Шығыс Қазақстандағы көп балалы және мүмкіндігі шектеулі балалардың ата-аналары балабақшадағы тамақтану төлемінен босатылады. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 245 миллион теңге қаржы бағытталмақ.
Сонымен қатар өңірдегі әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған және көп балалы отбасылардың колледжде оқитын балалары (4200) тамақпен және шәкіртақымен тегін қамтылады. Бұған
3 миллиард теңге көлемінде қаржы бөлінеді. Аймақтағы аз қамтылған және көп балалы отбасылардың мектеп жасындағы балаларына форма сатып алуға 500 миллион теңге көлемінде жәрдем көрсетілмек. Осы санаттағы отбасылардың балалары жазғы демалыспен, сауықтырумен 100 пайызға қамтылады. Облыс әкімі Даниал Ахметов осындай жағымды жаңалықты 15 ақпанда Өскеменде өткен «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының ХХІІ конференциясында жеткізіп, мұның бәрі Елбасы тапсырмасы аясында жүзеге асырылатынын айтқан-ды.
Бүгінде Шығыс Қазақстанда 26149 көп балалы отбасы бар. Осы отбасылардың 1736 баласы балабақшаға (шағын орталыққа) баратын болса, соның 188-і жекеменшік балабақшаларда тәрбиеленуде. Бұл балалар жоғарыдағы жеңілдіктерге қол жеткізе ала ма? Мәселен, Семейде бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында 18 жеке- меншік балабақшада көп балалы отбасыдан шыққан 49 балғын тамақтану төлемінен босатылған екен. Аймақ басшысы жиында кәсіпкерлерді Семей үлгісінде көп балалы отбасыларға қамқорлық танытып, жеңілдік жасауға шақырды.
Көп балалы, тек көп балалы емес, кез келген отбасыны күз жақындағанда толғандыратын мәселенің үлкені – мектеп формасы. Енді облыстағы қалалар мен аудандар әкімдіктері көп балалы отбасылардан шыққан мектеп оқушыларына форма сатып алу үшін 500 миллион теңге көлемінде қаржы бөледі. Д.Ахметов конференцияда жаппай оқу қорының жиынтық көлемін 3 пайызға көтеруді тапсырды. Облыста жаппай оқу қорының көлемі бүгінгі таңда 2,2 пайызды немесе 1,4 миллиард теңгені құрайды. Осы қаражаттың 85 пайызы, яғни 1,21 миллиард теңгесі мектеп оқушыларын ыстық тамақпен қамтуға жұмсалады. Демек, 500 миллион теңге көлемінде бөлінетін қаржы ата-аналар үшін айтарлықтай жәрдем әрі үнем болмақ.
Колледждерде тегін оқуға болады
Өңірдегі әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған және көп балалы отбасылардың колледжде оқитын балаларын тамақпен және шәкіртақымен тегін қамту үшін 3 миллиард теңге көлемінде қаржы бөлінетінін жоғарыда айттық. 3 миллиард дегеніңіз – 4200 бала тегін білім алады деген сөз. Облыстық білім басқармасының ұсынған мәліметтеріне сенсек, өңірде жұмысшы мамандықтары бойынша кадрларды дайындау үшін екінші жыл қатарынан жергілікті бюджет есебінен мемлекеттік тапсырыс көлемі 10 пайызға ұлғайыпты. 2018 жылы 5560 бюджеттік орын бөлінсе, соның 47,4 пайызы жұмысшы, 52,6 пайызы орта буын мамандарын дайындауға бағытталды. Ал биыл 6200 бюджеттік орын (44,8 пайызы жұмысшы, 55,2 пайызы орта буын мамандары) қарастырылып отыр. «Бұл дегеніңіз – аз қамтылған және көп балалы отбасылардың балаларына үлкен мүмкіндік. Тегін оқу мүмкіндігі. Жоғарыда атап өткен мемлекеттік тапсырыстан бөлек Тиімді еңбекпен қамту бағдарламасы бойынша облысқа жыл сайын республикалық бюджет есебінен 1730 орын бөлінеді. Қандай да бір себептермен байқаудан өте алмаған бала осы бағдарлама арқылы колледжде тегін оқи алады. Биыл осы бағдарлама шеңберінде тұңғыш рет орта буын, яғни педагог мамандарды даярлауға ерекше көңіл бөлінбек. Бұл бағдарламаның ерекшелігі, түлек оқуға конкурссыз қабылданады. Студенттің сабақ үлгеріміне қарамастан шәкіртақы төленеді, ыстық тамақпен, жолақысымен қамтамасыз етіледі. Көп балалы отбасылардың балалары, әсіресе шалғай ауылдарда тұратындары осы мүмкіндікті пайдаланса дейміз», дейді облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова.
Бірден ескерте кетейік, тегін оқуға мүмкіндік алу үшін түлек жұмысшы мамандықтары (электр дәнекерлеуші, құрылыс жұмыстарының әрлеуші шебері, мал дәрігері, көлік жөндеу слесары) және орта буын (педагогикалық, техникалық және медициналық) мамандықтарын таңдауы керек.
Көп балалы аналар қауымдастығы құрылады
Д.Ахметов конференция барысында облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасына 1 ай ішінде қала-аудан әкімдіктерімен бірлесіп 2017 жылы жасалған әлеуметтік картаны жандандырып, өңірдегі аз қамтылған және көп балалы отбасылардың әрқайсысының жағдайын жеке-жеке саралап, әсіресе баспана, тұрмыстық мәселелеріне жіті назар аударуды тапсырды. Мәселе демекші, аймақ басшысы 15 ақпанда Өскеменде өңірдің бір топ көп балалы аналарымен кездескенде аналар тарапынан бірқатар ұсыныс айтылды. Бірі «бұрынғыдай қоғамдық көліктерде, темір жолда жеңілдік қарастырыла ма?» десе, енді бірі «коммуналдық төлемдерге жеңілдік жасалса» деді. Жеті баланың анасы Мәдина Санбаева бірнеше жыл бұрын облыстағы көп балалы аналарға арнайы карточка беріліп, бассейндерге, мәдениет орындарына, саябақтарға жеңілдік көрсетілгенін айтып, осыны қайта қалпына келтірсе деген тілегін жеткізді. «Көп балалы отбасылардың бұған дейін колледжге түсіп, ақылы оқу оқып жүрген балаларының әрі қарай тегін білім алуына жағдай жасау мәселесін де қарастырамыз. Бұл үшін Білім және ғылым министрлігінің бұйрығына өзгеріс енгізу керек. Облыстық басқармаларға тиісті тапсырмалар берілді. Әлеуметтік карта жасалады. Әлеуметтік карта жасалғаннан кейін көп балалы аналар қауымдастығын құрып, сіздермен бірлесе жұмыс істейміз. Бұл тараптағы жұмысты сіздер де қадағалайтын боласыздар», деді облыс әкімі көп балалы аналарға.
Азамат ҚАСЫМ,
«Egemen Qazaqstan»
Шығыс Қазақстан облысы