Семейдегі Мұхтар Әуезов атындағы педагогикалық колледжде көрнекті түркітанушы, полиглот, түркі тілдерінің білгір маманы Әмір Нәжіптің 120 жылдығына орай атаулы кабинет ашылып, ескерткіш тақта орнатылды.
Ескерткіш тақтаның ашылу салтанатына Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, Әмір Нәжіптің Мәскеуден арнайы келген қызы Эльмира Әмірқызы, алаштанушы ғалым Тұрсын Жұртбай, тарихшы Мұхтарбек Кәрімов, ақын Тыныштықбек Әбдікәкімұлы және колледж директоры Шағангүл Жанаева және тағы басқалар қатысты. Ескерткіш тақтаның ашылу рәсімінен кейін оқу орнында Әмір Нәжіп атындағы атаулы кабинет ашылып, ғалымның 4 томдығының тұсауы кесілді. «Әмір Нәжіп осында Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев, басқа да алаш қайраткерлерімен бірге оқыған. Әлихан Бөкейханов сияқты алаш серкелерімен араласқан. Түркологияның ең ірі тұлғаларымен қоян-қолтық қызмет атқарған. Өзбекстанда, Қарақалпақстанда, Бұқара жерінде ғылымның дамуына өлшеусіз үлес қосқан. Мәскеуде тұрып түркологияның қанат жаюына үлкен қозғаушы күш болған. «Біз қазір түркологияны айтқанда Радловты, Самойловты, Баскаковтарды айтамыз. Сондай ірі деңгейдегі тұлға бүгін өзінің Отанымен, туған жерімен, білім алған ордасымен қауышып отыр. Бұл – үлкен оқиға. Біз Әмір Нәжіп есімімен қалай таныстық? Қазақтың үлкен түрколог ғалымы Әбдуәли Қайдаров ағамызға кезінде қолындағы қолжазбаларын беріп тұрып: «Менің денем Мәскеуде қалғанымен, рухым, жүрегім қазақ жерінде. Түркі тарихына қатысты қолжазбалардың көпшілігі қазақ жерінде дүниеге келген. Осылардың көпшілігі қазақ даласында жазылған. Мұның тікелей мұрагерлері сіздерсіздер. Сондықтан менің қолжазбама, менің мұрама сіздер ие болыңыздар. Осыны сіздерге аманаттаймын», деген екен. Осы жұмысты қолға алуды Әбдуәли Қайдар ағамыз Елбасы бастамасымен, төрт мемлекеттің ұйытқы болуымен ашылған Халықаралық Түркі академиясына аманаттаған еді. Ақылдаса келе қолжазбаны кітап ретінде шығару туралы шешім қабылдап, шәкірттерін шақырып, осы төрт томдықты әзірлеп шықтық», – деді кітаптың тұсаукесерінде сөз алған Д.Қыдырәлі.
Шара аясында Түркі академиясы атынан Әмір Нәжіпке қатысты суреттер мен құжаттар, әртүрлі кітаптар тапсырылды. Тұсаукесер соңында академия президенті Д.Қыдырәлі Эльмира Әмір- қызына құрмет көрсетіп, камзол кигізді.
Айтулы оқиғаға орай Мәскеуден арнайы келген ғалымның қызы Эльмира Нәжіп толқынысын жасыра алмады. «Әкем осы оқу орнында білім алды. Алғашқы еңбек жолын жасады. Бүгінгі оқиға мен үшін өте маңызды. Түркі академиясына, оның президентіне ерекше алғыс айтқым келеді. Осы азаматтардың арқасында әкем жайлы білмеген тың деректермен танысып жатырмын», деді ол.
Алаштанушы ғалым Тұрсын Жұртбай Әмір Нәжіпті екі рет көргенін еске алып: «Бүгін Семейдің оқу өңірінде, ойлау санасында біз ұмытып кеткен немесе ұмытуға айналған бір ой қайтып оралды. Бұл төрт құнды еңбек ғалымның үлкен арманы болды. Сол арман міне орындалды», деді.
Түрколог ғалымның туған жері Үржар ауданының атынан сөз алған ақын Құсмілия Нұрқасым: «Тәуелсіздік алғанымызға 30 жыл болды. Түркологияға енді бет бұрып жатқан жайымыз бар. Ал Әмір ағаларымыз мұны баяғыда-ақ зерттеген. Қадау-қадау ұлыларымызды енді танып-біліп жатырмыз. Қараңызшы. Қаншама уақыт өтті. Төрт томдық еңбектің жарық көруі, тұлға есімінің туған жеріне қайта оралуы – ғажайып, үлкен жұмыс», деп тебіренді.
Колледж директоры Шағангүл Жанаева оқу орнын даңқты түлегімен қауыштырғаны үшін, Әмір Нәжіптің аманатын орындағаны үшін Халықаралық Түркі академиясының басшылығына алғысын жеткізді. «Бүгінде тұлғаның түркі әлеміне жасап кеткен ерен еңбегі ақталып отыр. Осы оқу орнына тағы бір ұлы есім қосылды», деді ол.
Жиында Әмір Нәжіптің Мұхтар Әуезовпен бірге осы оқу орнында оқығандығы және Семейде «Ярыш» футбол командасында бірге ойнағандығы туралы да айтылды.
Раушан НҰҒМАНБЕК,
«Egemen Qazaqstan»
Шығыс Қазақстан облысы,
Абай ауданы