Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Жастар жылының ашылуында сөйлеген сөзінде Үкіметке жас қазақстандықтардың маңызды қажеттіліктерін қамтамасыз етуге бағытталған қарапайым және түсінікті қолдау құралдарын әзірлеуді, оның ішінде, ең алдымен, қолжетімді және сапалы білім, жұмыспен қамту, баспана және отбасын құру мүмкіндігін қарастыруды тапсырған болатын.
Жалпы, Елбасының өткен жылғы қазан айындағы Жолдауынан 2019 жылдың жастарға арналатындығы белгілі болған сәттен бастап биыл жастардың несібесі артып, қордаланған мәселелері шешілетіндігі анық байқалды. Оған қоса, бұл ерекше жылды науқаншылдыққа айналдырмай, нақты мәселелерге арнау керектігі аз айтылып жатқан жоқ.
Осы орайда, «Egemen Qazaqstan» газетінде өткен кезекті дөңгелек үстел мәжілісі де жастар мәселесіне арналды. Жиынды ашқан газет басшысы Дархан Қыдырәлі биыл ғасырлық межесін атап өтетін «Egemen Qazaqstan» газеті бұл бағытта нақты істерді қолға алғанына тоқталды.
– Қазіргі күні басылым ұжымы да едәуір жасарғанын, жастармен толыққанын айта кеткен жөн. 2 жыл бұрын еңбек ұжымының орта жасы 57 жас болса, қазір бұл көрсеткіш 30 жастың төңірегінде болып отыр, – деген ол газет бетінде бұл тақырыпқа ұдайы көңіл бөлініп, осы бағыттағы зерттеулерді жариялау, көпшіліктің талқысына шығару мақсатында «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығымен өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылғанын айтты.
Бұл тарапта Жастар жылына арналған арнаулы бет шығарумен қатар, саладағы өзекті жайттарды дөңгелек үстел басында жастардың өз өкілдерімен талқылау қолға алынды. Осындай талқылауларға бұған дейін «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасы өзек болса, бүгін назарларыңызға ұсынылып отырған ой-пікірлер мен тұжырымдар Жастар жылында атқарылуы тиіс жұмыстар мен назар аударылуы қажет өзекті мәселелер төңірегінде өрбіді. Жиынға Парламент, жастар ұйымдары, ғылыми-зерттеу орталықтарының өкілдері мен журналистер қатысты.
Сонымен Елбасының тапсырмаларын жастардың өзі қалай бағалайды және қандай үміт күтіп, қандай үлес қосады?
Дөңгелек үстел отырысына модераторлық еткен басылымның бас редакторының орынбасары Нұрмұхамед Байғара бастапқы сөзді «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы директорының орынбасары, саяси ғылымдар докторы Әсем Қайдароваға беріп, аталған орталықтың әлеуметтік зерттеулерінің нәтижесінде анықталған, жастарды толғандырып жүрген мәселелер жөнінде сұрады.
– Біздің әрбір сауалнамаға орташа есеппен 2000 респондент қатысады. Әлеуметтік зерттеулер еліміздің 14 облысы мен Астана, Алматы, Шымкент қалаларында өтеді. Біздің анықтауымызша, қазір жастарды толғандыратын бес өзекті мәселе бар. Біріншісі – жұмыссыздық. Өкінішке қарай, зерттеулер нәтижесі көрсетіп отырғандай, елімізде жоғары оқу орындарын бітірген жастардың 35 пайызы ғана өз мамандықтары бойынша жұмысқа орналасады екен. Екіншісі – тұрғын үй мәселесі. Қазіргі ажырасулардың көбейгендігіне де осы баспана мәселесі тікелей әсер етуде. Оған қоса, жас отбасылардың ажырасуларына қаржы жетіспеушілігі де себеп болуда. Бұл мәселелерді сауалнамаларға қатысқан жастар нақты атап көрсетті. Үшіншісі – білім сапасы. Біз, мәселен, жастардың шетелге көптеп кетуінің себебін анықтау барысында сауалнамаға қатысқан әрбір оныншы жас сырт елдерде білім алуға бейіл екенін білдік. Бірақ олардың көбі елге қайта оралып, Отанында жұмыс жасауға ниетті. Солай бола тұра, жастар шетелдік оқу орындарындағы білім сапасын жоғары бағалайды. Олар, сондай-ақ шетелдік дипломы бар маманның елімізде жұмысқа орналасуында кедергі болмайды деп санайды. Өйткені қазіргі жұмыс берушілер де шетелдік дипломға баса назар аударады. Төртіншісі – азық-түлік пен халық тұтынатын тауарлар бағасының қымбатшылығы. Бесіншісі – медициналық қызметтің сапасына көңіл толмаушылық. Қазір, әрине жастар арасында өлім-жітім азайды деген статистика бар. Бірақ бұл көрсеткіштің ауылдық жерде төмендеп отырғаны шамалы... Әсіресе жап-жас жігіттер оқыс оқиғалар, қылмыс салдарынан көз жұмуда. Еліміздің жастарын замандастары арасындағы өз-өзіне қол жұмсаушылық, жұқпалы аурулардың таралуы да алаңдатып отыр, – деді Ә.Қайдарова.
