• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
19 Шілде, 2012

Алдын алу керек

958 рет
көрсетілді

Алдын алу керек

Бейсенбі, 19 шілде 2012 7:24

Сонда өкініш болмайды

Әйелдерде жиі кездесетін сүт безі қатерлі ісігі – қауіпті дерт. Еуропада осы дерттен жыл сайын 350 мың жаңа оқиға тіркеліп, 130 мың әйел көз жұмса, біздің елімізде де сүт безі қатерлі ісігі онкологиялық аурулардың ішінде бірінші орында тұр. Омырау обырымен тіркелген 3 мың әйелдің 1 мыңнан астамы жарық дүниемен қоштасқан. Мамандардың айтуынша, пайда болғаны бірден білінбейтін кеселдің кесірінен көптеген келіншек ауруын асқындырып алады. Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының ғалым-маммологі, медицина ғылымдарының докторы Шынар Талаеваға жолығып, қатерлі ісіктің алдын алуға қарсы қолданылатын шаралар жөнінде айтып беруін сұраған едік.

 

Бейсенбі, 19 шілде 2012 7:24

Сонда өкініш болмайды

Әйелдерде жиі кездесетін сүт безі қатерлі ісігі – қауіпті дерт. Еуропада осы дерттен жыл сайын 350 мың жаңа оқиға тіркеліп, 130 мың әйел көз жұмса, біздің елімізде де сүт безі қатерлі ісігі онкологиялық аурулардың ішінде бірінші орында тұр. Омырау обырымен тіркелген 3 мың әйелдің 1 мыңнан астамы жарық дүниемен қоштасқан. Мамандардың айтуынша, пайда болғаны бірден білінбейтін кеселдің кесірінен көптеген келіншек ауруын асқындырып алады. Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының ғалым-маммологі, медицина ғылымдарының докторы Шынар Талаеваға жолығып, қатерлі ісіктің алдын алуға қарсы қолданылатын шаралар жөнінде айтып беруін сұраған едік.

– Шынар Жақсыбайқызы, қазіргі кезде онколог-маммолог дәрігерлерді Қазақстандағы әйелдердің сүт безі қатерлі ісігі алаңдатып отырғаны шындық. Еліміз аты жаман аурудан бірінші орында көрінеді.

– Рас айтасыз, Қазақстанда әйелдер арасында сүт бездері қа­терлі ісігі өзге аурулармен са­лыстырғанда бірінші орында. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, жыл сайын осы қатерлі дертке қатысты 1 миллион жаңа дерек кездеседі. Сондықтан, сүт безінің қатерлі ісігі бүгінгі таңда өткір де өзекті мәселенің бірі ретінде әлем­дегі онколог-маммолог дәрі­гер­лердің назарында тұр. Ісіктің өзі қатерлі және қатерсіз деп екіге бөлінеді. Оның асқынған, асқынбағанын ауруға функция жасап, цитологиядан өткізіп барып анықтайды. Егер цитология қатерлі ісік деп тапса, онда ол адамды дереу есепке алып, мә­лімдеме жасайды. Науқас мем­лекеттік бақылауға алынғаннан кейін диспансерлік ем жүр­гі­зі­леді. Қазір еліміздегі контингент бойынша сүт бездері қатерлі ісі­гімен ауыратындарды анықтап, есепке алу шарасы жүргізілуде. Жылына осы дертпен 3 мың әйел ауырады десем, олардың тең жарымынан астамы көз жұмады. Ал Қазақстанда 22000-нан астам әйел аталмыш дертке шалдыққан. Басқа ісік ауруларына қарағанда, ол жанға батып ауырмайды. Сон­дықтан, сүт безі қатерлі ісік ауруының кеудеде пайда бол­ға­нын әйелдер айлап, жылдап сезбей қалады. Сөйтіп, ауруын ас­қындырып алады да, дерттің 3-ші, 4-ші сатысында ғана дәрі­гердің көмегіне жүгінеді.

– Контингенттік көрсеткіш деген не? Ол нені білдіреді?

