Қашанда ненің болсын басталуына әйтеуір бір себеп болады ғой. Мысалы, әрі арқалы ақынымыз, әрі қазақы қарасөзіміздің хас шебері Ғафу Қайырбековтің мақалаларының бірінен (1992 жылғы): «Тоқтар Бейімбеттің не жанашыр туысы, не көзкөрген замандасы емес, тек жаратылысында ғалымға тән ізденгіштік-зерттегіштік қасиет бар жазушы екен. Сол қасиетін Бейімбет Майлиннің өмірі мен шығармашылығына біржола бағыттаған адам... Тоқтардың айрықша еңбегі – Бейімбет Майлиннің қазақ баспасөзін Кеңестің алғашқы дәуіріндегі он бес жыл (1922-1937) үздіксіз дамытуға сіңірген еңбегін саралап, жіліктеп, санап, қалдырмай зерттеуі», деген толғанысты оқып, еріксіз елең еттім. Әзіл-сықақ аулында тер төгіп жүргендігімнен болар, күлкі көшіміздің сонау басындағы Би-ағаның – Бейімбет Майлиннің шығармашылығы мені де қызықтыратын. Ол туралы жазылған деректі дүниелерді оқуға құмартатынмын, бірақ оқта-текте, оның өзінде де 70 жасын атаудан бергі мерейтойлық мақалалардан өзге іргелі еңбек тым аз еді. Оның бір себебі «халық жауы» Би-ағаның өмірде кім болғанын айтуға жиырма жыл шамасы ресми тыйым салынғаны деп білемін. Енді Ғафекеңнің мынау сүйінішті мағлұматынан кейін Тоқтар Бейісқұловпен танысып, жазушының әңгіме-хикаяларын оқып, Би-аға хақындағы зерттеу еңбектеріне ерекше ден қойдым.
«Б. Майлин – публицист», «Қанатты қаламгер», «Дарын даралығы», «Бейімбетті атқан кім?», «Қилы заман азабы», «Бейімбет Майлин және ұлттық өнер»... Міне, Би-ағаның өмірі мен шығармашылығына арналған осы 6 кітапты оқып шыққан соң әдебиет аулымызда Тоқаңның инемен құдық қазғанына, күрекпен тау қопарғанына әрі қызықтым, әрі тәнті болдым. «Бейімбеттің не жанашыр туысы... емес». Рас екен. Тоқтар Бейісқұлов Талдықорған өңіріндегі Қарлығаш аулында туып-өсіпті. «Қазақ поэзиясының Құлагері» (Сырбай Мәуленовтің сөзі) Ілияс Жансүгіровпен жерлестігін ескеріп, бірде Тоқаңа:
– Іргеңізде Ілияс аға тұрғанда сонау Қостанайдағы Би-ағаға көз тіккеніңіз қалай? – деп әзіл ұсындым. Ол қиықша көзін қысыңқырай жымиды да:
– Құдай маған ақындық қасиеттен аздап үлес бергенде Ілекеңді жағалауым мүмкін еді, – деді (Ілекең жайында ғылыми кітап жазып, баспаға әзірлеп қойғанын бертінде ғана айтты).
– Солай деңіз?.. Ендеше, әзіл-сықақшы болмасаңыз да, Би-ағаны жағалап кеткеніңіз неліктен? Біздің күлкі көсеміміз хақында қаншама мақала жаздыңыз, «Бейімбет Майлин – сыншыл публицист» деген тақырыпта диссертация қорғап, филология ғылымдарының кандидаты дәрежесін алдыңыз. Сонда, әп дегенде Би-ағаға қызыққаныңыз қалай?
Тоқаң маған тағы да жымия қарады да:
– Оқыған соң түк қалдырмай оқиын деп, өзіміздің университеттің журфагын бітіргеннен кейін, 5-6 жылдан соң Мәскеу барып, Жоғары партия мектебінің журналшылар факультетіне түстім. Дұрыс істеппін. Сабақтардың бағдарламалары бай. Дәріс оқитындар – небір атақты журналшы-ғалымдар... Уақыт зымырап, оқу тәмамдалар тұс та жетіп қалды. Курс жұмысына кірісу керек. Қаламы жер мен көктің арасын көктеп тастаған журналшылардың өмірі мен шығармашылығынан жазуымыз керек. Берілген тізімге қарасам: кілең орыс журналшыларының аты-жөні, одақтас республикалардан ырымға біреу жоқ. Қатты таңғалдым: – Бұл қалай? Одақтас он төрт республикада Кеңес өкіметі орнағаннан бергі елу жылда журнал, журналшылар болмаған ба? – деймін. Таңданысымды бірге оқыған басқа ұлт өкілдеріне айтып едім, олар: «Ой, ондай әңгімені қайтеміз, берген тақырыптарына жазып, тезірек бітіріп кетейікші!» дейді. Уәйдә!.. Факультет деканына барып жолығып: «Қазақстаннан келген соң курс жұмысымды қазақ журналшыларының шығармашылығы туралы жазуым керек!» дедім. Ол әрі тартты, мен бері тарттым.