Осы орайда, Мәжіліс депутаты Бақтияр Мәкен Жастар жылын заңнамалық қамтамасыз ету, арнайы мемлекеттік бағдарламалардың орындалуын бақылау турасындағы ойларын ортаға салды.
– «Egemen Qazaqstan» басылымының Жастар жылына арнап дөңгелек үстел отырысын өткізуі жас ұрпақ үшін үлкен мәртебе. Ел газеті менің студенттік шағымның кезінен жастар проблемасын ашық жазатын бағытынан таймай келеді.
Бүгінде еліміз көптеген экономикалық қиындықтарды еңсеріп, халықтың әл-ауқаты жақсара түсті. Оның ішінде, аталған көрсеткіштер жастардың тіршілігіне оң әсерін тигізіп келеді. Алайда, осыдан он-он бес жыл бұрын өзекті болған бірқатар мәселелер әлі де шешімін таппай отырғандығын жасыруға болмас.
Жуырда өңірлердегі сайлаушылармен кездесу мақсатында Қызылорда облысының қиянындағы Арал ауданына барып, жергілікті жастармен кездесудің сәті түсті. Оның үстіне, өңірдің экологиялық, әлеуметтік-экономикалық ахуалын өз көзіммен көргім келді. Сол сапар аясында қилы тағдырлы, қазағы қалың Арал қаласында орыс мектебінің сақталып қалғанын көрдім. Оның мәнісін сұрағанымда, жергілікті жастар мемлекеттік тілмен қатар, орыс тілін меңгеріп, жан-жақты болуға ынталы екендіктерін байқатты. Бұл – дұрыс ұмтылыс.
Жергілікті жас мамандармен кездесу барысында «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасында жастардың мүддесі ескерілуі керектігі айтылды. Ондағы ұсыныстарды Парламентте өз назарыма аламын. Ал жастардың жұмыссыздығына тоқталар болсам, олар көбіне тұрақты жұмыс орнының жоқтығына шағынады. Ауылдық жерлерде жастардың дені уақытша жұмыстарға тартылған. Қазіргі статистикаға сенсек, еліміздегі жұмыссыз жастардың саны шамамен 300 мыңдай делінгенімен, бұл цифрдың өзі нақты емес сияқты. Сондықтан ел көлемінде атқарылатын ауқымды шараларға жастарды мейлінше көбірек тартуға күш салуымыз керек. Бүгінде жастарды көшеге жинап, ұрандатып, флешмобтар өткізетін уақыт өтті. Оған қоса, жастардың өздері де бейтарап қалмай, өздерін қызықтыратын мәселелерді ұсынуы тиіс. Мәселен, қызылордалық жастар ұйымдары қазір Түркістан қаласына студенттік құрылыс отрядтарын жіберуге қамданып жатыр. Бұл – игі бастама.
Ал Парламент қабырғасында Жастар жылын заңнамалық тұрғыда қамтамасыз ету үшін тиісті заңдарға өзгерістер енгізіледі. Сонымен қатар арнайы мемлекеттік бағдарламаларды партиялық бақылау жүйесі жетілдіріледі, – деді Б.Мәкен.
