Х ғасырдағы атақты араб жағрафиятанушысы, әл-Идриси Сырдария бойындағы ғұндардың (оғыздардың) қалаларының көптігін жаза келіп, олардың ішінде «Сауран, Сүткент, Сығанақ қалалары ірі қалалар еді. Ал Сығанақ нағыз сауданың қайнаған ортасы», деп ерекше атап көрсеткен. Ал зерттеуші А.Якубовский Абу ар-Резғақтың дерегіне сүйеніп бұл уақытта Сығанақта Орыс ханның түрлі құрылыс жүйелерін, ғимараттар салдырғанын өзінің жазбаларында қалдырады.
Қ.А. Ясауи атындағы ХҚТУ Археология ғылыми-зерттеу орталығының директоры, профессор Сәйден Жолдасбаев «Сығанақ қаласы аспан астындағы ұлттық мұражайға айналуда» атты ғылыми еңбегінде ХVІ ғасырдағы атақты тарихшы Фаззаллах ибн Рузбиханның Сығанақ қаласының жанынан Дешті Қыпшақ басталады», деген дерегін келтіреді.
Басқа да зерттеушілер осындай құнды дерек көздерінің мол болуы Сығанақ қаласының қазақ тарихындағы өзіндік орны бар екендігін айрықша атайды. Осындай терең тарихы бар Сығанақ қаласын кеңінен насихаттау мен Сығанақ қалашығынан табылған құнды жәдігерлерді халық игілігіне айналдыру мақсатында 2017 жылдың 18 мамырында Халықаралық музейлер күніне орай, халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесі аясында «Сығанақ тарихи-мәдени қорық мұражайы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен, яғни оның төрағасы Рысбек Асқарұлының қолдауымен Жаңақорғанда «Сығанақ тарихы» музейі ашылып, бүгінгі күні мектеп оқушылары мен жергілікті тұрғындарға қызмет атқарып келеді.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында аталып өтілген «Туған жер» бағдарламасына арнайы орайластырылған «Тарихта қалған Сығанақ» атты республикалық ғылыми-танымдық конференцияға (18 мамыр 2017 жыл) Мәскеуден, Астана, Алматы, Шымкент, Түркістан, Қызылорда, т.б. алыс-жақын жерлерден келген ғалымдар Сығанақ шаһарының тарихына, археологиялық жұмыстарына, нумизматикалық жәдігерлерге қатысты толымды баяндамалар жасады.
Елбасы «Ұлы даланың жеті қыры» атты тарихи-танымдық еңбегінде «Біздің жеріміз материалдық мәдениеттің көптеген дүниелерінің пайда болған орны, бастау бұлағы десек, асыра айтқандық емес», деп бүкіл түркі дүниесінің түпқазығы болған жерді ерекше атап өткен болатын. Бұл дегеніңіз еліміздің ұлы қалалары мен мәдени ошақтарына құрметпен қараудың дара жолы емес пе?
Осындай аса құнды қасиетті орынды ұлықтау үшін, Жаңақорған ауданының аты «Сығанақ ауданы» деп өзгертілсе, бұл игілікті шара халықтың қолдауына ие болар еді. Мұны Түркістан облысына қарасты Отырар ауданы сияқты елдің мерейін көтеріп, тарихымызды жаңғыртудың жаңа сара жолы деп бағалауға тұрарлық.
Тарихы тереңде жатқан Сығанақ шаһарының атауын бір ауданға беріп жатса, тарихымыздың рухын жаңғыртып, бүгініміздің жарқын көрінісі болатынына сенім мол.
Асан САРҚҰЛОВ,
Мәдениет қайраткері
Қызылорда облысы