1.
Қайсар мінезімен ерте есейген және ағайын арасындағы «етекбастылықты» да ерте көрген Жәнібектің өмірі мен өнер жолы алғау мен талқыға толы болды. Таланттың бақталайына орай тағдыр оған ұлы әнші Жүсіпбек Елебековті тізгін ұстатар ұстаз етіп жолықтырды. Жүсекең өзіне дейінгі исі қазақ өнерінің інжу-маржанын шәкіртінің бойына сусындата сіңірді. Ол жиырма жасында Тұлға дәрежесіне көтерілді.
2.
Алпысыншы жылдардың басында кеңестік идеологиялық қысымның тізгіні босап, қазақтың руханияты да қауырт түлеуді басынан кешірді. Аудандардың өзінде халық театрлары мен ән-би ансамбльдері ұйымдастырылды, түрлі байқаулар өткізілді. Міне, Кәрменнің ұлы Жәнібектің де бағы сол тұста ашылды. Біржан сал, Ақан сері, Әсет, Балуан Шолақ, Естай әндері сахнада еркін шырқалды. Сегіз сері, Үкілі Ыбырай, Иманжүсіп, Ақылбай, Мұхаметжан сияқты өнер тарландарының әндерін айтуға мүмкіндік туды. Әсіресе «Қайыптың термесі» сияқты толғаулар халықтың арасына кең тарады. Сол ұлы ағымға Жәнібек те өз үнімен қосылды және Абай әндеріне тереңдей берді. 1966-1967 жылдары бір жыл бойы Жүсіпбек Елебековпен бірге ел аралап, концерт қойды. Ұстазының ән мәнерін бойына барынша сіңірді. «Құлагер», «Ғалия», «Ғазиздің әні», «Аққайың» әндері оның сол жылдардағы өзі де сүйіп, өзгені де сүйіндірген рухани олжасы еді. Осы бір жылдың ішінде Жәнібектің бүкіл әншілік болмысы толықтай қалыптасты. Үлкендермен араласа жүріп батасын да алды, үйрене жүріп өзі де тез есейді. Бір жолы ұлы актер Қалибек Қуанышбаевтың көңілін сұрай барған Жүсекең Жәнібекті де ертіп алады. Сонда дерт меңдеп жүрген Манарбек Ержанов Жәнібектің дауысын тыңдағаннан кейін көзіне жас алып: «Жүсіпбек, сенде арман жоқ, артыңда атыңды өшірмейтін шәкіртің бар екен. Мені айтсаңшы, соңында жоқтаушысы жоқ», – деп өкініпті. Осы оқиғаны Жәнібек те толғана айтып, содан кейін Шашубайдың «Аққайыңын» жиі айтуға тырысатынын ескертіп еді. Ол 1967 жылы өнер студиясындағы Жүсіпбек Елебековтің класына оқуға қабылданды. Қайрат, Қалампыр, Қапаш, Қажыбек, Рақым, Жабықбай, Алмақан іспетті құрбы-құрдастарымен бірге түледі, қанаты қатайып, топшысы бекіді. Олардың бәрі де өнер жұлдыздарына айналды.
