Тіршілікте болмай тұрмайтын нәрсе – қалдықтар. Оның түрі мен қоршаған ортаға қаупі қаншалықты маңызды болса, дер кезінде тазартып, жойып отыру да үлкен жұмысты қажет етеді.
Тұрмыстық қатты қалдықтардың құрамына тағам қалдықтары, қағаз, металл сынықтары, резеңке, шыны, ағаш, мата және пластик, синтетикалық қалдықтар кіреді. Атмосфералық тұнбалар, күн жылуы, қоқыстардың өрт салдарынан еруі тұрмыстық қатты қалдықтар полигондарында физика-химиялық және биохимиялық үрдістердің жүруіне әсерін тигізеді. Яғни, қалдықтарды сақтағанда сұйық, қатты және газ тәрізді көптеген улы химикаттар пайда болады. Бұл биосфераға және адамзат өміріне үлкен қауіп төндіреді, қоқыстардың қоршаған ортаға биогендік әсерінің нәтижесінде жәндіктер, құстар, кеміргіштер арқылы бактериялар мен вирустар үлкен қашықтықтарға тарайды. Сондай-ақ мамандардың айтуынша, сұйық өнеркәсіптік және тұрмыстық қалдықтар топырақ және өсімдік қабатын, жер асты суларын улы заттармен жоғары деңгейде концентрациялайды. Сол себепті қоршаған ортадағы қоқыстарды қадағалау, оның заңға сай белгіленген орындарға төгілуі мен тазалануын ұйымдастыру жұмыстары аса маңызды.
Алайда, былтыр Энергетика министрлігінің тапсырысы бойынша «Қазақстан ғарыш сапары ҰК» АҚ жүргізген космостық түсірілім нәтижесінде Маңғыстау облысы бойынша 151 жерде рұқсатсыз жатқан тұрмыстық қалдықтар анықталды. Оның арасында Ақтау қаласына 58 жер, Мұнайлы ауданына 34 жер, Түпқараған ауданына 40 жер және 19 жеке және заңды тұлғаларға тиесілі. Құзырлы орындардың тиісті тазалау шараларын жүргізуі нәтижесінде қазір 48 жерде орналасқан тұрмыстық қалдықтар, нақтырақ айтсақ Мұнайлы ауданы 20, Түпқараған ауданы 9 және жеке және заңды тұлғаларға қатысты 19 жер толығымен тазаланды.
Маңғыстау облысында қалдықтардың өз дәрежесінде игерілуіне кері әсер ететін негізгі факторлар – халықтың тығыздығының төмендігі, елді мекендердің бір-бірінен және облыс орталығынан қашықтығы, техникалық жабдықталудың жеткіліксіздігі. Осы өзекті мәселені тұрғындар арасында қатты тұрмыстық қалдықтарды түріне қарай бөлектеп жинауды кеңінен енгізу, қайта өңдеу мен қайта кәдеге жаратудың, қалдықтарды жағуға арналған заманауи пештердің қауіпсіз жаңа әдістерін, қатты тұрмыстық қалдықтар полигонының заманауи инженерлік әдістерін енгізу арқылы оң шешімін табу көзделуде. Сондай-ақ тұрмыстық қатты қалдықтарды тиімді, заманауи игеру шағын және орта бизнес субъектілерін кеңінен тартуды, бюджет қаражатын үнемді пайдалануды талап етеді.
Облыс елді мекендеріндегі тұрмыстық қатты қалдықтардың біраз бөлігі арнайы салынған, санитарлық талаптарға сай 8 полигонда орналасады, Маңғыстау облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мәліметінше, онда 2018 жылы 182 323 тонна қалдық жиналды, оның 22 871 тоннасы, немесе 12,5%-ы сұрыпталып, кәдеге жаратылды. Сондай-ақ тұтыну қалдықтарын жинау полигондары Ақтау, Жаңаөзен, Форт-Шевченко қалаларында, Бейнеу, Кұрык, Жетібай, Шетпе ауылдарында, Қаламқас кен орындарында орналасқан.
Қалдықтарды полигонға көму қалдықтарды жоюдың негізгі әдісі емес. Демек, қоқыстан құтылудың қосымша жолы қандай? Бұл – қоқысты өңдеу. Бұл тұрғыда Жаңаөзен қаласында жылдық қуаты 50 мың тонна қоқыс өңдейтін зауыт 2014 жылдың қыркүйек айынан бастап жұмыс істейді. Сонымен қатар облыста қалдықтарды бөлектеп жинаумен қазір 7 мекеме айналысады. Былтыр жылы Мұнайлы ауданы Басқұдық елді мекенінің іргесінде орналасқан «АқтауТазаҚала» ЖШС қуаты жылына 50 мың тонна қалдықтарды сұрыптау стансасын іске қосты және аталған ауданда «Ақтау вторсырье» ЖШС тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптау және кәдеге жарату кіші зауытын ашу мақсатында арнайы құрылғыларын орналастырды.
Қазір мемлекеттік экологиялық рұқсат құжаттарын ресімдеу бағытында жұмыс істеуде.
Ақтау қаласында сынапқұрамды шамдар мен құрылғыларды жинауға арналған арнайы 27 контейнер орнатылып, былтыр 65 853 сынап құрамды шамдар кәдеге жаратылды. Бұрын пайдалануда болған сынабы бар шамдармен жұмыс істеу қауіпсіздігін насихаттау және халықты хабардар ету жұмыстары жүргізілуде.
Сондай-ақ өлкенің экологиялық жағдайын жақсарту үшін халыққа экологиялық білім мен тәрбие беруге көңіл бөлініп, түрлі шаралар өткізілуде. Қалдықтарды тиісті орындарға тастап, қоршаған ортаны қоқыспен тұмшаламауға тұрғындар өз жауапкершілігін сезінбейінше, бұл бағыттағы жұмыстардың толастамайтыны, тіпті қауіпсіздікті, жеделдікті талап ететін заманауи жетістіктерді қажет ететіні белгілі.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Egemen Qazaqstan»
Маңғыстау облысы