзге де барынша қажетті шаруа­сын айтып, үнін тиісті орын­дарға жеткізе алмай отыр­ған бір мұқтаждың мұңы шеші­мін тауып, бір қасіреттің алды алынуы мүмкін ғой! Ашықтық бол­мағандықтан, «жабулы қазан жабулы күйінде» қалып, есеп беру – әкімдердің өзінің жос­парлы жұмысы кейпінде ғана қалды, халықтың есепте «шаруасы шамалы». Бірі­нен-бірі сырт қалған екі тарап – бірі жүктелген есептен құтыл­ғанына қуанышты, есептің өткендігін кейін біліп «еее» дей салған халық. Үшіншіден, егер әкімдер есепті халыққа берсе, оның бағасын да халық беруге тиісті. Ал бірақ жағдай керісінше, әріптесінің бағасын жоғары тұрғаны бағалап, «бірқатар міндеттер мен тапсырмалар» жүктеп кетеді. 

Ал егер өзінен жоғары тұр­ған лауазым иесінің бағасын алу маңызды болса, цифр­лардан құралған сұп-сұр рес­ми есепті басшылықтың каби­нетіне келіп оқып берсе, оңайырақ болары еді. Сон­дықтан есеп берудің форматын, баяндамалардың мазмұнын өзгертіп, жылына бір рет өтетін аты халықтық кез­десуді шын мәнінде халық­тық сипатқа жақындатса, есеп беру шарасының сапасы артар еді. 

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»

Маңғыстау облысы