2012 жылы ақпанда Ұлттық банк коммерциялық банктерге жасырын комиссия алуға тыйым салатынын хат арқылы ескертті. 2016 жылы оған қатаң тыйым салатын қаулы шығарды. Бұл құжатта жасырын комиссиялар заңды комиссия деп өзгертілді. «Банктер неге бұл қадамға барды?» деген заңды сауалға Ұлттық банк әлі күнге дейін жауап берген жоқ.
Есесіне, сарапшылардың жауабы дайын. Экономист Мақсат Халық бас реттеуші банктің бұл шешімі қоғамда үлкен резонанс туғызғанын айтады. Жаңалықтан құлағдар болғандар 2010-2016 жылдары алған несиелерінің заңсыз пайыздарын қайтарып алуға кірісті. Халыққа жөнді ақпарат берілмегендіктен, бұл да ретсіз өтіп жатыр. Жалпы халықтық акцияға айналып кетпеуіне банктердің өзі мүдделі болып отырғаны байқалып қалды.
– Банктер қаржы дағдарысынан әлі толық айыққан жоқ. Сол себепті екінші деңгейлі банктер бас банкке жасырын пайыздарды заңды пайыз деп өзгерту туралы өтінішпен шығуы әбден мүмкін, – дейді М.Халық.
Енді 2016 жылға дейін қазақстандық банктерден несие алғандар жасырын пайыздарға кеткен қаржысын талап етуге құқы бар. 2016 жылдан бергі уақытта жоғарыда айтып өткендей, жасырын пайыздар заңдастырылып, біразы қысқарды.
Статистика салымшының пайдасына шешілмейді
Банктің осы заңсыз комиссиясын қайтарып алуы тиіс, мойнында несиесі бар салымшылардың 0,14 пайызы ғана алашағын қайтарып алуға әрекеттеніпті. Демек, несие алған адамдардың 99,86 пайызы банк алдындағы өзінің осы негіздегі заңды құқығын пайдаланбай отыр. 2018 жылдың қорытындысы әлі шыққан жоқ. Сарапшылар мұның себебін салымшылардың заңгерлерге сенбейтінімен, банкті сотқа берсек банк бізге несие бермей қояды деп қорқатынымен түсіндіреді. Банк алған заңсыз ақшасын сот шешімі арқылы ғана қайтарады. Ол үшін заңдық нормативтерді нақты біліп, жылдам әрекет ету керек. – Біздің қоғамның несиеге тәуелділік деңгейі тереңдеп кеткен. Себебі тұрғындардың тең жартысы тұрмысын несиесіз түзей алмаймыз деп ойлайды, – дейді М.Халық.
2018 жылдың соңында Ұлттық банк қазақстандықтардың несиесі 3-6 трлн теңгеге жеткенін, 1 млн азаматтың несиесін қайтара алмай жүргенін хабарлады. Оның 70 пайызы – тұтыну несиесі мен ипотека.
Сарапшылар комиссиядан желінуді тұтынушылар несиені алған кезде тек айлық төлем құны мен мерзіміне ғана көңіл бөліп, шарт талаптарына назар аудармағанының зардабы деп отыр. Банктен қарыз алушы бар назарын сыйақы көлеміне аударып, несиелеумен бірге жүретін әртүрлі комиссиялар төлемін ескермей, банк шарттарымен келісе салады.
Несиелеу шартындағы ақша көлемі мен берілетін сома екі түрлі
Бұл экономист М.Халықтың пікірі.
Пайыздық өсімақы негізгі қарыздан бөлек, несиені пайдаланғаны үшін алынса, екіншісі жылдық тиімді сыйақы банктің әртүрлі комиссияларынан тұрады. Нәтижесінде тұтынушының қиялындағы және жарнамадағы 18 пайыздың орнына көп жағдайда үш есе артығымен 50 пайыз өсімақы төлейді.
– Қарыз алушылар банк бекіткен «стандартты», «типтік», «үлгілік» несиелеу шарттарына қол қойып, қарыздың көлемі оны алушының өз келісімі бойынша өсуіне келісімін береді. Несиелеу барысында банктер өздері алдын ала дайындаған шарттар үлгісін пайдаланып келді. Оған қол қою кезінде қарыз алушы небір түсініксіз терминдермен бетпе-бет келеді, – дейді М.Халық.
