Бала тәрбиесі, оның бос уақытын тиімді пайдалануы күн тәртібінен түспеген мәселе. Дегенмен соңғы кездері орын алған келеңсіз оқиғалар бұл мәселеге айрықша назар аударуды қажет ететінін аңғартты. Осы орайда Түркістан облысында кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында «Түнгі қаладағы балалар» іс- шарасы өтуде.
Ай басынан басталған іс-шара барысында тәртіп сақшылары әртүрлі құқық бұзушылыққа қатысты 400-ден астам жасөспірімді ішкі істер бөлімдеріне жеткізген. Балаларын тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін орындамағаны үшін 10 ата-ана, түнгі уақытта кәмелетке толмағандардың ойын-сауық орындарында болуына жол берген 14 ойын-сауық иелері әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Сондай-ақ ювеналды полиция қызметкерлері түнгі уақытта ойын-сауық орындарында болған 20 жасөспірім және түнде заңды өкілінсіз тұрғын үйден тыс жерлерде жүрген 345 кәмелетке толмағандарды анықтады. Құқық бұзушылыққа бейім 45 жасөспірім және 43 қолайсыз отбасы есепке алынған. Жасөспірімдер қылмысын азайту және кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылықтарды болдырмаудың алдын алу мақсатында, облыс әкімінің бастамасымен әрі қолдауымен мектептерде бейнекамералар пайдаланылатын қанатқақты жоба қолға алынды. Мысалы, Түркістан қаласындағы №23 орта мектеп ғимаратына және ауласына полиция департаментінің жедел басқару орталығымен интеграцияланған 5 бейнебақылау камерасы орнатылған. Қазір тәртіп сақшылары балалардың қауіпсіздігін және мектеп оқушыларының ортасындағы қандай да болмасын құқық бұзушылықтар әрекетін бақылай алады. Мұндай бейнебақылау камераларын бүгінгі таңда 39 мыңнан астам бала білім алатын Түркістан қаласының барлық мектебінде орнату жоспарлануда.
Жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтың алдын алу жұмыстары Мақтаарал ауданында да күшейтілуде. Бұл орайда ата-аналарға арналған конференция өткізіліп, аудан әкімі Б.Асанов балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. «Бүгінгі таңда мектеп жасындағы балалардың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында ауданның барлық мектебінде «сенім жәшіктері» орнатылды. Білім беру мекемелеріндегі ата-аналар жиналысының күн тәртібіне «қиын» балалармен жұмысты қолға алу және оқу жылы барысында оларды осы категориядан шығару мәселесі қойылды. Әдістемелік кеңестер берілді. Бұл күндері әрбір мектептегі «қиын» балаларды есепке алып, олардың жүріс-тұрысы, мінез-құлқы, сабақ үлгерімін бақылап, дер кезінде педагогикалық-психологиялық көмек беру үшін мектептегі психолог, тәлімгерлер мен директордың орынбасарлары бекітіліп, арнайы бағдарлама бойынша жұмыс жүргізілуде. Бұдан бөлек, әкімшілік бекіткен арнайы кесте бойынша ішкі саясат, аудандық ішкі істер бөлімі мен аудандық білім бөлімі, БАҚ өкілдері және мектеп мұғалімдерімен бірігіп, кешкі мезгілде рейд жүргізуде. Беймезгіл уақытта жүргендерді анықтап, ескерту жасауда», деді аудан әкімі. Сондай-ақ конференция барысында жарыссөзге шыққандар өз ұсыныстарын білдірді.
Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,
«Egemen Qazaqstan»
Түркістан облысы