Үкімет отырысында баяндама жасаған Дәурен Абаевтың айтуынша, 2018 жылы 20 іс-шараны жүзеге асыру жоспарланған. Сол жоспарға сай жұмыстар толық орындалып, қаржының 99,8% игерілген.
«Экономика салаларын цифрландыру» бағыты бойынша отын-энергетикалық және тау-кен металлургиялық кешендерінде 4.0 Индустриясы элементтерін қолдану арқылы:
еңбек өнімділігі орташа есеппен 10%-ға артқан, жекелеген өндірістерде электр қуаты 33%-ға дейін үнемделген, жабдықтарды пайдалану коэффиценті 50%-ға ұлғайған.Пайдалы қазбалары бар 7 ірі кен орнына «Интеллектуалды кен орны» және «Цифрлық бұлақ» жобалары енгізілген.
Атап айтар болсақ, «Ембімұнайгаз» АҚ УАЗ шоғырында мұнай өндіруді 773 тоннаға арттыруға мүмкіндік пайда болып, ал электр қуаты 33%-ға үнемделген.
Министрдің айтуы бойынша, 2019 жылы осындай жүйе бойынша жұмыс жасайтын нысандар санын 12 бірлікке жеткізу жоспарланған.
Тау-кен өнеркәсібінде 102 кәсіпорын «айқын» өндіріс деңгейіне ауыстырылған. Бұл барлық өндіріс деректерін цифрландыруға және ақпараттық ағынды басқаруға жол ашады екен.
Бүгінгі күні 4 жоба пайдалануға берілген. Аталған кәсіпорындарда цифрлық технологияларды қолдану есебінен өнімділік 10%-ға артып, еңбек шығындары 30%-ға дейін және өндірістік шығындар 10%-ға дейін төмендеген.
Естеріңізге сала кетсек, «Цифрлық Қазақстан» Мемлекеттік бағдарламасы негізгі 5 бағыттан және 17 бастамадан және 120 іс-шарадан тұрады.