Еліміздің қоғамдық даму және ақпарат салаларын бір шаңырақтың астына біріктіріп, жаңа министрлік құру – Мемлекет басшысының стратегиялық дұрыс шешімі. Бұл – құрылымның басшысы, яғни еліміздің Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаевтың пікірі. Парламент депутаттары, діни бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдардың, қоғамдық кеңестердің өкілдері, жастар ұйымдарының көшбасшылары, сондай-ақ сарапшылардың қатысуымен өткен жаңа министрліктің кеңейтілген алқа отырысы өткір пікірталастар, ашық-жарқын сұрақ-жауаптарымен ерекшеленді.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жуырда «Нұр Отан» партиясының кезекті съезінде өңір әкімдеріне әдеттегідей жылына бір рет есеп үшін есеп бермей, нақты салалар бойынша тұрғындармен кездесу өткізуді жиілетуге нұсқау бергендігі белгілі. Міне, құрылғанына бір аптадай уақыт өткен Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі бұл үдерісті елден бұрын бастады. Оған министрліктің кеңейтілген алқа мәжілісінің барынша ашық және шынайы өткендігі дәлел. Сәл алға озып айтар болсақ, министрге тікелей сауал беремін деушілерге ешқандай тосқауыл болған жоқ, микрофон алғандардың уақытына да шектеу қойылмады.
Сонымен, бұл алқа отырысы әдеттегіше бірінші басшының бірсарынды баяндамасымен басталған жоқ. Мінберге алдымен «El Tiregi» Қазақстанның шағын және орта бизнес қауымдастығы кеңесінің төрайымы Жазира Дүйсенбекова көтерілді. Бұл спикерді көзіміз үйренген дәстүрлі баяндамашылармен салыстыруға келмейтін еді. Құлаққа ілінген микрофон, сахнадағы мультимедиялық құрылғылардағы тұшымды көріністер мен мәліметтер және ең бастысы – еркіндік.
Өз сөзін Елбасының «Нұр Отан» партиясының съезіндегі «Елбасы атап өткендей, жүргізіліп жатқан реформаның нәтижесін әрбір отбасы алыс болашақта емес, дәл бүгіннен бастап сезінуі тиіс» деген пікірінен бастаған Ж.Дүйсенбекованың айтуынша, бүгінде әлемнің көптеген елдері азаматтардың бақытты және бақуатты болуына тек экономикалық өсімнің жеткіліксіздігіне көз жеткізе бастаған. Сондықтан да бұл ұғымдар Үкімет жұмысын бағалаудың басты көрсеткішіне айналған.
Спикер одан әрі тек экономикалық өсім, ішкі жалпы өнімге негізделген есебі бар Еуропа елдерін мысалға келтірді – еңбек өнімділігі артса да, демократия қанат жайса да халық өзін бақытсыз сезінеді. Осы орайда, бірқатар мемлекеттер «Бақыт министрлігін» құруды бастап кеткен. Мұндай үдеріс бізді де қамтуы мүмкін.
Алқа отырысында «Қазақстанның азаматтық альянсы» ЗТБ төрағасы Асылбек Қожахметов, Халықаралық коммерциялық емес құқық орталығы Қазақстандағы өкілдігінің аға кеңесшісі Гүлмира Кужекеева, «Нұр-Мүбәрак» Египет Ислам мәдениеті университеті, Экстремизмнің алдын алу саласындағы мамандарды қайта даярлау институтының басшысы, исламтанушы Асқар Сабдин, Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы Төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбековтер де ортаға шығып, өз салалары бойынша баяндама жасады.
Мәселен, А.Сабдин соңғы кездері дін саласы субъектілеріне сенімсіздік белең алғандығын және оған осы жүйедегі мамандардың біліксіздігі, жұртшылықпен байланыс жасаудағы тәжірибесінің жоқтығы, пікірталас жүргізуге епсіздігі мен қауымдастықтар арасындағы түсіністік көпірін салуға құлықсыздығы себеп болып отырғандығын айтты. Бұл сенімсіздік радикал ағымдардың соңынан ерушілердің азаймай отырғандығымен де дәлелін таба түскен.
Дінтанушы маман осыған орай, теріс ағымдардың халықаралық күйіне байланысты біздің елдегі жағдай да саябыр тапқандай көрінгенімен, қырағылықты бір сәтке естен шығармау керектігін ескертті.
Ал З.Тұрысбеков тарихи отандарына оралған және оралуға ниетті қандастарымызға жасалып жатқан жағдайлар туралы баяндады.
– Шетте жүрген қазақтардың саны 4-5 млн деп жүрміз. Біз барлығын аралап шықтық. 1 млн адам елге келеміз деп отыр. Біз еріктілерді дайындап, шетте өмір сүріп жатқан қазақ балаларының ана тілін 2 жасынан бойына сіңіруді көздеп отырмыз, – деді З.Тұрысбеков.
Бұл баяндаулардан соң мінберге шыққан Ақпарат және қоғамдық даму министрінің орынбасарлары Берік Арын, Сергей Коновалов, Жұлдыз Омарбековалар өздерінің жауапты салалары бойынша атқарылған жұмыстарының қорытындыларын хабарлап, болашақтағы жоспарларымен бөлісті.
Ал алқа мәжілісін Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев түйіндеді.
– Біздің министрлік жаңа сапада жұмыс істей бастағанына апта да толған жоқ. Дегенмен, қазірдің өзінде қоғамдық даму мен ақпаратты бір министрлікке біріктіру Мемлекет басшысының дер кезінде әрі стратегиялық дұрыс шешімі болғандығын айту керек, – деп сөз бастаған Д.Абаев министрлік 2018 жылға жоспарлаған міндеттерді толық орындап шыққанына тоқталды.
– Толықтай алғанда, алдымызда өте маңызды міндеттер тұр. 2019 жылды Президент Жастар жылы деп жариялады. Бұл – күнтізбелік жыл жай ғана тақырыптық рәсімдеу немесе есептік шаралардың жиынтығы емес. Ол жас азаматтардың өмірін сапалы түрлендіруге және олардың өздерін таныту үшін қажетті барлық жағдайды жасауға бағытталған. Біз жастардың біртекті жиынтық емес екендігін түсінеміз, үйрену, қалау және қажеттілік ауқымы өте кең. Дегенмен, жастармен мемлекеттік жұмыстардың негізгі құрамы сапалы білім, жұмыспен қамту және отбасы институты болмақ, – деді Ақпарат және қоғамдық даму министрі.
Д.Абаев, сонымен қатар министрлік жұмысының тағы бір маңызды бағыты азаматтық қоғаммен жұмыс екендігін және мемлекет кешенді әлеуметтік проблемаларды өздері ғана шеше алмайтындығын ашық айтты.
Бұл процестерге үкіметтік емес секторды тартпаса мемлекеттік қолдаудың көптеген шараларының «науқаншылыққа» айналып кету қаупі бар. Осы тұрғыда мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыстың ашықтығын қамтамасыз ету мен саланы толықтай алғанда құқықтық реттеу мәселесі айрықша маңызға ие, – деді Дәурен Абаев.
Ал кеңейтілген алқа отырысы тікелей сұрақ-жауаптармен қорытындыланды.
Серік ӘБДІБЕК,
«Egemen Qazaqstan»