Жәнібектен қатты күдіктенген дәбірлер оны басбілгі жасап алғысы келді, бірақ ондайға көнетін адам Жәнібек емес еді, сондықтан да оны қудалай бастайды. Солардың бірі кейін мәдениет министрі, елші болған кезінде де оның соңынан қалмады. Жәнібектің жанашыр досы, атақты скрипкашы, мемлекет қайраткері Дүйсен Қасейінов әнші есімінің концерттік тізімдер мен шетелдік гастрольдерден қалай сызылып қалатынын ұзақ уақытқа дейін түсінбей-ақ қойғанын қазір де таңдана айтып береді және осы жігіттің араласуымен сексенінші жылдардың екінші жартысында ғана оның жолы ашылды. Өзі де өр мінезді Жәнібек ешкімге басын имеді. Өнеріне өмір бойы кедергі келтірген сол адамдар қапысын тауып, Жүсекеңнің демалысқа кеткен кезін пайдаланып, оны 1968 жылы студиядан шығарып тынады. Ол сол бетінде ауылға аттанып, мәдениет клубында істейді. Өнер жолы мүлдем кесіліп қалғандай болды. Енді жазушылыққа, дәлірек айтсам, ақындыққа барынша ден қойды. Өлеңдеріміз аудандық газетте жарыса шығып тұрды. Наурыз айында аяқ астынан Алматыдан арнайы милиция өкілі келіп, ешнәрсеге қаратпастан Жәнібекті самолетпен алып кетеді. Ертегіге ұқсас бұл оқиғаның жай-жапсары Хабиба апай Елебекова мен Қажытай Ілиястың естелігінде егжей-тегжейлі баяндалған. Тек сол жолы Республика ішкі істер министрі Шырақбек Қабылбаевтың бұйрығымен Жәнібектің шұғыл түрде Алматыға шақыртылғанын, сол күні министрдің бір бөлмелі үйдің кілтін қолына ұстатқанын, ал жыл аяғында үш бөлмелі жаңа пәтер бергенін ескерте кету парыз. Сөйтіп, ол ішкі істер ансамблінің әншісі болып шыға келді. 1972 жылы ол ансамбль таратылды. Оның «ескі достары» бұл кезде билік басында отырған. Бұл Жәнібек үшін сахна жабық деген сөз еді. Сондықтан да ол өзінің орнын басқа саладан іздеді. Бала кезінен жүрек аңсары болған сөз өнерімен айналысуға бекініп, Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне түсті.
Қолдың қысқалығынан ол еріксізден-еріксіз университетті үшінші курстан кейін тастауға, жылу жүйесі мен коммуналдық шаруашылық саласында жұмыс істеуге мәжбүр болды. Мұны біреу білсе, біреу білмеді. Бала-шағаны асырау, егде тартқан анаға қарайласу, өнерден қол үзбей, үнемі өзін өзі бабында ұстау оған да оңайға соққан жоқ. Тауы шағылғандай, арманы ойрандалғандай, келешегі кесілгендей сезініп, өмірден түңіле жаздаған сәттері де кезікті. Сондайда ұлы жүректі қайсар анасының рухани қолдауы мен қайрауы үлкен демеу берді.
Сол тұстағы Жәнібектің дауысының тембр қуаты керемет күшті болатын, қасында отырып ән тыңдау мүмкін емес еді. «Астафиралла!» деп қос құлағын баса қалғандардың талайын көрдім. Амал қайсы, сол әндердің ешқайсысы үнтаспаға жазылып қалмады.
Ән айтқанда, қызынып сөйлегенде, адамның бойын шымырлатып, өзіне бүтіндей баурап алатын. Әсіресе, Абайдың «Сегізаяқ», «Татьянаның хаты», «Татьянаның жауабы», «Ата-анаға көз қуаныш», «Өлсем, орным қара жер сыз болмай ма» атты әндерін орындағанда, тыңдап отырған адамның сай-сүйегін сырқыратып, өзегіңді өрттей қарып, күйіндіріп, есіңнен тандырып жіберетін. Жәнібектің әнін тыңдағаннан кейін екі-үш күнге дейін өзіңе-өзің келе алмайтынсың. Сол сәттерде Жәнібекпен жай сөйлесуге де, қалжыңдасуға да дәтің бармайтын. Содан кейін барып қалпымызға түсуші едік. Өйткені ол сахнаны үнемі сағынып жүретін және тыңдаушы іздейтін. Сондықтан да, дос-жарандарының үйіне таңдап жүріп барып, таң атқанша ән айтатын. Біздің көбіміз Алматының іргесіндегі ауылдарда пәтер жалдап тұрушы едік. Сонда әнге елтіген көршілер де бізбен қоса таң атыратын. Тіпті орыстардың өзі: «Боже мой, какой голос!» – деп басын шайқап тұрушы еді. Ол еліміздің барлық түкпірін аралады. Мұхиттың, Кененнің әндерін жас кезінен ұнатып айтатын. Ол әнге шекара қойып жіктегенді ұнатпайтын. Тек «Қанатталдыны» ғана сұратып айтушы еді.