Өзінің қызметтік мансабын жастар ұйымдарынан, жастар саясатын жүргізуден бастаған Бақтияр Мәкеннің сөзінен қанаттанған жастар дөңгелек үстел отырысындағы жарыссөз көрігін қыздыра түсті.
Жастар нақтылықты талап етеді
Қоғамдық даму министрлігі Жастар және отбасы істері комитеті Ведомствоаралық үйлестіру және өңірлік өзара іс-қимыл басқармасының басшысы Асхат Ерғабылов та тақырып бойынша пікір қосты.
– Жыл сайын сауалнамалар мен әлеуметтік талдауларға негізделген ұлттық баяндама жарияланып келеді. Оның қорытындысы бойынша біздің министрлік тарапынан мүдделі мемлекеттік атқарушы органдармен келісімге келе отырып, ортақ шешім қабылданады. Мәселен, қазір жұмыссыз жастарды есепке алғанда көбіне жұмыс істеуге де, білімін жетілдіруге де құлықсыз жастардың тізімі есепке алынады. Біз былтыр осыған орай, Үкіметке тек нарыққа қажетті кадрларды даярлау жөнінде ұсыныс бердік. Оған қоса, осы мақсаттарды жүзеге асыру үшін Жол картасы қабылданды. Жалпы, мемлекет жастардың қолынан жетелеп жүріп жұмысқа орналастырмайды. Міндетіміз – тиісті тетіктерді ұсыну ғана, – деген Қоғамдық даму министрлігінің өкілінен дөңгелек үстел модераторы «Жоғары оқу орындарын бітірген түлектерден жұмыс берушілердің жұмыс тәжірибесі мен екі жылдық еңбек өтілін талап ететін үдеріске заңнамалық тоқтау салуға бола ма?» деп сұрады.
– Жұмыс берушілердің мұндай талаптарын айналып өтудің басты жолы – қолданыстағы Жастар тәжірибесі жобасы. Екіншіден, жоғарыда айтқан Жол картасына волонтерлік қызметті дамытып, жастардың еңбек өтілі ретінде есептеудің жолдары қарастырылуда. Ол үшін арнайы сайт ашылып, онда тіркелген студенттердің оқу орны қабырғасындағы ерікті қызметтерінің уақытын тіркеу жүйесі жолға қойылып, ол болашақта жас маманның еңбек өтілі ретінде есептелуі мүмкін, – деді Асхат Ерғабылов.
Осы арада әңгімеге араласқан Б.Мәкен: «Еріктілер жұмысын ұйымдастыру мен үйлестіру – Елбасы тапсырмасы. Әлбетте, олардың басын біріктіріп, есебін шығарып отыру оңайға соқпайды. Жаңағы сайттың қалай жұмыс істейтіндігін, қаншалықты сұранысқа ие боларын да болжау қиын. Мемлекет басшысының бақылауындағы «Жастар тәжірибесі» жобасын да жетілдіре түсу қажет», деген пікірін білдірді.
Елбасы қолдаған волонтерлік қызмет жайында «Ұлттық волонтерлер желісі» ЗТБ атқарушы директоры Татьяна Миронюк:
– Елімізде әрбір бесінші адам волонтерлік қызметпен айналысады. Бірақ олардың жұмыстарының атауы әркелкі. Қазіргі уақытта мұндай қызмет Алматы, Астана, Қостанай, Павлодар қалаларында жақсы дамып келеді. Алайда, өңірлердегі науқандық шараларға қатысып, жалаушасын желбіретіп тұратындарды волонтерлер қатарына жатқызуға болмайды. Жалпы, бізде волонтерлік қызметке жастардың қолдары тие бермейтіндіктен, көбіне маңызды әлеуметтік жобаларды ересек адамдар атқаруда. Жастардың күші біріктірілмегендіктен, әлеуметтік салада көптеген проблемалар ескерусіз қалуда. Оның ішінде мүмкіндігі шектеулі жандар мен зейнеткерлерге қатысты және экологиялық жобалар бар.
Тағы бір айта кетерлігі, аймақтардағы сенбіліктерді де волонтерлікке жатқызуға болмайды, бұл әрине керекті, сауапты іс, бірақ орны мен ұғымы басқа. Сондықтан бұл саланы дамытпас бұрын, осындай түсініспеушіліктердің басын ашып алу қажет.
