• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
27 Ақпан, 2019

Түрленген Түркістан

1130 рет
көрсетілді

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың облыс орталығын төрт қақпалы Түркістанға көшіру туралы Қазақстан халқы мен түркі әлемі үшін мәні зор тарихи шешімі – алдымызға жаңа міндеттер қойып, айқын мақсаттарға жол ашты. Қазақстан Президенті қыркүйек айында жұмыс сапарымен келіп, қаланы дамыту бойынша өткізген кеңес­те Шымкент өз алдына енші алып шыққаннан кейін бюджеті екіге бөлінген өңірдің қаржылық тұрақтылығын арттырып, жаңа кіріс көздерін көбейтуді тапсырды. 

Сондай-ақ Түркістан қала­сын түркі әлемінің мәдени-руха­ни орталығы ретінде дамы­ту жөніндегі бас жоспар­дың тұжырымдамасын мақұл­дап, «Turkistan» арнайы эконо­микалық аймағын құру жөніндегі Жарлыққа қол қойды. 

Осыған сәйкес, көне шаһарды қайта түлетіп қана қоймай, жаңа облыс­тың әлеуметтік ахуалын жақсартуға басымдық берілді. Ха­лықтың тұрмысын тіктеп, табы­сын молайту үшін кешенді жос­пар жасалып, экономиканы көтеру, инфрақұрылымды дамыту, адами капитал қалыптастыру мін­д­ет­тері мұқият назарға алынды. 

Әр саладағы ауқымды істер мен нақты қадамдар нәтижесіз емес, өткен жылдың қорытындысы бойынша көңіл көншітер көрсет­кіштерге қол жеткізілді. Өңірлік өнім 1 трлн 103,9 млрд теңгені құрап, озық технологияны енгі­зу­дің нәтижесінде өнеркәсіп ал­дың­ғы жылғы межеден асып түс­ті. Индустрияландыру карта­сы ­аясында 10 жоба іске қо­сы­­лып, мыңға жуық жұмыс ор­ны ашылды. Атап айтқанда, Ор­дабасы ауданында полиэтилен қалдықтарын қайта өңдейтін «Green Technology Industries» өндіріс ошағы тұсауын кесіп, «Асыл тұқымды шаруашылық. Ордабасы ешкі сүт өнімдері» фер­масы базасында ешкі сүті қайта өңделе бастады. Сон­дай-ақ «Бадам өнімдері» ЖШС күйдірілген қыш зауыты тұтыну­шылар сұранысын орындауға кірісті. Түркістан қаласында бой көтерген еліміздегі бірегей жоба «Golden Camel Group LTD» ЖШС 1,5 мың тонна түйе мен бие сүті өнімдерін экспортқа шығарса, Төле би ауданында шоколадты конфет өндірісі жолға қойылды. Келес ауданында шөп байлайтын жіп иіріліп, Шардара ауданында балық өңдеу зауытының құрылысы аяқталды. Сайрам ауданы ауыл шаруашылығы өнім­дерін өңдейтін цех ашса, Қазығ­ұрт ауданы майсыз сүт ұнтағы мен май шығаратын зауыт тарту етті. Арыс қаласында ми­не­ралды және алкогольсіз су­сын­д­ардың өндірісі ел игілігіне ұсынылды.  Маңызды жобаларды іске асыру бойынша атқарылған жұ­мыстардың нәтижесінде об­лысқа 288,1 млрд теңге инвести­ция бағытталса, оның ішінде 58,6 млрд теңге сырттан тартылды.

Шетелдік әлеуетті инвесторлармен және жергілікті бизнесмендермен кездесулер өтіп, алғаш рет «Көне Түркістан – жаңа мүмкіндіктер» атты халықаралық инвестициялық және туристік форум ұйымдастырылды. Еуро­па елдерінен, Түркия, Ресей, Оңтүстік Корея, Қытай, Синга­пур, Иран, Малайзия, Пәкістан, Өзбек­стан сияқты шет мемлекет­тен 500-ге жуық делегат қаты­сып, 1,7 млрд АҚШ долларын құрай­тын 19 құжат келісілді. Әлеует­ті инвесторлар үшін ағыл­шын, француз, қытай, түрік, араб, орыс, қазақ тілінде қызмет көрсететін www.investinturkistan.org инвестициялық порталы құрылды. 7 тілде ақпарат бере­тін портал арқылы өңір туралы әлемнің кез келген жерінен қа­жетті мәлімет алуға болады. Елба­сының ауыл шаруашылығын экономикалық дамудың жаңа драйверіне айналдыру тапсырмасына сәйкес, өнім көлемі 544,3 млрд теңгеге жетті. Алғаш рет агроөнеркәсіп кешенін дамы­тудың өңірлік бағдарламасы әзір­леніп, Ауыл шаруашылығы ми­нистр­лігімен келісілді. Фер­мерлік шаруашылықты дамыту мақсатында ірі қара басы көбейтіліп, мал бордақылау алаңдары ашылды. Тұңғыш рет Өзбекстан, Иран, Біріккен Араб Әмірліктеріне жөнелтіліп, ет экспорттауда республика бо­йын­ша көш бастадық. Қой-еш­кі­нің саны жағынан да әзірге алды­мы­зға ешкім түскен жоқ. Сүт, жұмыртқа алу жоспары да асыра орындалды.

