• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Қазақстан 13 Ақпан, 2019

«Smart- өмір дегеніміз – бүкіл елді цифрландыру...»

1669 рет
көрсетілді

Әйгілі цитат сөзді сәл өзгертіп айтар болсақ, «smart- өмір дегеніміз – бүкіл елді цифрландыру...» Жалпы, бұл бүкіл әлемнің алдында тұрған мақсат. Қазір дамыған мемлекеттердің дені цифрландырудың шегіне жетіп қалды. Дүниедегі «Индустрия 4.0» түсінігі экономика мен өндірісті ғана емес, адам өмірінің негізгі бөлігін smart-тіршілікпен тығыз байланыстыруда. 

Қазақстан да бұл ғаламдық үдерістен тыс қалмауы тиіс. Бүгінде осы мақсатты көздейтін «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы ел тұрмысына дендей еніп келеді. Негізі бұл бағдарлама аясында ел бойынша интернет қолданушылар санын 80 процентке жеткізу міндеті тұр. 2020 жылға дейін осы межені игеруіміз керек. Ал елдің ақпарат саласындағы цифрлы хабар тарату үрдісі 95 процентке жетуі тиіс. Сондай-ақ, алдағы бір-екі жылдың жүзінде тұрғындардың ғаламторды игеру сауаттылығы да 80 проценттен асуы керек. Мұның бәрі Мемлекет Басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауы және «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында да нақты айтылған.

«Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының аймақтарда жүзеге асуы адамдардың қолайлы өмір сүруіне бастайтын үрдіс екенін қайталап жату да артық. Бұл жердегі жетістік қоғамды қағазбастылықтан арылтып, бюрократияны жоюға дейін жеткізуі тиіс. Ал цифрландырудың ең басты ерекшелігі деп барлық салаға батпандап еніп кеткен сыбайлас жемқорлықтың жолын кесуге мүмкіндік беретін жақтарын айтуымыз керек.

Бұл бағыттағы жұмыстар Алматы облысында өз деңгейінде жүргізіліп жатыр деуге нақты негіз бар. Қазір аймақта «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында жұмыстар әр сала бойынша жүруде. Мысалға, өткен жылы білім беру саласында бұл қадам сәтті жүзеге асты. Облыс бойынша балабақша кезегіне өтініш беруге автоматтандыру жүйесі енгізілді. Бұл жүйеге аймақтағымектепке дейінгі 951 ұйым тіркелді. Осы балабақша кезегіне қатысты цифрландыру жұмысы 81,4 процентке жеткен екен. Мұнан бөлек, облыста «Smart-колледж» пилоттық жобасы іске қосылды. Бұл өңірдегі колледждерде білім беру процесін автоматтандыруға мүмкіндік береді. Ал мектептердің компьютер техникасымен жабдықталуы 100 процент орындалып, цифрлы кабинеттердің саны 11275 бөлмеге жетті. Білім беру нысандарын жылдамдығы жоғары интернетпен қамту 56 процентке артқа некен.

Облыста «Жетісу» медициналық ақпараттық жүйесі қолданысқа енгізіліп жатыр. Бұл бойынша денсаулық сақтау саласындағы барлық ұйымдар медициналық ақпарат жүйесіне 100 процентке қосылған екен. Оның ішінде аудандық деңгейдегі қамту 69,9 процентті құрапты. Жалпы, денсаулық сақтау саласында электронды форматқа 117 медициналық нысан көшкен. Қазір қағазсыз құжат айналымы 53 процентке дейін көбейді. Есеп бойынша өңір тұрғындарының 83 процентінде электронды женсаулық паспорты бар. Жақында Талдықорған қаласының жедел жәрдем станциясыа «Көмек 103» цифрлы жүйесіне толықтай қосылды. Бұл науқастардың шақыруын жедел қабылдап, дәргірелік көмекті уақтылы көрсетуге жол ашты.

Былтыр тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында 9 тұрғын үй «е-Шаңырақ» бірыңғай зияткерлік ақпараттық жүйесіне қосылған екен. Нтәижесінде тұтынылған және жеткізілетін коммуналдық қызметтерді бақылау және мониторинг бойынша шығындар 30 процентке төмендеді. Жалпы, цифрландыру бағдарламасының «Қаланы басқару» бағытын іске асыру аясында «Smart Taldykorgan» мобильді қосымшасы әзірленген. Ол бойынша қырықтан астам қалалық сервис қызметіне интернет арқылы қосылуға мүмкіндік береді. Облыс орталығында «Ақылды жаяу жүргінші өткелі» іске қосылған. Бірнеше «Smart» аялдама кешені орнатылды.

Сондай-ақ, Алматы облысының құқық қорғау салсы да цифрлы қызмет көрсетуге көшіп жатыр. Мысалға, «Электрондық қылмыстық іс» жобасы шеңберінде қылмыстық істерді тергеу электронды форматта жүргізілуде. Бұл мақсатта 300 арнайы жұмыс орны ашылған. Нәтижесінде тергеу жүргізу мерзімі қысқарып, іс материалдарын бұрмалау тәуекелі азайған.

- «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында цифрландыру үдерісі барлық өмір сүру саласына қатысты және мемлекетіміздің әрбір тұрғынының өмір сүру деңгейін арттыруға бағытталған. Бұл бағыттағы жұмыстың бір парасын «Жетісу – адалдық алаңы» жобалық кеңсіне қатысты айтуға болады. Жобалық кеңсе ашылғалы бері жұмыс тобы 12 отырыс өткізді. Ал жақында ғана біз Алматы облысындағы мемлекеттік қызмет көрсетуді цифрландыру бойынша екі мәселені талқыладық. Біріншісі, Мемлекеттік кірістер департаменті бастамашы болып отырған «Мемлекеттік қызметті жедел көрсету – дөңгелекті кеңсе» жобасы. Бұл бойынша салық міндеттемелерін есептеп, қабылдау үшін елді мекендерге арнайы жабдықталған көлік шығару жоспарланған. Оның қызметі толықтай цифрланады. Нәтижесінде, салық төлеушілердің жұмысы жеңілдеп, қағазбастылық азаяды. Екінші жобаны «BilimMediaGroup» компаниясы ұсынып отыр. Ол білім саласындағы қызметтерді автоматтандыру арқылы сыбайлас жемқорлық қауіпін төмендетуге бағытталған, - дейді Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы Серікбай Нұрғисаев.

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,

«Egemen Qazaqstan»

Алматы облысы