Н.Байғара: – Көптеген мемлекеттерде волонтерлік қызмет жастарды көтермелеу үшін қолданылады. Бізде осы жүйені енгізуде қандай кедергілер бар?
Т.Миронюк: – Елімізде волонтерлік қызметті реттейтін арнайы заң қабылданды. Осы сауапты іспен айналысатындарды көтермелеу жөніндегі ұсыныстар түсіп тұрады. Мысалы, күні кеше ғана мемлекеттік грант арқылы білім алатын жастар еріктінің қызметін атқарған күнде шәкіртақысын 30 пайызға көтеру жөнінде ұсыныс айтылды. Алайда, ақылы оқитын немесе мүлдем оқуда жоқ жастарды қалай көтермелейміз, ынталандырамыз? Ал қазір қоғамда волонтерлік қызметті жастардың еңбек өтілі ретінде есептеу мәселесі қызу талқылануда. Бірақ бизнес өкілдерін волонтерлік еңбек өтілі бар адамды жұмысқа алуға мәжбүрлеу мүмкін емес. Бұл ұзақ жылдар бойы қалыптасатын мәдениет. Тіпті дамыған мемлекеттерге тән қалыптасқан ортақ қағида да жоқ. Сондықтан осы мәселелерді жүйелеп, бірыңғайлайтын нақты бағдарлама қажет.
Б.Мәкен: – Бұл істе де жастарды алалау, жіктеу болмауы тиіс. Осыдан 10 жыл бұрын шет мемлекеттерде волонтерлік қызмет дамыған екен, бізге қашан жетер екен деп жүрдік. Енді 10 жылда бұл қызмет біздің елде толық жүйеленеріне сенімдімін. Оның үстіне сауапты, қайтарымсыз істер жасау – біздің қанымызда бар қасиет.
Ұсыныс сұранысқа сай емес
Тілектес Адамбеков, «Болашақ» бағдарламасының түлегі:
– «Мен «Болашақ» бағдарламасының түлегімін, ауылдан шыққан жастардың бірімін. Осы орайда, «Егеменнің» мүдделі тараптарды бір үстелдің басына жинап, жастарды алаңдатқан мәселеге назар аударғаны қуантып отыр.
Өз басым Қазақстан жастарын үш топқа бөліп қараймын. Біріншісі – ауылдық елді мекендерде тұратын, екіншісі – облыс орталықтары мен Алматы, Астана, Шымкент секілді ірі қалаларда тұратын, үшіншісі – шетелде оқитын жастар. Егер, аңғарып қарайтын болсақ, осы үш топ өкілдерінің ойлары да, мақсаттары да бір-біріне мүлдем ұқсамайды. Ауылдықтардың арманы – қалаға жету, қалалықтар жақсы жұмыс пен жайлы баспананы армандайды, ал шетелде жүрген замандастарымыз сол жақта қалуды ойлайды. Бұған Қытайда білім алған 14 мыңдай студенттің басын қосқан ұйымды басқару барысында көз жеткіздім. Қазірдің өзінде шетелде жүрген жастармен жиі хабарласып тұрамын.
Енді, ортақ әңгімеге көшсек, қазір баспанаға мұқтаждық туралы айтылғанымен, бұл мәселеге қатысты нақты зерттеу, талдау жұмыстары жоқ секілді. Еліміздегі «Нұрлы жер», «7-20-25» бағдарламалары да жастардың тұрғын үйге мұқтаждық мәселесін шешуге жеткіліксіз сияқты. Өйткені құрылыс компаниялары тұрғын үйлердегі пәтерлерді сол ғимараттардың іргетасы қаланып жатқанда сатып жібереді. Сондықтан жастар бағасы қымбат дайын пәтерді ғана ала алады. Мемлекеттік бағдарламаларда бұл жағдай ескерілмеген.
Сондай-ақ сол пәтерлердің алғашқы жарнасы үшін қажетті 3-4 млн теңге жұмысқа жаңа орналасқан жастарда қайдан болсын? Міне, Жастар жылында осындай нақты мәселелер көтерілуі керек. Ал жұмыссыздықты жою үшін жастарды кәсіпкерлікке баулып, бизнестің қыр-сырына үйрету әрі арзанға әрі оңайға соғады.
