ЦУМ-ның...
Кешіріңіздер, осы бір жып-жинақы, сүп-сүйкімді, сәулетті ғимаратты басқаша қалай атарымды білмей отырғаным. Себебі, оның ескі атауы құлағымызға әбден сіңіп қалған. Тіліміз үйреніп кеткен. Көзге де, көңілге де ыстық сауда үйі.
Міне, бүгін осынау ғимараттың жанынан, күтпеген жерден баяғыда-а КазГУ-дің журналистика факультетінде бірге оқыған курстас жолдасымды кездестіріп қалып, қуанғанымнан қалпағымды аспанға атып жібере жаздадым.
– Оу, – деді ол да қолындағы сөмкесін жерге қоя сап, маған қарап құшағын айқара ашып, – сен қайдан жүрсің-ей?!
Бір қызығы мұндайда өзіңнің ойыңа да келмеген қай-қайдағы қуақы әзілдердің тіл ұшына қайдан орала кететінін білмейсің.
– Пай, пай, Алматыға сіз келеді дегенді естіп, таң атқалы бері осы жерде күтіп жүрген жоқпыз ба! – деймін қылжақтап.
– Қойшы-ей! – деп ыржияды ол. Тап сол кезде тү-у баяғы жап-жас, сүп-сүйкімді студент жігітке ұқсап кетеді.
– Иә, қайда барасың? – деймін мен оның сөмкесіне бір көз салып қойып.
– Міне, мынау, – деп ол көшенің арғы бетін нұсқайды, – «Жетісу» қонақүйіне тоқтайын деп едім.
Енді менің езуіме күлкі үйіріледі.
– Сен онда тоқтай алмайсың, – деймін қутыңдап.
– Неге?
– Себебі сен түсетін «Жетісу» қонақүйі жоқ қазір.
– Қалайша? – дейді ол аң-таң болып. – Қайда?..
– Оны... – Осы сәтте өз ана тіліміздегі «бұзып тастаған», иә болмаса, «сүріп жіберген» секілді сөздерді айтудың қаншалықты қиын екенін бар болмысыммен сезінгендей боламын. Сөйтемін де, «сносқа кеткен» дей саламын.
– Қа... қалай? – дейді ол тұтығып.
– Солай...
Ол енді үн қатпайды. «Жетісудың» «сносқа» кеткенін көңіліне тым-тым ауыр алып қалғандай қайта-қайта басын шайқай береді.
– Е-е, – дейді әлде-е-ен соң демін тереңнен алып. – Мен ылғи да сонда орналасушы едім. Көзтаныс, көңілге ыстық жер еді...
– Иә-ә, талай-талай хикаяларды бастан кешкен боларсың?, деймін мен.
– Ол да бар... – дейді ол мұңайып. Сонсоң: – Қой, – деп айдалада жалғыз қалғандай жан-жағына қарап алаңдайды. – Басқа жаққа барайық...
– Үйге жүр, деймін мен оның қақпақтай жауырынынан қағып.
– Жо-о, – деп ол басын шайқайды. – Әуелі бір жерге орналасып алайын.
– Қалада қазір не көп, қонақ үй көп, – деп жұбатамын мен оны.
– Әй, – дейді ол бір кездері «Жетісу» қонақүйі болған жаққа қарап. – Біз үшін «Жетісудың» орны бөлек еді ғой...
Сөйтеді де сөмкесін қолына алып, менің соңымнан еріп жүре береді.
Иә, айтпақшы, жолда келе жатып өзімен-өзі:
– Әй, өстіп-өстіп бір күні мына ЦУМ-ды да сүріп тастамасаңдар болғаны... – деп қояды күбірлеп.
– Жо-жоқ, оны ешкім де сүрмейді, – деймін мен сенімді түрде. – Қарасайшы, қандай мықты ғимарат!
– Ә-ә, – дейді ол екіұштылау күйде. – «Жетісу» да мықты ғимарат болатын! Әсіресе біздің көзімізге ерекше ыстық көрінуші еді...
Осы сәтте неге екені белгісіз, менің де көңілімде бір күмән оянып, көзім ашыла бастағандай болады.
Нұрғали ОРАЗ,
«Egemen Qazaqstan»