«Жалын» баспасы ашылысымен оның директоры, ақын, өзі де сері көңілді әнші марқұм Қабдікәрім Ыдырысов Жәнібекті өнер бөліміне қызметке алды. Бұл ол үшін үлкен олжалы әрі парасат кезеңі болды. Бұрын әдебиет пен мәдениет саласындағы «тек қана классиктермен араласатын» Жәнібек енді сол майданның бар толқынымен қойындаса жүрді. Баспаның тақырыптық жоспары, қолжазбаны редакциялау, автормен жұмыс істеу, оқырманмен байланыс жасау іспетті мәселелер Жарқын Шәкәрімов екеуіне тапсырылды. Жәнібектің ұсынысымен «Өнердегі өмір» атты жаңа кітап сериясы дүниеге келді. Ол серия кейіннен қалың көпшіліктің іздеп жүріп оқитын басылымына айналды. Маған қоярда қоймай жүріп ұлы актер Қалибек Қуанышбаев туралы кітап жазуға көндірді. Жоспарға да тез кіргізді. Енді қолға қалам алудан басқа амал қалмап еді. Бірақ бұл тапсырманың менің өміріме үлкен бетбұрыс әкелетінін ол да, мен де аңғармасақ керек. Сол тұста ашқан архивтің есігін әлі жаба алмай жүрмін... Оның да өзіндік пайдасы мен зияны бар.
Ән тарихын зерттейтін ғалымдар мен зиялы қауым мына пікіріме қарсы келе алмас деп ойлаймын. Мысалы, «Әсет пен Кемпірбайдың қоштасуы» бұрын айтылмайтын. Манарбек орындаған үлгіні ұстана отырып, бүгінгі дәрежеге жеткізе жетілдірген де Жәнібектің өзі болатын. «Қайран жастықтың» сөзін де өңдеген өзі. Оны ән мәтініндегі «гүл дәурен» деген тіркестен-ақ байқауға болады. Ол әндердің қалың жұртшылық арасындағы әсерінің күштілігі сондай, түрлі басылымдарда Жәнібектің сахнаға оралуын талап еткен мақалалар жариялана бастады. Сол тұста Абайдың «Өлсем орным қара жер сыз болмай ма» атты өлеңіне лайықты мақам тапты, өзінің әйгілі «Толғауын» жазды. Бірақ та бұл әндер сахнаға жеті-сегіз жылдан соң барып шықты.
Жәнібектің өнердегі екінші өмірі жетпісінші жылдардың аяғында «Ән домбырамен» басталды. Оған себепкер адам Абай елінің өнерін қайта түлетуге жанын сала еңбек сіңірген ағамыз Мейрамбек Жанболатов еді. Қара күзде жеңгеміз Үміт екеуі Алматыдағы «Алатау» демалыс үйіне келе қалды. Мейраш аға мені «Білім және еңбек» журналына іздеп келіп, Жәнібек екеумізді қонаққа шақырып, өзінің аздап бұйымтайы да барлығын ескертті. Ән шығарыпты. Соған енді тек қана менің сөз жазуым керек екен. Өйткені әннің аты – «Арқа». Орда тауынан шыға келгендегі алдыңнан айқара ашылатын Шыңғыстауды көргендегі ғажайып сезім әсері бейнеленуі тиіс. Оны менен басқа ақын түсінбейді екен. Жәнібекпен сөйлестірдім, көрші бөлмедегі Несіпбекпен таныстырдым. Оны бойына онша тоғытпады. Екі-үш күн әуреленіп едім, ештеңе шықпады. Ақыры Жәнібекке қайта телефон шалып, Несіпбекті бірге ала баруға көндірдім. Олар бірге баруға уағдаласты. Ертеңінде демалыс үйіне барсам, Мейраш ағаның менің сәлемімді алуға мұршасы келмей қалыпты, екі көзі Несіпбектің қаламының ұшында, ал Жәнібек болса екеуіне кезек-кезек төне түсіп, домбыраны шертіп отыр. Үшеуі мені адам қатарына қосар түрі жоқ. Бірден түсіндім. «Ахау, Арқаның» сөзі тамаша шығып, енді келесі әннің сөзіне көшіпті. Неғыласың, сол күні «Ән-домбыраның» сөзі өмірге келді. Несіпбек буырқанған бақсыға ұқсап шамырқана отырып тағы бір екі әнге сөз жазды. Бірақ та «Ән-домбыраның» әсеріне қайдан жетсін! Әрине, ән де, әннің сөзі де кейіннен шыңдалды. Риза болған Мейраш аға: «Ақыным да, әншім де бір жерден табылды», – деп қатты қуанды. Бұдан кейін де әлі бағы ашылмаған «Ақ бесік», «Тоғжанның зары» сияқты тағы да басқа әндер қанат қақты. Жәнібек «Ән-домбыраны» екі-үш жылдай «баптады». Содан кейін барып сахнаға шығарды.