Бір айта кетер жайт, біздің жастар жұмыс пен баспананы мемлекеттен дәметіп отырады. Мен Қытайда 8 жыл тұрып, АҚШ-та жұмыс істеген уақыттарымда ол дамыған мемлекеттерде жастарға үкіметтерінің үй де, жұмыс та бермейтіндігіне көз жеткіздім. Жақсы жұмыс керек пе – біліміңнің озаттығын көрсет, сол жетеді. Сол арқылы баспаналы да боласың. Қызметтік мансабың да өседі. Сондықтан біздің жастар университет қабырғасында жүргенде-ақ аспанға қарап, жұлдызды санап уақытты текке өткізбей, үздіксіз жұмыс іздеп, білімдерін жетілдіруді ойлауы керек.
Осы орайда, журналист Ерболат Мұхамеджан Қоғамдық даму министрлігі өкілінен жұмыссыздық пен баспанаға нақты мұқтаждықтың себептерін және олардың санын сұрады.
Бұл сауалға Қоғамдық даму министрлігінің өкілі Асхат Ерғабылов: «Бұл мәселелердің себептері де салдары да жеткілікті. Қазір Қоғамдық даму және Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктері бірлесіп «Ұрпақтар келісімі» атты жобаны бастадық. Осы жоба аясында мекемелер мен ұйымдарда зейнеткерлікке шығуына 1-2 жыл қалған тәжірибелі мамандар өз орындарына жас мамандарды даярлауға міндеттелді. Әрине қазір жұмыссыз жастардың нақты саны белгісіз екендігін мойындау қажет. Оған қоса, статистика органдары өзін өзі жұмыспен қамтып отырғандарды жұмыссыздар есебіне қосып келген. Өйткені олардың көбі салық төлемейтіндігі және зейнетақы қорына міндетті жарна аудармайтындығы белгілі», деп жауап қайырды.
Міне, пікір алуандығы, салмақты жарыссөздер арқылы жастардың негізгі проблемалары осылайша нақтылана түсіп, бұдан кейінгі пікірлер де қызу талас-тартыстармен өрнектелді.
Әлібек Мәдібеков, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ өкілі:
– Мемлекет тарапынан жастардың жұмыссыздығын жоюға бағытталған тәуір бағдарламалармен қатар, біз де бұл мәселені дуалдық оқыту тәсілімен бірыңғайлай бастадық. Қазіргі уақытта көптеген оқу орындарының кафедралары өндірістік кәсіпорындарда филиалдарын аша бастады. Ондағы мақсат – теориялық білім мен тәжірибені ұштастыра отырып, білікті маман әзірлеу. Қазір біздің университеттің Жылу энергетикасы мамандығының студенттері Астана жылу электр орталығында білім алуда.
Бұдан кейін жиын модераторы тарапынан журналист Ерболат Мұхамеджанға «Еуропада мемлекет жастарды жұмыспен де, тегін оқумен де қамтамасыз етпейді. Ал біздің жастарды мемлекетке алақан жайдыратын масылдық сезім билеп алған жоқ па?» деген сауалын қойды.
– Мен біздің жастар масыл деген пікірлермен келіспеймін. Мәселен, жуырда Астанада бес баласы өртте қаза тапқан жас ана мемлекетке алақан жаймастан түнгі жұмысқа шығып кетті емес пе? Ал «Дипломмен – ауылға!» жобасы жастар үшін тиімді болғанымен, өңірлерде орындалуы әркелкі болып отыр. Ол әкімдердің мемлекеттік бағдарламаны мойынсұнғандығына тәуелді болып қалды. Ал шекаралас облыстардан Ресейге көшіп жатқан жастарды түрткілеген қандай күш? Сондықтан қандай да бір бағдарламаны, жастарға қатысты шешімді қабылдамас бұрын нақты зерттеулер керек сияқты. Біз жұмыссыз жастардың нақты санын білмей отырып жұмыссыздықпен қалай күреспекпіз? Баспанаға мұқтаждар санын анықтай алмай отырып неліктен бағдарлама қабылдаймыз? – деді Е.Мұхамеджан.
