Бүгінде әсіресе жастар арасында әдеби кітаптардың оқылмайтындығы жиі айтылады. Шынында да қазіргі кезде жастардың әдеби кітаптардан гөрі әлеуметтік желіге көп әуестігі байқалады.
Әрбір адам өз мамандығына, жалпы өзі қызығатын тақырыбына орай, талғамы мен қабілетіне қарай толассыз жарық көріп жатқан қыруар өнімдер тізбегінен қажетті кітаптарын таңдай білуінің өзі де – өнер. Мүмкіндігінше кітапты талғаммен әрі көп оқу парыз, әрине. Бірақ қазіргі қоғамдағы пікір жастардың кітап оқымауына біріншіден, әлеуметтік желілер кедергісін келтіруде десе, екіншіден, қазір сапалы шығарманың аз екендігін алға тартады.
Жолымыз түсіп кітапханаға барғанда жастардың көбі оқу залындағы кітаптардан қажетті мағлұматтарын көшіріп алып, жөндеріне жүре беретінін байқаймыз. Көшеден кітап құшақтап жүрген жастарды да кездестіру қиын. Оған қоса бүгін кітаптарды интернет желісіне енгізу де заман талабына сай құбылыс болып отыр. Қазіргі кезде небір кітаптардың ғаламтордағы нұсқалары да бар. Бірақ мұқабасын қолыңмен ұстап, парақтап еркін оқи беретін кітаптан артық ешнәрсенің жоқтығын ашық мойындауымыз керек. Қанша дегенмен, бүгінде уақыты өте тығыз халық үшін интернет желісі оңай болып тұр. Алайда оқуға ниеттенген адам өзіне қажетті кітапты дүниенің қай бұрышынан, қандай бағаға болсын тауып алады.
Бірақ кітапқұмар адамның миллионер болуы да мүмкін екен. Жастарды кітап оқуға ынталандыру мақсатында Тараз қалалық «Жамбыл-Тараз» газеті жыл басында жалпы жүлде қоры 3 миллион теңге болатын кітап оқу байқауын жариялады. Иә, бұл бастама да жастарды кітап оқуға баулитын жақсы амалдың бірі. Арнайы ақылдастар алқасы құрылып, алқа төрағасы болып жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Несіпбек Дәутайұлы бекітілді. «Ақылдастар алқасы бірлесіп отырып, 100 кітаптан тұратын тізім жасадық. Оның тең жартысы қазақ, қалғаны орыс тілінде ұсынылады. Ал байқауға қатысушы 5-7 сынып оқушылары кемінде 15, 8-11 сынып оқушылары 20 кітапты оқу жылының соңына дейін оқып шығуы тиіс. Бұл межеден асқан адам байқау жеңімпазы атанып, миллион теңге иеленеді. Жеңімпаз оқылған кітаптар бойынша сұрақ қою әдісімен анықталады», дейді газеттің бас редакторы Эльмира Мырза-Ғали.
Әрине Әулиеата өңірінде мұндай мазмұнды бастаманың көтерілгені құптарлық. Нәтижесінде Тараз өлкесінде мектеп оқушылары арасында кітапқұмарлар ортасы қалыптасып келеді. Мәселен, Тараз қаласындағы Бауыржан Момышұлы атындағы №45 гимназияның 9-сынып оқушысы Қазына Әбдісейіт Төлен Әбдіктің «Оң қол» шығармасының әсерімен бөлісті. Оқушы Алманың тағдыры өзін қатты ойлантқанын айтады. «Жалпы, бір тәннің ішінде екі жанның қатар өмір сүруін алғаш естуім. Оқыған қызықты әңгімелерімнің ішіне «Оң қол» шығармасын да жатқыза аламын», дейді ол. Сонымен қатар №46 орта мектептің 10-сынып оқушысы Нұрлыбағым Құдайберген Уильям Шекспирдің «Ромео мен Джульетта» кітабын әлемдегі ең әдемі махаббат хикаясына жатқызады. «Менің ойымша, Ромеоның тағдырына Капулетти әулетінің қыздарына ғашық болу жазылған секілді. Неге десеңіз, Ромео Джульеттаға ғашық болмас бұрын Розалина атты қызға ғашық болады. Алайда бұл махаббат тек ойда ғана болады. Ал Джульеттаның орны мүлде бөлек», дейді аталған байқауға қатысушы Нұрлыбағым.
Бүгінде елімізде әдебиетті дамыту бағытында ұйымдастырылып жатқан шаралар көп. Бірақ кітап оқу үшін қыруар қаражат тігіп, жастарды кітаптың қасиетіне баулу да бір ғанибет. Нәтижесінде оқушылардың кітапқа деген қызығушылығы артып, жастар арасында оқырмандар ортасы қалыптасады. Бұл да бүгінгідей кітап оқылмайды деген уақытта жастарға кітап оқытудың таптырмас әдісі.
Хамит ЕСАМАН,
«Egemen Qazaqstan»
Жамбыл облысы