Америкалық зерттеуші-ғалымдар Крис Галавер мен Дэн Джонсонның айтуынша, ғылыми фантастика адамдарды «ақымақтандырып», эмоциялық қабылдау сезімдерін жояды. Олар ерікті студенттердің қатысуымен жасалған эксперименттен соң осындай шешімге келген.
Экспериментке қатысушыларға негізгі құрылымы бірдей екі түрлі әдеби кітап ұсынған. Сюжеті, авторлық стилистикасы, мәтін тығыздығы, тіпті кейіпкерлер де бірдей болған. Екі шығарманың айырмашылығы – декорацияларында. Бірінші кітапта оқиға реалды әлемде өтеді, екіншісіндегі антураж ғылыми фантастиканың стилінде. Бірақ кейіпкерлердің қимыл-әрекеті, мотивациялары бірдей болған.
Нәтижесінде ғылыми фантастиканы оқығандар кейіпкерлерінің іс-әрекетіне терең мән бермейтіндері анықталады. Олар үшін алаңдамайды, мақсаттарын түсінбейді. Тіпті ешқандай эмоциялық әсерге де бөленбейді. Ғалымдар мұны ғылыми фантастиканы салмақты әдебиет ретінде қабылдамайтын стереотиппен байланыстырады. Сол үшін де ғылыми фантастика оқырман сезіміне араласа алмайды деп түйген.
Жақында Арман Әлменбеттің «Берекелі бизнестің сыры» кітабының тұсаукесерінде білім берудің жаңа моделін зерттеп жүрген Саясат Нұрбек қызық дерек айтты. Оның айтуынша, Қытайда соңғы он жылда ғылыми фантастиканы жаппай оқи бастаған және оқуға ресми рұқсат берген. Оған дейін ол жанрдағы кітаптарды оқуға тыйым салыныпты. Қытайлық инженерлер әлемде қандай техника шықса да соны айнытпай көшіре алады екен. Бірақ өздері жаңа нәрсе ойлап табуға қабілетсіз болып шығады. Ал Батыс, Америка инженерлері ғылыми индустрияның биігіне шыққан. Қытайлар соның себебін іздегенде, Батыс, Америка инженерлері кітапты, әсіресе ғылыми фантастиканы қатты оқитын болып шығады. Содан бері олар да ғылыми фантастикаға жаңа жол ашқан. Қазір Қытай кино нарығында да ғылыми фантастиканың элементтері араласқан фильмдер көптеп шығып жатқан көрінеді.
Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ,
«Egemen Qazaqstan»