Бұл Жәнібекті әнге бет бұрғызған алғашқы үміт ұшқыны еді.
Міне, сол тұста Жәнібектің басына біраз жыл бойы үйірілген бұлтты Арқаның самал желіндей болып Алматыға көшіп келе калған Ақселеу Сейдімбек жеңіл де жебеуші көңіл қолыменен жиырылған жібек шымылдықтай етіп ысырып жіберді. Тәртібі аса қатал «Социалистік Қазақстан» газетінің мәдениет бөлімінің меңгерушісінің бөлмесі таңғы тоғыздан кешкі алтыға дейін домбыраның күмбірінен, кешкі алтыдан бастап түнгі он екіге дейін «бис» пен «пастың» күбірінен арылмайтын. Дәнеш, Мәдениет, Шәміл, Сыматай, Қайрат, Жәнібек сияқты саңлақтардың өнерін сол бөлмеден қызықтайтынбыз. Сол екі «майданның» ішінде Жәнібек пен Несіпбек жүрді. Ақыры күндердің бір күнінде тосын толғаныс басталды. Ақаңның екі інісінен маза кетті. Бұл сапырылыс екі-үш айға созылды. Соның нәтижесінде «Дәурен-ай» туды. Оның әр сөзін Ақаң маржан тізгендей іріктеді. Әннің ырғағы да күн өткен сайын жаңа қағысқа ауысты. Екі інісінің сілікпесін шығарып барып Ақаң да толас тапты. Жоқ, тыныс алды. Араға апта өтпей жатып жанығу қайта басталды. Енді бұрынғыдан да тереңдеп, «Сарыжайлауға» кірісті. Мұның әр сөзі талқыға түсті, өзгертілді, қайтадан қалпына келтірілді. Әуені де біресе созылып, біресе ырғағы ауысып отырды. Ақаң Жәнібектің дауыс мүмкіндігінің барлық шегі мен бояуын емін-еркін сынап-ақ бақты. Ол да жанып түсті. Әннің астарлы мағынасын, емеурінін, шырқау шегін, тыныс мөлшерін әр жолы жаңа әр қосып айтумен болды. Кейде күйдің қағысын қосты. Сол тәсіл Ақаңа өзгеше бір ой салды ма, кім білсін бір күні: «Ей, Жәнібек! Мынаны тыңдашы. Алла-ай, сұмдық қой, мына даланың көкжалдары», – деп бір әуенді домбырада тарта жөнелді. Шындығында да сөйлеп тұр! Мағынасы жағынан «Дәурен-ай» мен «Саржайлаудың» заңды жалғасы әрі қорытындысы. Ақаң емексітіп қойды да, кереметін кейін көресіңдер деген емеурін танытып, Жәнібекті үйіне алып кетті. Біраз уақыт әлгі салбурын саябыр тартты. Үйде де, түзде де Жәнібек әлгі әуенді домбыраға салып, қайталай берді. Бір күні орта дауыспен маған айтып берді де, түсінік бермей жалтара жауап қатты. Мен таңданғанымнан дыбысым шықпай қалды. Содан Ақаңның бөлмесіне барып, «дайындықтарын» көріп отыр едім, сәтін салып Мәдениет Ешекеев ағамыз келе қалмасы бар ма. Ақаң мен Жәнібек қарға аунаған түлкідей құлпырып кетті. Жұмысты ысырып тастап, Мәдениетке ән айтқызды. Ол кісі жер мен жағдай таңдамайды. Тыңдаушыға да қарамайды. Әнді өзінің көңіл рахаты үшін айтатын сияқты. Бірақ Ақселеу мен Жәнібек екеуі қосыла қолпаштаса, қара тас та жібиді емес пе?! Әй бір сусынды да, айызды да қандырды. Содан кейін кезек Жәнібекте дегендей Ақаң ишара білдірді. Әуелі «Дәурен-ай», содан кейін «Сарыарқа» айтылды. «Сөзі – менікі, әні – Ақаңдікі» деп екі көзі жыпылықтап Несіпбек отыр. Мәдениет ағамыз да тебіреніп: «Менің де дауысыма келеді екен. Сөзін жазып берші» – деп қалды. Бір кезде Жәнібек ерекше екпін алып, домбыраның үнін барынша төгілдіріп келіп, «Ааааааай... Күлдір-күлдір кісінетіп...» – деп аңыратып қоя бергені... Бізді қойшы, Мәдениеттің өзі есеңгірегендей күй кешкен тәрізді көрінді маған. Ондай сезімді мен қайтып басымнан кешкенім жоқ. Ақтанбердінің «Толғауын» алғаш рет тыңдаған адамның барлығы да сондай күй кешетіні анық.
