Алматыдағы «Ғылым ордасы» ғимаратына жиналған қаралы қауым нөпірі қазақтың дүниеге екі қайтып келмейтін қайраткер тұлғасы Әбдуәли Қайдарды мәңгілік сапарға шығарып салды.
Қаралы жиында сөз алған айтулы азаматтар Кеңес одағының қылышынан қаны тамып тұрған сол кездің өзінде қазақтың тіліне теңдік пен бостандық сұраған бірінші қазақ Әбдуәли Қайдар екенін бірден тілге тиек етті. Тілді, тарихты, этносты бір-біріне сабақтастырып артында өшпес, өлмес мұра қалдырған ғалымды қазақ ғылымындағы құлағанын ұлт бәйтерегіне теңеді. Рухы жүзге жеткен, тазалығы мен даралағы тең үлкен ғылым артында кереметтей кісілік мектебін қалдырды. Көзінің тірісінде халқына жан тәнімен қандай қалтқысыз қызмет етсеғ қазақ халқы да аяулысына әрдайым төрін де берді, өрін де сыйлады.
–Қазақ арыстары 20-шы ғасырда ең бірінші тіл үшін күресті. Елдік бен бірлік, жер тұтастығы үшін күресті. Сол бір намыс иелерінің – бойларына кірбің ұяламаған, дақ түспеген ұлы тұлғалардың ұлы шәкірті біздің Әбекең еді, – деді мемлекет және қоғам қайтакері, жазушы Нұрлан Оразалин. – Дәл осы күндері Елбасынын бастап ат үстінде жүрген қаншама азаматтар өздері келе алмаса да Алматыға көңіл айтуға арнайы өкілдерін жіберді, Астанада Үкімет ауысып, «НұрОтан» партиясының елеулі жиыны болып жатқан осындай хикметті сәттерде Әбекеңнің рухына құрмет нышаны өлшеусіз болды. Қазақ әлі өзінің аяулы ұлы Әбдуәли Туғанбайұлы Қайдарды іздейтін болады. Әбекең қазақпен мәңгілік бірге жасайтын, санасынан өшпейтін санаулы саңлақтарымыздың бірегейі. Жатқан жеріңіз жанната болсын, абыз аға!
Күні бүгінге дейін академик-тілші Әбдуәли Қайдармен үзеңгілес әрі мүдделестер ретінде қатар жүрген ұлт ғылымының қайраткерлері – академик-ғалымдар Кенжеғали Сағадиев, Серік Қирабаев, Өмірзақ Айтбайұлы даңқты түрколог ғалымның өткен өмірдегі үш ерлігіне ерекше тоқталды. Ол – Ұлы Отан соғысының «Даңқ», екі мәрте «Қызыл Жұлдыз» және басқа да ерлігі үшін берілетін ордендерінің иегері – жеңімпаз Қайдар, ол – тәуелсіздік таңының елең-алаңында қазақ тілінің ұлттық мәртебе алуына ерекше үлес қосқан Қайдар, ол – түркі жұрты, қазақ үшін латын әрпіне көшудің алғашқы негізін қалаған бірегей түрколог Қайдар еді.
Қаралы жиын басында сондай-ақ, Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы Қасымжомарт Тоқаевтың, Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының, сондай-ақ өзге де алыс-жақын шетелдегі туыстас халықтар өкілдерінің ауыр қазаға байланысты марқұмның туған-туыстары мен жақындарына жіберген көңіл айту жеделхаттары оқылды. Марқұмның жақындары мен туған-туыстары атынан Әбдуәли Қайдар дүниеге келген Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданы тұрғындарының атынан қоғам қайраткері Елеусіз Сұлтанғазиев ақсақал қайғыны бөліскен барша қаралы қауымға алғыс айтты.
Академик Әбдуәли Қайдардың денесі Алматыдағы «Кеңсай» зиратына қойылды.
Талғат СҮЙІНБАЙ,
«Egemen Qazaqstan»
Алматы