Инфляцияның өзгеруі әлемдік нарықтағы жағдайға, экономика құрылымына әрі қаржы нарығының даму деңгейіне байланысты. Сол себепті, алдағы бір жылда елімізді қымбатшылық қысуы мүмкін. Ұлттық банктің тапсырысымен жүргізілген зерттеуде келер жылдары инфляция 14,1% болады деген болжам бар.
Бұған дейін бас банк келер жылға арналған болжамын жариялап, алдағы жылы инфляция – 6,5-8,5% аралығында, 2026 жылы – 5,5-7,5% шегінде, 2027 жылы 5%-ға шамалас болады деп жобалаған-тұғын. Биыл қарашада жылдық инфляция 8,4% деңгейінде қалыптасты. Сонда болжамның өзгеруіне қандай аспектілер әсер етті? Біріншіден, жаһандық күйзелістер дамушы елдердің резервтік валюталары мен валюталарының айырбас бағамына әртүрлі әсер етеді. Осы факторды естен шығармаған дұрыс. Дамушы елдің орталық банкінің мұндай күйзелістердегі артық ақша эмиссиясы ұлттық валютаның сатып алу қабілетінің төмендеу қаупін күшейтеді. Еліміздің қаржыгерлер қауымдастығы осы айда да теңге тығырыққа тіреледі деп алаңдаған еді. Бұл үрейлері негізсіз болмады. Себебі ай басы 1 долларға 528 теңгеге дейін құлдыраумен басталды. Апта соңында ұлттық валюта долларға шаққанда 9 теңгеге нығайып, қалпына келе бастады. Бұл жоғарыда айтқан қорқынышты сәл сейілтті. Десе де бағамның құбылмалы екенін ескерсек, үрейленуге себеп бар.
Одан бөлек, елдің жалпы халықаралық резерві қараша айында 45,8 млрд доллардан 44,2 млрд долларға азайған. Ал Ұлттық қордың валюталық активтері 0,3 млн долларға кеміген. Нәтижесінде, елдің халықаралық валюта резерві 105 млрд долларды құрап отыр. Сонда жалпы, 3,58%-ға кеміген. Жағдайды қалыпқа келтіру мақсатында бас банк қорындағы долларды сатып, интервенция жасады. Базалық мөлшерлемеге қатысты баспасөз мәслихатында Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов интервенция барысында 1 млрд доллар саттық деп мәлімдеді.
Екіншіден, дамыған елдердің халқы ақша қаражаттарын бағалы қағаздар нарығының неғұрлым тиімді құралдарына салуды әрі инфляциядан қорғау үшін алтын сатып алуды жөн көреді. Мәселен, бұл үрдіс пандемия кезінде де сақталды. Еуроаймақ халқы артық жинақтардың көп бөлігін тұрғын үй мен акция, облигация сияқты қаржылық активтерге салған. Қазір жаһандық жағдайларға байланысты әлемдік нарықта алтын бағасы көтеріліп, бір унциясы 2 637 доллардан асты. 2025 жылы 3 000 долларға көтерілуі де мүмкін.
Ұлттық банк қазанда 4,2 тонна aлтын сатып алған. Солай әлемдегі алтынды ең көп сатып алған орталық банктер қатарына енген. Бұл туралы «World Gold Council» (WGC) есебінде жазылған. WGC мәліметінше, орталық банктердің алтынға деген сұранысы биыл да жоғары деңгейде қалды. Келер жылы да өзгермеуі мүмкін. Жыл басынан бері сатып алынған алтынның жалпы көлемі 694 тоннаға жеткен.
– Алтын бағасының өсуі кейде сатып алуды тежеуі мүмкін болғанымен, қазан айындағы жоғары көрсеткіштер алтынның стратегиялық актив ретіндегі маңызын растайды. Орталық банктер оны тәуекелдерді басқару және резервтерді әртараптандыру құралы ретінде пайдаланып жатыр, – делінген WGC зерттеуінде.
Үшіншіден, дамыған елдерде халық орталық банк инфляцияны белгілі бір деңгейде ұстай алады деп сенім білдіреді. Ақша массасының динамикасы, негізінен, халықтың ұзақмерзімді инфляциялық күтулерімен, жүргізіліп жатқан ақша-кредит саясатына сеніммен анықталады. Сондықтан дамыған елдердегі тұрақты әрі бекітілген инфляциялық күтулер орталық банктерге инфляцияның өсуіне алаңдамай, икемді саясат жүргізуге мүмкіндік береді. Біз бұл тізбекке кіреміз бе, кірмейміз бе – ол үлкен сұрақ.
– 2025–2026 жылдардағы инфляция динамикасы әрі қарай баяулайды, бірақ бұрын болжанғаннан баяу қарқынмен. Бұл үдерісті: сыртқы инфляциялық қысымның күшеюі, сыртқы азық-түлік инфляциясының нашарлауы, реттелетін ТКҚ тарифтерінің өсуі әрі фискалдық ынталандырудың оң импульсы қиындатады. Бұл факторлар инфляцияның баяу төмендеуіне кедергі келтіріп, оның ұзақ уақыт жоғары деңгейде сақталуына ықпал етеді. Болашақта Ұлттық банктің орташа қатаң саясатының нәтижесінде, инфляциялық күтулердің тұрақтануы, Қазақстанның сауда серіктес елдеріндегі инфляцияның өз мақсатты деңгейлеріне біртіндеп оралуы орта мерзімді перспективада инфляцияның төмендеуіне ықпал етеді. Дегенмен 2026 жылға арналған салық заңнамасын реформалау аясында фискалдық параметрлердің тәуекелдері мен белгісіздіктері әлі де сақталып отыр, – деп жазған еді бас банк «Ақша-кредит саясаты» туралы баяндамасында.
Жалпы алғанда, инфляциялық қысым сыртқы секторда да, ішкі секторда да күшейе түсті. Оның себебін Ұлттық банк екі факторға тірейді. Сыртқы факторлар – әлемдік азық-түлік бағасының өсуі, жоғары инфляция, Ресейдегі айтарлықтай бағамдық ауытқулар. Ішкі қысым – тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы реформалардың жалғасуына, ішкі ұсыныс мүмкіндіктерінен асатын тұтынушылық сұраныстың жоғары болуына, инфляциялық күтулердің артуына байланысты. Айтарлықтай бюджеттік шығындар аясында фискалдық импульс те өсіп келеді. Ал негізгі тәуекелдері ішкі сұраныстың артуымен, сыртқы инфляциялық қысыммен, реттелетін бағаның өсуімен, бюджет тапшылығын жабудағы белгісіздікке қатысты.