Міне, сол күннен бастап Жәнібектің бағы өрледі, алды ашылды, тағдыр тоспасы бұзылды. Өзінің екінші тынысы ашылғанын сезген Жәнібек енді ел аралап, бойындағы барын халқының жүрегіне жеткізуге аңсары ауды. Өзі де кемелденіп, анау-мынау арандатуға оңайшылықпен алдырмайтындай, жалынан тістетпейтіндей күш-қуат пен «күрес тәжірибесін» жинақтап алып еді. Оның үстіне 1979 жылдан бастап өзінің ұстазы Жүсіпбек Елебековтің ән класына дәріс беруі оны бұрынғыдан да ширатты. Шәкірттерін де үйретті, өзі де үйренді. Өмір мен өнер дүниесінен тел тәлім алды. Мінезі де жайдарланып, бойы да, ойы да байсал тартып, ысылып сала берді.
1982 жылы күз айында тележурналист Сейілғазы Әбдікәрім хабарласып, соңынан арнайы жұмысқа келіп: «Жәнібек екеуің ән туралы тұрақты хабар жүргізсеңдер» – деген тілек білдірді. Жәнібек те қарсы болмады. Бұл Жәнібектің де, оның достарының да, мұқым халықтың да көптен күткен аңсары болатын. Оның болашақ тағдырын да шешіп беретін. Сондықтан да, жұрт мойындай қоймаған менен гөрі, шешен де көреген сұңғыла ғұлама Ақселеу ағамыз бұған әбден лайық еді. Екеуміздің тілегімізге Ақаң да келісе кетті. Хабар желтоқсан айында «Абай әндері» деген атпен түсірілді. Бірінші көрсетілімнен соң-ақ Жәнібектің атағы жерді жара көкке көтерілді. Өзін былай қойғанда, оның шәкірттері дүниені шарлай бастады. Әншілікпен қоса қаламгерлік өнерін де қатар ұстады. Кейде ол әннен гөрі сөз өнерін жоғары ұстайтындай сезілетін. 86-жылғы оқиғаның сұмдықтарын көркем шығармаға айналдыруды армандайтын. Адамдарды қапқа салып, аузын буып, жардан лақтырып жатқан оқиғаны «Ғашықтың тілі» атты хикаятының басты кейіпкері Шуақтың түсі ретінде суреттеп жазды. Сондай-ақ «Молаға бастаған жол» атты аяқталмай қалған шығармасындағы саксафоншы жігіттің де тағдыры декабрьмен ұштасушы еді. Амал қанша, ол мақсатына жете алмады.
Кейіпкерінің емес, одан бұрын өзінің өмір жолы молаға барып тірелді.
3.
Ол өзінің ең шешуші және ұлы концертін қоя алмай, соңғы шырқау әнін айта алмай, ағыны қатты екпінін баса алмай өмірден ағып өте шықты. «Жалғыз шықпа сапарға, өкініште қаларсың», – деп өзі өзгелерге ескерту жасай отырып, сол өсиетіне өзі мойынсұнбады. Сапарға жалғыз шықты. Өкініп те үлгермеді. Бірақ өзгелерді өксітіп кетті.
Жәнібек Кәрменовтің «Аяқталмаған күй» деген әңгімесі бар еді. Өзінің де күйі аяқталмай қалды. 1992 жылы 22 маусым күні кешкі сағат бес жарымның мөлшерінде Алматы-Қапшағай күре жолының қырық тоғызыншы шақырымында жол апатынан қаза тапты. Ол да бір Алланың жазуы шығар.
Жәнібектің тәні Алматыдағы Кеңсай зиратына жерленді. Артында дауысы мен үш томдық көркем сөзі және үш баласы мен жары, елі қалды.
Тұрсын ЖҰРТБАЙ