– Контингенттік көрсеткіш дә­рі­герлердің қаншалықты жұ­мыс істегенін айқындайды. Мамандарымыз сүт безінің қатерлі ісігі ауруы жас талғамайтынын, дерттің алдын алу үшін дәрігерге жиі қаралып тұру қажеттілігін еліміздің тұрғындарына ескер­теді. Сонымен қатар, ағымдағы жылдың 15 қазанынан бастап Ден­саулық сақтау министрлігінің халықтың жекелеген ересек санаттарын алдын ала медици­на­лық тексеруден өткізуді жетіл­діру үшін №607 бұйрығына сәй­кес тұрғындар арасында жұмыс­тар атқарылуда. Себебі, осы жас­тағылар арасында қатерлі дертпен ауыратындар жиі кездеседі. Бұл шара учаскелік дәрігерлердің жетекшілігімен әйелдердің тұр­ғылықты жері бойынша іске асырылады. Алматы қаласында өт­кен акцияда біз бір күнде 300 әйелді қабылдадық, оның ішінде біреуінің ғана жаман дертке шалдыққаны анықталды.

– Жақсы шара екен. Ал енді аурудың алдын алу үшін елі­міз­де дәрігерлер тарапынан қан­дай жұмыстар атқарылуда?

– Онколог-маммолог дәрігер­лер республика бойынша әйел­дерге ақысыз тексерілу акциясын өткізеді. Нәтижесі акция барысында көрініп жатады. Ауруды ерте сатысында анықтап, алдын алса, оған ем қонатындығын ха­лықтың санасына жеткізуге тырысамыз. Әйтпесе, кейбір әйел­дер ауруға шалдыққанын есті­сімен, өмірден түңіліп, неше түр­лі ойға беріледі. Алайда, өмірде олай бола берейді ғой. Өзге ағ­задағы қатерлі ісіктерге қара­ғанда сүт бездері қатерлі ісігі ауруы ерте сатысында анықталса, одан құлан таза айығып кету мүмкіндігі бар. Тіпті, кейбір әйелдер одан кейін тұрмыс құ­рып, бала да сүйеді. Иә, бұл қатерлі дерт қазіргі кезде біздің елімізді ғана емес, дамыған ел­дерді де алаңдатып отыр. Оның басты себептері әйелдердің жиі түсік жасатуы, ішімдік ішуі, темекі тартуы, сосын, әрине, экология. Әйел адамды Алла тағала өмірге ұрпақ әкеліп, бала емізу үшін жаратты. Сондықтан, сол факторға қарсы шығуға болмайды. Әйел денесіндегі аталмыш орган өз функциясын дұрыс атқар­маса да дертке шалдығады. Сондай-ақ, бұл ауру аналардың сәбиді ұзақ уақыт емізбеуі, дү­ниеге сәби әкелуді шектеуі, әйел­дер ағзасындағы гормондардың өзгеруінен де пайда болуы ықти­мал. Оның үстіне жарақат алу, яғни емізіп жүргенде омырауына салқын тигізіп алу, соның қабы­нуы салдарынан маститке ұшы­рауының да кесірі бар. Қазіргі заманда мастопатия да көбейген. Бұл емшек безінің ауруы және ағзада гормондардың өзгеруінен пайда болады. Оның үстіне соң­ғы кездері қыздарымыз мансап қуып, «жағдайымды жасап алып тұрмыс құрам» деген ойдың же­тегімен жүріп қалады. Кеш тұр­мыс құрады. Ол дұрыс емес. Сүт безі қатерлі ісік ауруларына ұшыраудың бұл бірден-бір себебі.

Енді сүт безі қатерлі ісігі ауруларының алдын алу туралы айтар болсам, 40 жастан асқан кез келген әйел жылына бір рет маммографиядан өтіп, маммолог дәрігерге көрінуі керек. Және әрбір әйел күнде айнаның алдында қолымен кеудесін сипалай оты­рып, омырауында қандай да бір өзгерістер бар-жоғын ба­қылауы қажет. Егер сүт бездерін саусақтың ұшымен сипалағанда, қандай да бір өзгерістерді бай­қаса, қатты түйіншек сезілсе немесе сүт бездерінің ұшы ішіне кіріңкіреп тұрса, үрпіден сұйық бөлінсе, міндетті түрде дәрігерге көрінуі тиіс. «Сақтансаң – сақ­тай­мын» демекші, асқынып кетсе, соңы қайғылы жағдайға ұрын­дырады. Сондықтан, әркім өз денсаулығына мұқият көңіл бөл­гені жөн.

– Шынаргүл Жақсы­байқы­зы, аталмыш дертке еліміздің қай өңірінің қыз-келіншектері жиі шалдығады?

– Бұл дертпен, әсіресе, Семей, Өскемен, Павлодар облыста­ры­ның әйелдері көп ауырады. Оның себебі Семей полигонының жа­қын орналасқандығынан болар деп ойлаймын.