Бізге пікір білдірген заңгерлердің басым көпшілігі келісімшарттар күрделі тілмен жазылғанын, заңгерлер мен экономистердің өзіне түсініксіз екенін айтады.
Дамыған елдерде форс-мажор жағдайларда клиенттің төленбей қалған несиесінің бір бөлігі сақтандыру компанияларының есебінен өтеледі. Банк пен клиент арасындағы келісімшартқа сақтандыру компаниялары сол үшін керек. Несиені ресімдеп жатқан кезде қаржы менеджері сақтандыруға қосымша қаржы төлеп тұру қажеттігін айтып, артық төлеміңіз көп екенін сонымен түсіндіреді. Біздің елде соңғы бірер жылға дейін сақтандырусыз несие ресімдеуге рұқсат берілмейді. Бірақ сақтандырудан бас тартуға болатынын екінің бірі біле бермейді екен.
Сақтандыру компаниялары сақтай ма?
Еліміздегі жағдайда сақтандыру компанияларының міндеті – тек келісімшарттарда айтылады, арғы жағы жұмбақ. – Егер сақтандыру компаниялары клиентті сақтандырмаса, салымшыдан алынған қаржы қайда кетеді? Бұл жағы бізге белгісіз, – дейді Мақсат Халық.
Банктер мен салымшы арасындағы несиелендіру компьютерлік базаларда орнатылған арнаулы бағдарламамен автоматты түрде есептелетін сыйақы және негізгі қарыз сомасына айыппұлдың арифметикалық есептерін ұсынудан басталады. – Бұл бағдарлама қарызды қайтарған сәтте ануитетті және сараланған әдістің арасындағы айырмашылықты көрмейтіндей етіп есептейді. Барлық келісімшарттар несиені өтеудің ануитетті әдісі бойынша бекітіледі екен. Бұл тәртіп бойынша төленген соманың 70-80 пайызы сыйақы, қалғаны негізгі қарыз саналады. Банк клиентті өтелмеген қарызға негізгі қарыз көлемінде сыйақы төлеуге міндеттейді. Бұл талапқа қол қойсаңыз, қарыздың сыйақысы екі есеге артады, – дейді М.Халық. Сарапшылар банкпен арадағы келісімшартта «Егер елдегі инфляция деңгейі 10%-дан асып кетсе, банк келісімшартты қайта қарастырады немесе қайта қаржыландыруға жібереді» деген тармақшасы болуы мүмкін екенін де ескертеді. Мысалы, 2015 жылы елдегі инфляция 13,6 пайызға дейін көтерілген кезде келісімшартқа қол қоюшының несиесінің бір бөлігі инфляция арасындағы айырмашылықты жабуға жұмсалыпты.
Экономист Жарас Ахметовтің пайымдауынша, тұтыну несиесінің өсуі аса қауіпті емес. Бірақ несие берер кезде екі жақ үшін де қарыз беру мен алудың барлық шарты сақталуы қажет. Біздегі несие беру талаптарының халықаралық шарттардан алшақтап кетуінің басты себебі осы тұста байқалады. Тұрғындар несие алар кезде өзінің құқын білмейді, екінші тарап оны өз мүддесіне пайдаланады.
«2006-2016 жылдары кейбір банктер агрессиялы саясат жүргізіп, несие беру тәртібін бұзды. Жинаған қоры болмаған соң, табысы төмен халық несиеге жүгінді. Тұрмыстық қажеттілігін қарыз алып қана қанағаттандырды», дейді экономист. Қаржылық сауаттылық мәселесін мемлекеттік деңгейде көтермесек, банк пен салымшы арасындағы текетіресте банк жеңімпаз болып қала беретіні түсінікті. Сарапшылардың айтуынша, Үкімет енді осы мәселемен айналысуы керек.
Гүлбаршын САБАЕВА,
«Egemen Qazaqstan»
АЛМАТЫ