Жұма, 8 маусым 2012 7:38
МАҢЫЗЫ ЗОР ШАРА
Сара МУРАДОВА,
Әзербайжан Республикасы Мәдениет және туризм министрінің кеңесшісі:
Жұма, 8 маусым 2012 7:38
МАҢЫЗЫ ЗОР ШАРА
Сара МУРАДОВА,
Әзербайжан Республикасы Мәдениет және туризм министрінің кеңесшісі:
– Біздің елдің Қазақстандағы мәдениет күндерінің өтуі – бауырлас, туыстас екі елдің өміріндегі маңызды оқиғалардың бірі деп ойлаймын.
Біздің жұмыс негізі бірнеше бағытқа бөлінген. Соның ішінде түркітілдес елдермен ынтымақтастықты нығайту, байланысты қалыптастыру сияқты маңызды жұмыстарға ерекше көңіл бөлінген.
Әзербайжанның Қазақстандағы мәдениет күндері 10 маусымға дейін созылады. Бүгін, ертең біз Астанада болсақ, 9 маусымда Алматыда концерт қоямыз. Жалпы, Қазақстанға біз елімізге ғана емес, алыс, жақын шетелдерге танымал біраз өнер қайраткерлерімізбен келіп отырмыз. Оның ішінде Аслан Гусейнов деген эстрада әншісі бар. Ол кісі бұрын Қазақстанда тұрған. Осы жерде туып-өскен. Кейін атамекені Әзербайжанға көшіп келген. Ол Қазақстанды өзінің бес саусағындай жақсы біледі. Осы кісілерді біздің елдердің мәдениетін жалғап, бір-бірімізге деген ыстық ықыластарымызбен бөлісетін адамдар деп санаймын.
НИЕТІМІЗ БІР, ТІЛЕГІМІЗ БІР
Заир ГАССЫМОВ,
Әзербайжан мемлекеттік би ансамблінің директоры:
– Бұл біздің Қазақстанға алғаш рет келуіміз емес. Тәуелсіздіктің 20 жылы ішінде Әзербайжаннан Қазақстанға, сіздерден біздің елге көптеген өнер ұжымдары келіп, өз өнерлерін ортаға салып қайтқан. Ал бұл жолғы біздің сапарымыз Әзербайжанның Қазақстандағы мәдениет күндерімен орайласып отыр.
Біздің елдің мәдениетінің тамыры қазақ халқының салт-дәстүрі, өнері, мәдениеті сияқты тереңде жатыр. Оған мыңдаған ғасырлар болған. Сол мәдениетті тарам-тарам ұрпақ арқылы бүгінгі күнге дейін жеткізу үлкен еңбек, үлкен отансүйгіштік сезімнен пайда болған деймін. Осы жолы біз Астана мен Алматыда әнші, бишілеріміздің ғана емес, мугаматистердің шығармашылығын да көрсетеміз. Сондай-ақ, Аслан Гусейнов деген эстрада әншіміз өз өнерін ортаға салса, биші қыз-жігіттеріміз қалың қазақтың алдында барынша жақсы өнер көрсетеді деп сенемін.
Біздің ансамбль шетелге жиі шығып тұрады. Жақында мәселен, Киевте болдық. Украина астанасы бізді жақсы қарсы алды. Ал концерт кезінде біз жергілікті халықты тәнті еттік деп ойлаймын. Олардың бізді кетерімізде жақсы шығарып салғанына қарағанда, солай деуге негіз бар.
Осы ансамбльде директор болғаныма біраз уақыт өтті. Шетелге шықсақ, тәжірибемен бөлісеміз. өз өнерімізді көрсетуге аянбаймыз. Енді Қазақстанға барасыздар дегенде қатты қуанып кеттім. Біз ниетіміз, тілегіміз бір туыс халықтармыз ғой.
АСТАНА МАҒАН ҰНАДЫ
Назим НАСИРОВ,
Әзербайжан мемлекеттік би ансамблінің бишісі:
– Әзербайжанның Қазақстандағы мәдениет күндерінің бағдарламасында көптеген іс-шаралар жоспарланған. Осының өзі біздің елдер арасындағы достықты, ынтымақтастықты білдіреді. Біздің бағдарлама Бейбітшілік және келісім сарайында фотокөрмемен басталса, одан әрі шығармашылық ұжымдардың қатысуымен өтетін концертпен жалғасады.
Біздің ансамбль Әзербайжанның ежелден келе жатқан билері мен халық әндерін орындаумен ерекшеленеді. Сондықтан болар, өзім осы ұжымның бір мүшесі болып, халықпен өз өнеріммен бөлісіп жүргеніме ризамын. Мен бимен 15 жылдан бері айналысамын. Мектеп бітіре салысымен Баку хореографиялық училищесіне оқуға түскенмін. Соны ойдағыдай бітіріп, енді, міне бірнеше жылдан бері ансамбльдің мүшесі болып жүрген жайым бар.
Біздің ұжым шетелдерге жиі шығады. Соңғы рет Украинада гастрольмен болдық. Қазақстанға бұған дейін біздің ансамбль іс-сапармен болған да шығар, бірақ бұл менің Астанаға алғаш рет келуім. Астана маған ұнады. Біздің Баку сияқты самал желді қала екен. Бакуді самал желді қала дейтінін білетін шығарсыздар. Осындай тіркес Астанаға да жараса ма деймін.
АЛТЫН КӨПІР
Вугар ГУЛИЕВ,
Әзербайжан мемлекеттік би ансамблінің бишісі:
– Ғасырдан-ғасырға жалғасып, тарам-тарам ұрпақ арқылы жеткен мәдениетті насихаттау – ата-бабамыздың алдындағы парызымыз болса, өскелең ұрпақ алдындағы қасиетті борышымыз.
Біздің мемлекеттік би ансамблі құрылған кезден бері тек халқымыздың бай мәдениетін, өнерін насихаттаумен келеді. Біз КСРО кезінде де халқымыздың өнерін өзге елдерге насихаттап, дамыту үшін көп жұмыс істегенбіз. Ал тәуелсіздік алған кезде бұл жұмыс одан әрі дами бастады. Бүгінде Еуропа және Азия елдерінде біздің ансамбльді білмейтін елдер жоқ десем болады. Ансамбльдің құрамында 50 шақты адам бар.
Жақында бізге министрліктегі басшыларымыз Қазақстанға барамыз, Әзербайжанның мәдениет күндері өтеді дегенде бәріміз де осы ұсынысқа қуана келістік. Өйткені, Қазақстанда түркі халықтарының мәдениетіне, өнеріне үлкен құрметпен қарайтынын білеміз. Мәселен, ТҮРКСОЙ ұйымы қазір дүние жүзіндегі түркі тектес елдерді біріктіретін үлкен ұйымға айналып отыр. Сондықтан біздің халықтар арасында алтын көпір болатын осындай шаралар жиі өткізілсе, мемлекет басшыларымыздың арасында достық, ынтымақтастық қатынас нығайса, біздің елдер бір-біріне демеу болып, қолдау көрсетіп, әлі биік белестерге жететініне сенемін.