– Сіз сұхбатымыздың барысында 40-тан асқан әйелдердің барлығы жылына бір рет омырауын маммографияға түсіруі керек­тігін ескертіп кеттіңіз. Алайда, бұл дерт жастары 40-тан төмен қыз-келіншектерде де көп кез­де­седі. Бұған не дейсіз?

– Рас, өкінішке қарай, бұл дертпен жасөспірім қыздар да ауы­­ратын болды. Жуырда ғана он сегіз жастағы қыз балаға ота жасадық. Ота сәтті өтті. Әрине, біз оған омырауды сақтап қалу тәсілін қолдандық. Осыған қарап, сүт безі қатерлі ісігі жасарып кетті деуге әбден болады. Оның себебі қазіргі кезде жейтін та­ғамдарда жатса керек. Генети­ка­лық модификацияланған тағам­дар­дың өмірге келуі қатерлі дерт­тің өршуіне себепкер болуда. Мы­салы, дамыған елдер қата­рын­дағы Америка Құрама Штат­тарын алайық, онда әйелдердің 91 пайызы осы дертпен ауырады. Бұл дегеніміз жүз адамның 91-і ауырады деген сөз. Генетикалық тағамдардың отаны саналатын АҚШ елдерінің сиқы, міне, осындай. Осыған қарап-ақ, генети­ка­лық модификацияланған тағам­ның адам өміріне әкелер қаупінің қаншалықты «зор» екеніне көз жүгірте беріңіз. Одан кейінгі орында абайсызда жарақат алу тұр.

– Дертке шалдыққан әйел­дердің бір омырауын ота жасап алып тастаулары тәжірибеде бар. Бұл көп жағдайда әйел­дердің жүй­ке­сіне кері әсер ететіні сөзсіз. Елімізге омырау­дың орнын толтыратын жаңа­лық жетті ме?

– Күні бүгінге дейін аурудың емі дертке шалдыққан сүт безін ота жасау арқылы тұтас алып тастау еді. Шетелдің дә­рі­гер ға­лым­дары аурулар арасында ғы­лыми дәрігерлік зерттеулер жүр­­гізгенде, бір емшегін алып тас­таған әйелдер мен ісіктің лимфа түйіндерін ғана алған әйел­дердің өмір сүру ұзақтығы бір­дей бол­ған. Содан сүт безін тұтастай алып тастамай, сақтап қалу керек деген ұйғарымға келді. Ал сүт безін сақтап қалу мүмкін болмай, тұтастай алып тастаған жағдайда қазіргі ғылым мен медицинаның көмегімен омырауға имплантант қойылады. Жасы 30-35 жастағы келіншек­терге бір сүт безін алып тастау, әрине, психологиялық соқ­қы еке­ні айтпаса да түсінікті. Сон­дықтан биылдан бастап ота жасамас бұрын, оны сақтап қа­лудың жолын қарастырамыз. Ауру асқынып кетіп, сүт безінің біреуін алып тастауға тура келген жағдайда, екіншінің орнын толтыру мүмкіндігі іске асырылуда. Ақтаудан, еліміздің өзге де өңір­лерінен келгендерге осындай ота жасадық. Нәтижесі ой­дағыдай. Мысалы, арқа терісі­нен тері алып, оны имплантант ішіне салып, жамап екінші омырауынан айнымайтын омырау жасаймыз. Тек бір ғана айырма­шылығы – оның ұшы болмайды. Имплантант адамның етіне сәй­кес­тен­діріліп жасалған­дықтан, ешқан­дай аллергия бермейді. Сондық­тан, біздің міндетіміз – қара­пайым жұртшылыққа он­колог-дәрігерлердің осындай ота жасау­ға қол жеткізгендігін жеткізу.

– Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу инс­титутының сіз басқаратын сүт бездері ісігі бөлімінде дәл қазір қанша адам ем алып жатыр?

– Қазақ онкология және радио­­логия ғылыми-зерттеу институты Қазақстандағы бас институт саналатындықтан, бізге еліміздің түкпір-түкпірінен жанына дауа іздеген жандар келеді. Оларға дәрігер-хирургтеріміз Берік Қай­құллаев, Эльмира Жандосова, Серік Мұхамбетовпен қатар, аға медбике Айнұр Әріпова, медбикелер Анар Төлепбергенова, Гүлмира Сыздықова әрқашан қолдарынан келген көмектерін аямайды. Жалпы, институтта 500-ден астам науқас ем алуда. Ал біздің сүт бездері қатерлі ісігі бөлімінде 15-20-дай адам дерті­нің сатысына байланысты ем қабылдауда. Іштерінде ота жа­салғандары да бар. Жағдайлары жаман емес. Олармен жиі сөй­лесіп, хал-жағдайларын үнемі бақылап тұрамыз.

