ХХІ ғасырдың Қазақстанның басындағы қарқынды әлеуметтік-экономикалық дамуы техникалық, басқарушылық және көшбасшылық құзыреті жоғары деңгейдегі мамандарға қажеттілікті тудырды. Бүгінгі таңда Назарбаев зияткерлік мектептеріндегі озық жүйемен оқытып, бала қиялының барынша өрге өрлеп, көңіл көкжиегі кеңейіп, талғамы жоғары болып өсуіне ықпал ететін жобалардың бірі – «Мектептерге күн энергиясы» жобасы.
Еліміздің Энергетика министрлігі, Астана қаласы әкімдігі, «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ және «Шелл Қазақстан» компаниясының қатысуымен іске асырылған бұл жоба энергияның баламалы көздері мен еліміздегі парниктік газ шығындыларын азайтудағы нысаналы индикаторларға қол жеткізу жөніндегі Үкімет тарапынан қолға алынған істерге үлес қоса отырып, жаңартылатын энергия өндірісін әрі қарай дамытудың өзіндік тұғырнамасы деуге болады.
«STEM-білім беру әдістерін белсенді іске асыратын «Мектептерге күн энергиясы» жобасының маңызы ерекше. Зияткерлік мектептер тұрақты дамудың барлық артықшылығын, соның ішінде энергияның баламалы көздерін таратуды қолдайды. Оқу орындарында күннің фотоэлектрлі жүйесін енгізу стратегиялық тұрғыдан орынды, өйткені тек мектеп қана табиғи ресурстарға ұқыпты қарауды және экологиялық жауапкершілікті қалыптастыруды көздейді», дейді «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинова.
Күн сәулесінен қуат алатын алғашқы мектептің бірі – Астана қаласының физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебі. Онда «Шелл Қазақстан» компаниясы қуаты 100 кВт/сағ күн фотоэлектрлі панельдермен жабдықталған, жалпы көлемі 828 шаршы метр мамандандырылған тұрақ орнатты. Орнатылған күн фотоэлектрлі жүйесі мектептің энергияға тәуелділігін азайтуға айтарлықтай үлес қосуда. Жоба мектептің жылдық энергия тұтынушының 30%-ын жабуды көздейді, сондай-ақ электр қуатын едәуір үнемдеуге мүмкіндік беріп, өндірілген артық электр энергиясын қалалық желіге таратуға жағдай туғызады. Жоба өскелең ұрпақтың нақты ғылымдарды (STEM) оқуға деген қызығушылығын арттыруға және энергияның баламалы көздері саласының жаңа мүмкіндіктері жайында хабардар етуге бағытталған. Бұл Shell NXplorers-тің Назарбаев зияткерлік мектептері мен Қазақстанның басқа да әлеуетті мектептерінде ойлау қабілетінің жаңа технологияларына негізделген білім беру бағдарламасы арқылы іске асады. Биыл Орал, Алматы, Атырау және Ақтау қалаларындағы Назарбаев зияткерлік мектептерінде де күн фотоэлектрлі жүйелері орнатылмақ.
