• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Аймақтар 13 Ақпан, 2019

Алматыдағы Оқушылар сарайында ғылыми жобалар байқауының ашылу салтанаты өтті

569 рет
көрсетілді

Республиканың барлық өңірлерінен жиналған дарынды балалар Алматыдағы Оқушылар сарайында өткен ғылыми жобалар сайысының салтанатты рәсіміне қатысып, өз командаларын таныстырды.

Шараға арнайы Астанадан келген ҚР БҒМ вице-министрі Эльмира Суханбердиева қатысушыларға министрлік атынан сәт-сапар тіледі. Вице-министр республика өңірлерінен жиналған талантты балалардың саны жылдан-жылға артып келе жатқандығына қуанышын білдіріп, бұл байқаудың әділ деңгейде өтетіндігіне сенім артты. Әрі бұдан бұрынғы айтылған кемшіліктерді болдырмас үшін байқаудың онлайн режимде қадағаланатындығын жеткізді.

Алматы қаласындағы «Бөбек» ұлттық ғылыми-практикалық, білім беру және сауықтыру орталығы» РМҚК базасында 13-16 ақпан аралығында жалпы білім беретін пәндер бойынша өтетін байқау қатысушыларына республикалық ғылыми жобалардың жетекшісі, физика-математика ғылымының докторы, профессор,  ҰҒА академигі Мұхтарбай Өтелбаев сәт-сапар тілеп, барлық қатысушылар үшін байқауға қатысудың өзі жоғары мәртебе әрі бүгінгі жастар отандық ғылымның келешегі, деп атап өтті.

Ал тарихи ескерткіштер мен туристік бағыттар бойынша жобаның жетекшісі тарих ғылымдарының докторы, профессор Жәкен Таймағамбетов оған бірнеше секция кіретіндігіне тоқталды. Он тоғыз жылға жуық ғылыми жұмыстарға жетекшілік етіп келе жатқан ғалым байқау қатысушыларының еңбектері қалай да әділ бағаланады деген сенімде. Республиканың әр өңірінен келген, озық жетістіктері бар оқушылар үшін үлкен алаңда сайысу әрине оңай емес. Дегенмен де қазылар алқасы әділ бағасын айтуға күш салатын болады.

Байқау ұйымдастырушыларының мәліметі бойынша, оқушылардың ғылымға деген қызығушылығын арттыру мақсатында өткізіліп отырған білім додасының қазылар алқасының құрамына отандық ЖОО-лардың педагог-ғалымдары енген.  Байқау «Ғылыми-техникалық прогресс – экономикалық өсудің негізгі буыны», «Экономикалық және әлеуметтік процестерді математикалық модельдеу», «Таза табиғи орта – Қазақстан-2050 стратегиясын іске асырудың негізі», «Қазақстанның тарихи ескерткіштері және болашақ дамуы бар саяхат бағдарлары» тәрізді төрт бағыт бойынша өтеді.  Байқаудың қорытынды кезеңінде 811 жас зерттеуші 625 ғылыми жобаны таныстыратын болады. Сайыс нәтижесі бойынша жеңімпаздар арасынан 2019 жылдың 12-17 мамыр аралығында Феникс қаласында (Аризона штаты) өтетін «Intel ISEF-2019» халықаралық ғылыми жобалар байқауына орай еліміздің құрама командасы құрылатын болады.

 «Дарын» РҒПО тарапынан ұйымдастырылатын онлайн-трансляция  оқушылардың ғылыми жобаларын қорғау кезінде барлық секцияларда бір уақытта  бейне-трансляция жүргізу бойынша жасалған алғашқы тәжірибе.

Онлайн-трансляцияны ҚР білім беру Ұлттық платформасынан көруге болады: https://edu.mail.kz/services/online/

Эльвира Серікқызы,

«Еqemen Qazaqstan»

АЛМАТЫ