Егіс көлемі көбейіп, аймақ ақ алтынымен алға шықты.

2,9 млн бақша дақылдары жиналып, рекордтық көрсеткішке қол жеткізілді. 500 мың тонна көкөніс Ресей, Беларусь, Латвия, Германия мемлекеттеріне, 1 млн тоннасы еліміздің солтүстік өңір­леріне сатылды. Биыл 8000 тонна өнімді артық алу мін­деттемесі қойылды. Жалпы ауыл шаруашылығына 25 млрд теңге субсидия бағытталып, 26,5 мың шаруа пайдасына жаратты. 

Құрылыс қолдаусыз емес

Елдің көңілі жайлы, тұрмысы сайлы болуы үшін Президент жариялаған «Бес әлеуметтік бастама» бағдарламасы халықтың осал топтарына қамқорлық танытып отыр.

«Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 3047 пәтер, бюджет қаржысы есебінен 500 пәтер кілті тапсырылды. Сонымен қатар, 935 жер теліміне инженерлік-коммуникациялық жүйелер жүргізілді. 385 елді мекендегі 1 млн 72 мың адам от жағу тауқыметінен құтылса, келер жылы Түркістан қаласын көгілдір отынмен толық қамтамасыз ету жоспарланды. Ордабасы, Созақ аудандары да осы қуанышқа бөленер күн жақын.

«7-20-25» бағдарламасын іске асыру шеңберінде облыс әкімдігі мен «Баспана» АҚ арасында ынтымақтастық туралы меморандум түзілді. «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы және жеке салушы есебінен көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысы басталып, күзге қарай аяқтау межеленді. Жыл соңына дейін 2391 пәтерлі 40 үй қоныс тойын тойлайды.

Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы да асыра орындалды. Шағын және орта кәсіпкерліктің дамуы республика бо­йынша екінші орынға көтерілді.

Облыс көлемінде «Әр ауылға өз шебері» бірегей жобасы қолға алынып, әр ауданға қажетті мамандар қысқа мерзімді курсқа тартылды. Былтыр жергілікті бюджет есебінен 2 қабатты, 10 пәтерлі үйлер салынып, жас мамандарға берілді.

Салықтық жүктемені төмен­дету бастамасы шеңберінде 45,4 мыңға жуық жұмыскердің жалақысы ұлғайып, республи­калық бюджеттен 1,4 млрд теңге көлемінде өтемақы бөлінді.

«Жоғары білім алудың қол­жетім­ділігі мен сапасын артты­рып, студент жастардың жа­тақ­ханадағы жағдайын жақ­сарту» бастамасы бойынша 7 жатақ­хананың жобалау-смета­лық құжат­тамасы әзірленді.

Біліктілік – басты талап

Ел Президенті Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Бес жыл ішінде білім, ғылым, денсаулық сақтау саласына барлық көздерден жұмсалатын қаражатты ішкі жалпы өнімнің 10 па­йызына жеткізу қажет» деді. 

Білім беру саласына 262,4 млрд теңге қаржы қаралып, білім беруді дамыту бағдарламасының негізгі көрсеткіштері жоғары­лады. Мемлекет-жекешелік әріптестігі аясында балабақшалар салынып, күрделі жөндеуден өтті. 80 білім ошағының құрылысына 18,03 млрд теңге бөлініп, 34 ны­сан­ның кілті тапсырылды.

Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамы­тудың 2016-2019 жыл­дарға арналған мемлекеттік бағ­дар­л­амасына сәйкес, облыс мек­тептерінің 86,1 пайы­зы кең жолақты интернет желі­сі­мен жарақтандырылды. «Bilimland» цифрлы білім беру ре­сурс­тарына жүз пайыз қосыл­ды. Облыстық бюджеттен шалғай ауыл­дарға «Bilim Book» компью­тер-планшеттері таратылып, цифрлы білім беру ресурстарына интернетсіз қол жеткізуде.