Бұл сауалдарға жауап ретінде депутат Бақтияр Мәкен: – Жастар арасында баспанаға мұқтаждық анық бар. Ал «7-20-25» бағдарламасында айтылған сындардың бірқатары халықтың ақпараттандырылмауына байланысты туындады. Иә, әрине бұл жобаға қатысуға ниетті кейбір жастардың бастапқы жарна төлеуге шамалары келмейді. Алайда бірқатар облыстарда жастарға жеңілдік ретінде бастапқы жарнаның құны бюджеттен өтелуде. Міне, осы мәселені халыққа дұрыс жеткізе білу керек. Оның үстіне, жуырда Үкімет отырысында Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев аталған бағдарламаға қатысушылар саны 2,5 есеге көбейгенін айтты. Сонымен қатар алдағы уақытта жастарға Швейцария, Швеция, Норвегия мемлекеттерінің жолымен екінші дәрежелі пәтер беру ісін қарастыру керек. Оған қоса, жергілікті әкімдіктер де орталыққа иек арта бермей, өз беттерінше қамдануы тиіс. Қазір аймақтарда пәтер кезегінде тұрғындар саны 20-30 мыңнан кем емес. Мұндай қарқынмен бұл кезекті ешқашан тауыса алмаймыз, – деді.
Осы арада депутаттың сөзін толықтыра түскен «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының өкілі Ә.Қайдарова жастардың мемлекеттік саясатқа көзқарасы оң екендігіне тоқталды.
– Сауалнама нәтижелері көрсетіп отырғандай, жастардың 75 пайызы мемлекет қамқорлығы қажет деген пікірде. Осыған қарамастан, 2017 жылы Дүниежүзілік банктің тапсырысымен аймақтарда сауалнама жүргізген уақытта жастардың тек 25 пайызы ғана кәсіпкерлік саласына қызығатынына көз жеткіздік. Жастардың көбі қарапайым түйіндеме толтырудың тәртібін де білмейді, оны үйрететін де адам жоқ. Тіпті көпшілігі жастарды қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардан бейхабар, – деді орталық өкілі.
Жалаң жиындардан арылу
Дөңгелек үстел отырысындағы әңгіме ауаны ұзақ уақыттан бері сынға ұшырап келген жастарға қамқорлық тек жалаң жиындармен шектеле ме деген сауалға қарай ойысты. Осы орайда, «Қазақстан жастарының конгресі» қауымдастық нысанындағы ЗТБ атқарушы директоры Тоқтар Болысов: – Соңғы кездері жастарға қатысты форумдардың, жиындардың жиі өткізілетіндігі сынға жиі алынып жүр. Бірақ ол іс-шаралар осындай ашық талқылаулар арқылы өтсе, пайдалы бола түсер еді. Қазір көптеген жиындар алдын ала белгіленген бес-алты баяндамашының сөзін тыңдаумен шектеледі. Сондықтан да алдағы уақытта облыстардан жиналған өкілдердің басын құрап, ашық әңгімелесу пайдалы бола түспек.
Б.Мәкен: – Бізде жекелеген бағдарламалар, ауқымды іс-шараларды өткізу жүйеленбегенін мойындау керек. Мәселен, тәп-тәуір «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасын әрбір облыс қал-қадерінше, бірінші басшыларының ниетіне сай жүргізуде. Мәселен, жастарға байланысты қазіргі Жастар және отбасы істері комитеті үш министрліктің қол астынан өтті. Алғашқыда Білім және ғылым министрлігінің құрамында болып, кейін департаментке дейін төмендетіліп, бюджеті қысқарып қалды. Қазір Қоғамдық даму министрлігінің құрамында қайтадан комитет мәртебесін алды. Мұндай маңызды салаға немқұрайлы қарауға болмайды.