– Бүгінгі таңда медицина да­мып, ота жасау тәсілі де өз­геріп, технология да жетіліп жа­тыр. Енді ота жасаудың соны жетістігі жайында айт­саңыз.

– Дұрыс айтасыз. Біз өмір сүріп жатқан қоғамда күніне қаншама өзгерістер орын алып жатады. Соның ішінде медицина саласында да соңғы кезде ота жасаудың жаңа тәсілдері енгі­зілді. Соның дәлелі – Америкадан келген «seno sonix» аппараты. Онымен сүт бездері ісігіне ота жасауда ешқандай аппарат тең­десе алмайды десем, қателес­пей­мін. Бұл сырқат денесіндегі ісікті иненің ұшымен ешқандай қан шығармай, сорып алады. Қазір аталмыш құрал біздің институтта сынақтан өтіп жатыр. Бәлкім, алдағы уақытта Ден­сау­лық сақ­тау министрлігі осындай аппарат алуға қаражат бөліп жатса, онда бүкіл Қазақстан бойынша еліміз ауруханалары соны ап­паратқа қол жеткізіп қалар. Дәл қазірге дейін бес науқасқа ота жасадық. Бәрі де ойдағыдай өтті. Әсіресе, жас қыз-келіншектер үшін аппа­раттың пайдасы ерекше. Себебі, денеде ешқандай тыр­тық, опера­цияның орны қал­май­ды. Тек иненің кірген ұшы нүкте сияқты тұрады. Сөзім жалаң болмас үшін мысал кел­тіре кетейін. Жо­ға­рыда айтып өт­кенімдей, жа­қын­да он сегіз жас­тағы қызға ота жасадық. Кеу­десіндегі ісік көлемі алты сантиметрдей екен. Ота қырық минуттай уақытқа созылды. Егер ісік көлемі кіші болса, онда ота бар-жоғы 10-15 минутқа ғана созылады. «Сүт безі қатерлі ісігінің кеудеме шыққа­нына біраз уақыт болыпты. Нақ­ты қай уақыт екенін білмеймін. Мен осыған дейін арнайы тек­серістен өткенім жоқ. Мамандар сүт безінің қа­терлі ісігі ауруы жас тал­ға­майтынын және дерттің алдын алу үшін дә­рігерге жиі қаралып тұруды ескертеді. Егер дертті дер кезінде анықтағанда, бүгінгідей халге ұшырамас едім», – дейді Атыраудан келген Анар атты келіншек.

Қатерлі ісікке шалдыққан­дар­дың тағы бірі – Сайра да ауруы асқынған кезде дәрігерге жүгі­ніпті. Ол тұрмыс жағдайының төмендігінен дер кезінде емделуге мүмкіндігі болмағанын айтып:  «Сүт безі қатерлі ісігінің пайда болғанына 1 ай болған кезде дәрігерге келдім. Маммолог-мамандар тексеріп, мен­дегі дерттің өте қатерлі екен­дігін анықтап, дереу ота жасамаса, басқа ағзаларға өтіп кетеді» деді. Ота сәтті аяқталды.

Алматы қаласының тұрғыны 59 жастағы Сақыпжамал:  «Кеу­демдегі ісікті осыдан екі-үш жылдай бұрын байқағанмын. Жаныма батып ауырмаған соң, өз бетімше әртүрлі ем-дом жасап жүре бердім. Соның кесі­рі­нен омырауымда аллергия пайда болды. Ол аздай сүт безінің ұшынан сұйық зат бөлінді. Дә­рігерге бардым. Маған көп күт­тірмей ота жасау керектігін айтты. Келістім. Қазір жағдайым жаман емес. Әйелдерге айтарым, сүт безінің қатерлі ісігіне шалдықпас үшін ай сайын мам­молог-мамандарға тексеріліп оты­руы қажет екендігі. Егер қандай да бір өзгерістер байқап, сезіктенсе, дереу дәрі­герге жү­гінген дұрыс», – дейді.

– Әңгімеңізге рахмет. Еңбе­гі­ңізге табыс тілейміз.

Әңгімелескен Айгүл СЕЙІЛОВА,

«Егемен Қазақстан».