Баламалы энергия көздерін пайдалану туралы көп айтылып жатқан шақта іске асқан бұл жоба оқушыларға еліміз үшін аса маңызды баламалы энергияның өміршеңдігін, ертегідей қиял емес, нақты жүзеге асатынын көрсетіп берді. Панельдермен жабдықталған автотұрақты кішігірім күн стансасы деуге болады. Аз уақыт аралығында күн стансасы тиімділігін дәлелдеп үлгерді. Күн жүйесі панельдері көмегімен осы уақытқа дейін өндірілген жалпы энергия қуаты – сағатына 6042 кВт құрайды. Бұл мектептің энергияға тәуелділігін азайтуға айтарлықтай үлес қосты. Соңғы екі жылды саралай қарасақ, 2017 жылдың желтоқсан айында қолданылған электр энергиясы үшін мектеп 2 млн 700 мың теңге төлеген болатын. Ал 2018 жылдың желтоқсанында тұтынған электр қуаты үшін мектеп тек 1 млн 716 мың теңге жұмсады. Яғни, фотоэлектрлі панельдермен жабдықталған тұрақ «жасыл» энергетика есебінен мектепке бір айдың өзінде 1 миллион теңгеге жуық қаражат үнемдеуге мүмкіндік берді. Егер үнемделген қаражатты электр қуатына айналдырсақ, 56685,035 Вт артық электр энергиясы қалалық желіге таратылғанын көреміз. Сонымен қатар панельдер парниктік газ шығындыларын азайту саласында да қоршаған ортаға едәуір пайда әкелді. Бүгінгі таңда панельдер СО2-парниктік газ шығарылуын 3081 килограмға кемітуге жағдай жасады. «Осылайша біз «жасыл энергия» артықшылықтарын сезініп, мектеп оқушыларына энергия үнемдеу және энергия тиімділігі саясатын насихаттаудамыз. Біз үшін бастысы – балалардың бойында күнделікті өмірде энергия тұтынудың жаңа мәдениетін қалыптастыру болмақ», деді Астана қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің директоры Мейрам Жакенов.
Энергия қорларын үнемдеу бүгінгі аса маңызды мәселелердің бірі. Астана қаласының физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің физика пәнінің мұғалімі Мейрамбек Кеңесханұлы «Мектептерге күн энергиясы» жобасы оқушыларға теория түріндегі сабақты тәжірибе жүзінде көруге мүмкіндік бергенін тілге тиек етті.
«Шәкірттеріме күн энергиясының жердегі сарқылмайтын электр көзі екенін осыған дейін теория түрінде түсіндіріп келдім. Қазір оқушыларым күн энергиясын электр энергиясына айналдыратын қондырғылардың бірі Күн батареялары екенін фотоэлектрлік панельдермен жабдықталған мектеп тұрағында күнде көріп жүр. Осындай күн батареялары мектеп оранжереясында да орнатылған. Бұл күн батареяларынан жинақталған панель оранжереяны қосымша жарықтандыруға және желдетуге қажетті электр энергиясын өндіреді. Мектеп ауласындағы күн электр стансасы күн сәулесінің энергиясын электр энергиясына айналдыратын шала өткізгішті фотоэлектрлі түрлендіргіштен тұратын ток көзі. Осы ток көзі мектебімізді толық жарықтандырып отыр. Былтыр мектеп ауласында күн электр стансасын орнату бойынша «Шелл Қазақстан» компаниясы жүргізген жұмыстар оқушыларды күн энергиясын тиімді пайдалану саласында көптеген зерттеу жүргізіп, түрлі жоба жазуға ынталандырды. Осындай жобалардың бірін 10 «G» сынып оқушысы Әмір Ахметов жазды. «Күн энергиясын тиімді пайдалану жолдары» тақырыбында жазылған Әмірдің алғашқы ғылыми жұмысы 2018 жылғы сәуір айында Павлодар қаласында өткен «XVIII Халықаралық Сәтбаев оқулары» сайысында І дәрежелі диплом алды. «Bilimland.kz» ғылыми-жоба сайысының 2018 жылғы жеңімпазы атанды. Тағы бір талапты бала, 11-сынып оқушысы Мирас Байкенов «Болашақтың кепілі – жасыл энергия» атты тақырыпта ізденіп, болашақ автокөлік моделін жасады. Ал 10-сыныпта оқитын Малика Досмағанбетованың «Күн энергиясын тұрмыста пайдалану» атты еңбегі республикалық «Наурыз кездесулері» жарысында ІІ дәрежелі дипломға ие болды. Қазір Малика Ұлыбританияда танымал жоғары оқу орнында оқып жүр», дейді ол.
Рауан ҚАЙДАР,
«Egemen Qazaqstan»