Сонымен қатар www.bala­baqsha.sitcen.kz порталында 140034 сәби бала­бақ­шаға тір­келіп, www.mektep.sitcen.kz арқылы 54751 оқушы 1-сыныпқа электронды түрде қабылданды. www.jumys.sitcen.kz 1871 педагог пен техникалық қызметкердің бос орнына хабарлама беріп, 1452 адам жұмысқа орналасты.

Денсаулық саласына тоқтал­сақ, медициналық қызмет сапасы түзеліп, өлім-жітім көрсеткіші төмендеді. Қала және аудан орталықтары 100 пайыз интернетке кіру мүмкіндігіне ие. Облыс бойынша электронды ден­сау­лық паспорттары толық жасақ­­талып, медициналық ұйым­дар­дың материалдық-техни­калық жабдық­талуына 8,1 млрд теңге бөлінді. 

Жыл сайын өңірде шамамен 50 мыңдай бала дүниеге келеді, бұл – бір Отырар ауданы халқының санымен тең. Яғни, жыл сайын бір аудан халқы дүниеге келіп, еліміздің демографиялық дамуына елеулі үлес қосылып отыр. Сондықтан, бірінші кезекте ана мен бала денсаулығын сақтап, ота жасау, жедел жәрдем қызметін күшейту және «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын іске асыру көзделді. 

Президенттің ауылдық жерлерде алғашқы медициналық-санитарлық көмекпен қамта­масыз ету тапсырмасына орай, об­лыс­тық бюджет есебінен модуль­дік медициналық пункт­тер сатып алынды, бұл салада бас­қа мұқтаждық жоқ.

Компьютерлік роботталған нейро­хирургиялық жүйе орнатылып, омырт­қада орналасқан жүйке жүйесінің ауруларын ем­деуге кірісті. Қазақстанда ал­ғаш рет Витилиго орталығы жасақ­талып, жаңа хирургиялық әдіс­пен емдей бастады. 

Жастарға сенім жоғары

Елбасы кейінгі буынды қолдау мақсатында жариялаған Жастар жылына орай бірқатар креативті идея мен халықаралық жоба қолға алынды. Облыстағы жастар саны – 501 369. Барлық аудан, ауылдарда жас­тармен тікелей жұ­мыс жүргізетін «Жастар ре­сурс­тық орталығының» жү­йесі қалып­тасқан. «Серпін – 2050» жобасы бойынша беріле­тін гранттың тең жартысы Түркістан өңірінің түлек­теріне тиесілі. «Дипломмен − ауылға!» бағдарламасы бойынша білек сыбанып, бел буып келген мамандар жұмыспен қамтылып, үштен бірі баспаналы болды. Ата-ана­сының қамқорлығынсыз қалған жүзге жуық балаға тұрғын үйдің кілті тапсырылды. 

Жастар форумында Елбасы отбасы институты мен құнды­лықтарын дамытуға ерекше назар аударды. 134 мың көп балалы аналар мен тұрмысы төмен отбасыларды әлеуметтік жәрдем көрсету мен жұмыспен қамту ерекше бақылауға алынды. 

Бұдан бөлек, облыс орталы­ғында салынатын Спорт сарайы, жабық бассейн, стадион, спорт кешендерін аз қамтамасыз етілген, көп балалы отбасы бала­ларының жеңілдікпен және тегін пайдалануына мүмкіндіктер жасалды. «Түркістан жастар құрылысы жасағы» құрылып, аудан, қалалардан 5 мыңнан астам еңбек күші шақырылды.

Жергілікті жастар әлемдік қауым­дастық пен түркі дүние­сіне өңіріміздің терең тарихын таныстырып, халықтың қо­нақ­жайлылығын көрсетіп, киелі жер­лердің ерекшеліктерін лайық­ты түсіндіріп беру мақсатында 100 гидті арнайы оқу курсынан өткізіп, жұмысқа орналастыру көзделді. 

Қорыта айтқанда, нақты қадамдар мен бірегей бастама­лардың барлығы Президенттің заманауи прогрессивті мемлекет құру жолындағы стратегия­л­ық бағдарламаларын жүзеге асыру­ға бағы­т­талды. Әлемдегі дамыған озық 30 елдің қатарына қосылу үшін қазақстандықтардың әл-ауқатын күшейтіп, өмір сапасын жақсартуды көздедік.

Алдағы уақытта облыс экономикасы қарқынды дамып, халқы ынтымақ-бірлікте жасай беретініне сенемін!

Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