Елорда әкімінің өкімімен қала әкімінің орынбасары қызметіне Нұрлан Нұркенов тағайындалды. Бұл туралы Астана қаласы әкімдігінің баспасөз қыметі хабарлады.
Әкімнің орынбасары ішкі саясат, жастар саясаты мен ақпарат, мәдениет, денсаулық сақтау, дене шынықтыру және спорт саласына қатысты мәселелерге жауапты болады. Нұркенов Нұрлан Жаңбыршыұлы – Целиноград қаласында 1976 жылдың 3 қарашасында дүниеге келген. С. Сейфуллин атындағы Ақмола аграрлық университетін, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Мемлекеттік саясаттың ұлттық мектебін, Қазтұтынуодағының Қарағанды экономикалық университетін тәмамдаған.
Еңбек жолын 1995 жылы «Шамшырақ» ХЖҚ-да менеджер ретінде бастаған болатын.
2003 жылдан 2006 жылға дейін Астана әкімі аппаратының ұйымдастырушылық-инспекторлық жұмыс бөлімнің бас маманы, өндірістік сала бөлімінің меңгерушісі болып жұмыс істеді.
2006-2010 жылдар аралығында ҚР Президенті Іс басқармасының күрделі құрылыс және техникалық қадағалау, ресми іс-шаралар мен сыртқы байланыстар жөніндегі бөлімдерінің меңгерушісі және орынбасары қызметін атқарды.
2010 жылы Астанадағы «Мөлдір су» ЖШС басшысы қызметіне тағайындалды.
2013 жылдан 2014 жылға дейін Бурабай ауданының әкімі болды.
2014 жылдан Ақмола облысы әкімінің өндірістік сала жөніндегі орынбасары қызметін атқарды.
2017 жылы ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы болып тағайындалды. «Астананың 10 жылдығы», «Ерен еңбегi үшiн» төсбелгілерімен марапатталған. Үйленген, төрт баланы тәрбиелеуде.