• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
24 Ақпан, 2019

Басты назарда – әлеуметтік мәселелер

525 рет
көрсетілді

Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошановтың тұрғындар алдындағы есепті кездесуі өңірде көп балалы және аз қамтылған отбасылар мәселесінің өткір тұрғанына тағы бір мәрте көз жеткізді. 

Облыстың бүгінгі тыныс-тіршілігі туралы жасалған баяндамадан кейін әдеттегідей «сауал-жауап» басталғанда, бірінші қойылған сұрақтың өзі осы мәселеге бірден ауыз салған. Қоғам белсендісі, журналист Ләззат Қожахметова облыстағы көпбалалы аналардың атынан сөйлеп, бұл саладағы көкейкесті мәселелерді батыл көтерді. Атап айтқанда, ол төрт және одан көп баласы бар аналарға «Көп балалы ана» мәртебесінің қайтарылуын, атаулы әлеуметтік көмек енгізілгелі төрт және одан көп баласы бар отбасылардың жәрдемақыдан мүлдем қағылғанын, оған дейін беріліп келген 10 мың теңгеге де зар болып қалғанын, жалғызбасты аналардың жанайқайын және басқа да дәл қазіргі кезде күйіп тұрған мәселелерді жіпке тізіп айтып шықты.

Есепті кездесудегі әңгіменің өзегі көп балалы отбасылар мен жалғызбасты аналардың мәселесі болғандықтан, облыс басшысы осы бағытта қолға алынған, алдағы уақытта атқарылуы тиіс шаруаларға кеңінен тоқталды. Облыста көп балалы және аз қамтылған отбасылардың жағдайын жақсарту үшін арнайы әзірленген 10 қадам жобасын атап өтті. Яғни, алдағы уақытта көп балалы аналар айтарлықтай қосымша көмек алатын болды. Мысалы, осы жылдың 1 маусымынан бастап олар қалаішілік қоғамдық көліктерде тегін жүру құқығына ие болады. Көп балалы отбасылардың төменгі сыныптарда оқитын балалары тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ балабақша ақысына 50% жеңілдік жасалады.

Бұдан бөлек, көп балалы отбасылардың балалары музыкалық және көркемөнер мектептерінде тегін дәріс алып, спорт үйірмелеріне ақысыз қатыса алады. Жазда бұл санатқа жататын балалар мектеп жанындағы лагерьлерде тегін демалатын болады.

Өңір басшысы облыстық бюджеттен колледждерге 5,5 млрд теңге бөлінетінін айтты. Мұның өзі сұранысқа ие мамандықтар бойынша 8 мың грант бөлуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, көп балалы аналарға жеке ісін ашу үшін 200 грант бөлінбекші. Олар үшін бизнес-инкубатор құру қолға алынады. Бұған қосымша, отбасын қолдау жөнінде орталық ашу жоспарланған. Бұл жерде оларға мамандар мен психологтар көмек береді.

Кездесуде өңір басшысы облыста көпбалалы аналар тұрғын үй сертификаты мен баспана үшін несие алу мүмкіндігіне ие болатынын айтты.

– Бүгінде облыста баспана алу кезегінде 1206 көп балалы отбасы тұр. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша біз кезекте тұрғандардың 11 санаты бойынша жылына шамамен 300 пәтер саламыз. Ал кезекте тұрғандардың саны бүгінде – 36 мың. Әрине, мұндай қарқынмен таяу уақытта мұқтаж жандарды баспанамен қамтамасыз ете алмаймыз, – деп шындықты ашып айтты ол.

Облыс әкімі бұл бағытта қабылданған шешімдерді тілге тиек етті. Мысалы, кезекте тұрған көп балалы отбасыларды несиелендіру үшін жергілікті бюджеттен «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» АҚ-ның облыстық филиалына 1 млрд теңге қаржы құйылады.

– Жылдық мөлшерлемесі 2% құрайтын 15 млн теңгеге дейін несие қарастырылған. Бастапқы жарна – 10%. Сонымен қатар, кірістерге қойылатын талаптар белгіленеді: отбасының бір мүшесіне шаққанда ең төменгі күнкөріс деңгейі бір жарымнан аспауы тиіс, ол дегеніміз – 44 547 теңге, – деп түсіндірді Ерлан Қошанов.

Микрофонға жету үшін кәдімгідей тер төккендердің еңбегі зая кетпеді. Мысалы, бір зейнеткер асыл тұқымды ешкі өсіріп, оның жүні мен сүтін өндіргісі келетінін, алайда осы мақсатқа қажетті 3 млн теңге грантқа қол жеткізе алмай жүргенін айтып қынжылды. Қора-қопсысы дайын, тіпті ешкі сатып алу үшін Ресейдегі кәсіпкерлермен келісіп те қойыпты. Бірақ шенеуніктер ешкіні малға санамай, болашақ кәсіпкердің бетін бірнеше рет қайтарған екен. «Меніңше, бұл өте тартымды жоба. Бұл кісіге көмектесу керек», деді облыс әкімі. Әкімге сұрақ қойған есепші мамандығы бар жалғызбасты ана қалада өзін кәрісің деп жұмысқа алмаған соң, жеті бірдей баласын асырау үшін жердің түбінде 60 мың теңгеге аспаз болып жұмыс істеп жүргенін ашына айтты. Қошанов бұл кісінің де есімін көмектесу керек деп қағазға жаздыртты. Міне, жеке басының проблемасын залдың ішінде дәл осылай жарым-жартылай шешіп алғандар аз болмады. Бірақ, кеншілердің мәдениет сарайына келе алмаған, келгенмен де микрофонға жете алмаған, болмаса залға сыймағандықтан ішке ене алмаған адам қаншама?

Дегенмен, үмітті талғажу еткен тұрғындардың ауызша да, жазбаша да жеткізілген арыз-шағымы, мұң-зары, тілек-өтініші есепті кездесуге қатысқан әкім-қаралардың, мемлекеттік қызметшілердің есінде жүрсе екен дейсің, аяқсыз қалмаса екен деп тілейсің.

Қайрат ӘБІЛДА,

«Egemen Qazaqstan»

ҚАРАҒАНДЫ