Арнұр Асқар, «Egemen Qazaqstan» газетінің бөлім меңгерушісі:
– «Расында, «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасын жалпылама түрде жемісті болды деп айтумен келеміз. Бірақ оның республикаға ортақ нақты көрсеткіштері белгісіз. Оның атқарылуына байланысты есеп беретін орган да жоқ. Мысалы, мен, күні кеше жастар ұйымдарының интернеттегі парақшаларына шолу жасап отырсам, бірде-біреуінен тұшымды ақпарат таппадым. Көбінің ақпараттары уақытында жаңартылмайды, бірқатары тіпті бос тұр. Әлеуметтік парақшаларының көбі осылай. Сонда бұл маңызды тетіктерін пайдаланбай отырған ұйымдар жастарды қалай соңынан ертпек? Бұл арада сайттардағы бар материалдардың сапасы, тілдік тепе-теңдік туралы айтуға ауызым бармайды».
Сонымен жастардың өзекті мәселелері талқылана келе сөз «Жас Отан» Жастар қанаты Астана қалалық филиалының басшысы Мархат Қасымовқа тигенде, жас көшбасшы ұйым мүшелерінің белсенді санаты аз екендігін атап өтті. Оған қоса, М.Қасымов жастардың 35 пайызының өз мамандығы бойынша жұмысқа орналаспайтындығы туралы дерекке мазасызданатындығын жасырмады.
Жас көшбасшының бұл сауалы жауапсыз қалған жоқ. Оған Жастар ғылыми-зерттеу орталығы директорының орынбасары Әсем Қайдарова: «Мектептерде кәсіби бағдар дұрыс жолға қойылмаған. Мектеп түлектеріне болашақ мамандығын ата-анасы немесе тума-туыстары таңдап береді. Сондықтан жастар көңілі қаламаған мамандық бойынша оқиды да, кейіннен одан бойларын аулақ салуға тырысады. Оның үстіне бізде «беделді» жұмыстарға қызығушылық үдерісі басылмай тұр. Өйткені қазір жастар жұмысшы мамандықтарынан ат-тондарын ала қашады», деп жауап қайырды. Осы орайда ел газетінде өндірістік тәжірибеден өтіп жатқан болашақ журналист Мөлдір Рысханқызы: «Мамандығым бойынша жұмыс табу қиындық келтірмейді деп ойлаймын. Алайда мен білімімді шетелде жалғастырғым келеді. Өйткені елімізде магистратурада оқу құны 1 млн 700 мың теңгенің шамасында. Ал шет мемлекеттерде тегін оқытып, студенттерді ас-су, жатын орынмен қамтамасыз етеді. Тек, тіл білсең болғаны. Бірақ шетелде оқысам да, еліме қайта оралар едім», – деп ой-пікірін арманымен ұштастыра жеткізді.
Ал Мәжіліс депутаты Бақтияр Мәкен өз сөзін жастардың елдегі тыныштық пен тұрақтылықтың қадірін білу керектігінен бастап, әрбір адамның тағдыры мақсатына байланысты екендігін және осы мәселелерді талқылау үшін Парламент есігі жастар үшін әрдайым ашық екендігін жеткізді.
Осылайша дөңгелек үстел барысында жастарды толғандыратын көптеген түйткілді жайттар мен маңызды мәселелер кеңінен талқыланды. Мемлекет пен жастар және жастар ұйымдары арасындағы өзара байланысқа, жастарды әлеуметтік-экономикалық, саяси қолдау тетіктеріне, баспанамен қамтамасыз етуге, жұмыспен қамтуға, қоғамдық және басқа да бастамаларын дамытуға қатысты ой-пікірлер ортаға салынды. Жалпы алғанда, біздің елімізде жастарды қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламалардың көбі шет мемлекеттерде кездесе бермейді. Дей тұрғанмен, әлі де жетілдіретін, қолға алатын жұмыстар ауқымы орасан екені анық. Олардың бір парасы осындай өзара талқылаулар негізінде айқындалатыны, тиісті тараптардың мүдделерін тоғыстыратын ұсыныс-пікірлер арқылы тиімді шешімін табуға септігін тигізері сөзсіз. Жиынды қорытындылаған «Egemen Qazaqstan» газетінің басшысы Д.Қыдырәлі талқылауға қатысушыларға алғыс айтып, ел газеті бұл тақырыпты алдағы уақытта да ұдайы назарында ұстап, келелі мәселелерді кеңінен қозғауды жалғастыра беретінін жеткізді.
Серік ӘБДІБЕК,
«Egemen Qazaqstan»