Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен болған палатаның кешегі кезекті жалпы отырысында күн тәртібіне сәйкес үш мәселе қаралды.
«Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» бірінші оқылымда қаралған заң жобасы туралы негізгі баяндаманы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы жасады. Ол жаңа заң жобасы 1992 жылы қабылданған заңның орнына ұсынылып отырғанын айтты. «Тарихи мұраларымызды бүгінгі және келешек ұрпақтың рухани игілігіне айналдыру жолында бұл заңның маңызы зор. Барлық дамыған елдер тарихи мұраларының сақталуына жетілген заңдарының арқасында қол жеткізген және оларды әлемге танытып отырған», дей келіп А.Мұхамедиұлы ұсынылып отырған заң жобасын әзірлеу барысында олардың тәжірибелері ескерілгенін жеткізді.
Одан әрі министр еліміздегі тарихи-мәдени мұра объектілерінің саны 25 мыңнан асатынын атап өтті. «Соның ішінде «Киелі Қазақстан» бағдарламасына сәйкес ауқымды жүйелендіру жұмыстарын жүргізіп, нәтижесінде жалпыұлттық маңызы бар 180 және жергілікті маңызы бар 456 нысанның тізімі жасалды» деген ол көптеген тарихи-мәдени нысандардың әлемдік маңызына, тарихи құндылығына тоқталып өтті. Мемлекеттік 9 қорықтағы ескерткіштер туралы да кеңінен мәлімет берілді. Осының үстіне жаңадан мемлекеттік үш музей-қорықтың ашылғаны сөз болды. Олар: «Ботай» тарихи қонысы, Астана қаласының түбіндегі «Бозоқ» және «Сарайшық» қалашықтары екені айтылды. «Отырар» қаласының 800 жылдық мерейтойына орай онда келушілерге арналған «визит орталығы» ашылатыны да мәлім болды.
Министрдің баяндамасынан кейін оған көптеген сұрақтар қойылды. Соның ішінде депутат Айзада Құрманова қасиетті орындарды «Киелі Қазақстан» бағдарламасына сәйкес жасалған тізімге енгізудің өлшем шарттары мен тәртібі қандай екенін сұрады. Оған А.Мұхамедиұлы ішкі туризмді атқару мақсатымен жергілікті атқарушы органдардың ұсынысына сәйкес барлық атақты орындар осы тізімге енгізілетінін және олар әлі де толық тізбеленбегенін айтты.
Депутат Ж.Дүйсебаев тізімге енгізілетін ескерткіштер қандай санаттарға бөлінетінін және жергілікті атқарушы органдарда білікті маман жоқ болып, оларды анықтай алмаған жағдайда мәселе қалай шешілетінін сұрады. Министр бұл сұрақтың орынды екенін айта отырып, кейбір университеттерде сұраныс болмағандықтан археология факультеттерінің жабылып жатқанын айтты. «Сондықтан білікті мамандардың жетіспейтіндігі көрінуде. Ал енді мына заң қабылданғаннан кейін жергілікті органдарда археолог мамандарға сұраныс болады, сонда оған оқитын жастар да табылатын шығар. Әзірге біз киелі орындардың тізбесіне жататын нысандарды анықтау үшін білікті мамандарды орталықтардан жіберудеміз», деді ол.
Заң жобасы бойынша қосымша баяндаманы Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі С.Абдрахманов жасады. «Бізде осы мәселені реттейтін заң бар. Ендеше неге жаңа заң қабылдағалы жатырмыз деген сұраққа жауап беретін болсақ, қолданыстағы заң егемендіктің елең-алаңында, сонау 1992 жылы 2 шілдеде қабылданған. Одан бері аттай 27 жыл өтті. Заман да өзгерді, қоғам да өзгерді, адам да өзгерді. Сондықтан да қолданыстағы заңның жартысынан астам нормаларын өзгертуге тура келетіні анық болып отыр. «Ескіні жамасаң, есің кетеді» дегендей, ескі заңды жамап-жасқағаннан гөрі жаңа заң дайындау орынды. Сондықтан да жаңа заң жобасы дайындалды», дей келіп, ол заң жобасының тарихи-мәдени мұра объектілерін анықтау және есепке алу, сондай-ақ олардың жағдайын мониторингтеу тәртібін бекіту; Тарихи және мәдени мұра объектілерін түпкілікті тарихи келбетте сақтау мен пайдаланудың сапалы жаңа механизмдерін енгізу; Археологиялық жұмыстарды жүргізу және «қара» археологтарға қарсы күрес ережелері мен шарттарын бекіту; Қорғау аймақтарында жер учаскелерін пайдаланудың құқықтық режімін, тарихи және мәдени ескерткіштердің қорғалатын құрылыс, табиғи ландшафт аймақтарын пайдаланудың құқықтық режімін анықтау және т.б. көздейтінін жеткізді.
Талқылауға қатысқан депутат Д.Мыңбай: «Аталған заң жобасының археологиялық жұмыстарды жоспарлауға және жүзеге асыруға қатысты баптары өте орынды және дер кезінде енгізіліп отыр деп ойлаймын. Олар бүгінгі таңда тарихи-мәдени мұраларға зерттеу жұмыстарын ісінде көптен бері қордаланып қалған мәселелерді шешуге жол ашады», деді. Сөйтіп негізгі заң жобасы және оған ілеспе заң жобасы да бірінші оқылымда толық мақұлданды.
Ілеспе заң жобасында тарихи-мәдени мұра объектілеріне археологиялық жұмыстарды жүзеге асыру шарттарын, сондай-ақ ескерткіштердің бастапқы келбетінің, тарихи және мәдени маңыздылығының жойылуына және олардың бүлінуіне жол бермеу мақсатында тарихи және мәдени ескерткіштерге ғылыми-реставрациялық жұмыстарды жүргізу шарттарын бұзғаны үшін әкімшілік жауаптылықты енгізу ұсынылады. Сондықтан Әкімшілік-құқық бұзушылық, Жер кодекстеріне және бірнеше заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілулер ұсынылған. Сонымен қатар тарих және мәдениет ескерткіштерінің қорғау аймақтарының, құрылыс салуды реттеу аймақтарының және қорғалатын табиғи ландшафт аймақтарының шекараларын бекіту жөніндегі функцияларды облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, Астананың жергілікті атқарушы органдарына беру көзделген.
Жалпы отырыста мемлекеттік функцияларды бәсекелес ортаға беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы екінші оқылымда мақұлданды. Отырыс аяқталған соң бірнеше депутат орталық атқарушы органдарға өздерінің сауалдарын жолдады.
Сонымен бірге жалпы отырыста Мәжіліс құрамына тізіммен сайланған жаңа депутат Нұржан Әлтаев Аграрлық мәселелер комитетінің құрамына сайланды.
Жақсыбай САМРАТ,
«Egemen Qazaqstan»