– Жаяу көкпар жасаған екенсіздер ғой?
– Иә, сөйттік. Ақырында декан: «Кәне, айтшы, кімің бар? Қандай атақты журналшыларың бар?» деп қадала кетті. Кемсіту сыңайдағы ондай сұрақ боларын ішім сезген де, жауабымды дайындап барғанмын: «Қазақта белгілі журналшылар жеткілікті. Мысалы, Бейімбет Майлин деген журналшы болды. Республикамыздың бүкіл өмірін қамтып, сан алуан тақырыпта жазған публицистикалық мақалалары, очерктері, повестері, фельетондары шықпаған газет-журнал жоқ бізде. Ол кісі, егер 1938 жылы «халық жауы» деген жалған айыппен атылып кетпесе, бүгінде бүкіл одаққа мәлім журналшы болар еді. Небәрі 44 жасында қазаға ұшырады!» дедім. Декан біраз ойланып отырды да: «Келістік. Жаз. Көрейік», деді. Сөйтіп «Бейімбет Майлин – журналшы-публицист» деген тақырыпта жаздым. Бала кезімде ауылдағы үлкен кісілердің кейбіреуінің: «Бейімбеттің әңгімесі», «Бейімбеттің өлеңі» деп айтқандарын естігенмін. Жиын-тойда емес, екеу-үшеуі бас қоса қалған оңашада айтатын. Сақтанады екен ғой.
– Курс жұмысыңызды қазақ тілінде жазсаңыз...
– Жо-ға! Орысша жазуға тура келді. Онда орыс тілінен басқа тіл жоқ қой?!
–Би-ағаның шығармаларынан мысал келтірмеске болмаған шығар, оны қайттіңіз, өзіңіз аудардыңыз ба?
– Иә, өзім аудардым. Би-ағаның кейбір сықақ өлеңдері, әңгімелері есімде бар-ды. Әрине, ол мүлде жеткіліксіз, содан соң ізденіп Алматыға келдім, архивтерді ақтардым.
Иә, Би-ағаның шығармалары ел ішіне ерте тараған. Кең даланы кезіп кеткен «сымсыз телефоны» мінсіз жұмыс істеген қазекем таңды таңға жалғаған айтыстарды, шешілместей шиеленісті жер дауы мен жесір дауын жіліктеген, ер құнын кесімдеген шымыр шешендік сөздерді, әлсізге жәбір жасаған әділетсіздерді әжуалаған усойқы өлеңдерді қосымша өткірлей түсіп таратып жатқанындай, адамның еңбегін қанауды тоқтатудың басталғаны деп келген жаңа заманның жыршысы Би-ағаның прозалық, поэзиялық, драматургиялық дүниелері 1938 жылға дейін барлық газет-жорналымызда жиі шығып, көзі қарақты қазақтың айызын қандырды. Әрбір отбасымыздың мейманы тәрізденіп кеткен Мырқымбайын айтпағанда, сірә «Гүлденсе ауыл – гүлденеміз бәріміз» өлеңі жырланбаған ауыл сахнасы жоқ шығар!
«Гүлденсе ауыл – гүлденеміз
бәріміз,
Ауыл – дене, біз – қозғатар
жанымыз.
Кел, еңбекші, қол ұстасып,
бір туға
Жиналайық, қалмай
жасы-кәріміз!»
Би-ағаның бұдан 89 жыл бұрын жазылған бұл өлеңі бүгін де құнды, бүгін де жаңа емес пе?!
Әдеби шығарма ойлылығымен шырайлы да өміршең. Би-ағаның қай туындысы болсын осы қасиетімен бағалы, бүгінде бізде басым болып тұрған сыртқы сұлулық дегеннен ада. Тоқаңың оқырмандық сезімін баурап алған, қаламгерлік ынтасын күшейткен қуаты осы болар. Курстық жұмысы жақсы бағаланып, оқуын тиянақтап келісімен Бейімбет Майлин әлеміне біржола бет түзеді. Ізденіс жемісі мол да нәрлі. Әзірше шығарған 18 кітабының алтауы (жоғарыда атадым) Би-аға хақында! Іңгәлап келген жарық дүниеде 44 жыл болып, елін, халқын сүйе қалам тербеп, ақырында зұлым топтың торына тап болып, адами, азаматтық адалдығын дәлелдеуге мұршасы келмей қаза тапқан қайран Би-аға туралы қара сөзбен жазылған дастанның алты тарауы дерсің! Би-ағаның әзіл-сықақшы, романшы, драматург екенін білуші едім, енді оның қазақ көркем киносының, қазақ театрының шаңырағын көтергендеріміздің қатарында тұрғанына, қысқасы: халқымыздың барша өнерінің нағыз жанашыры, қамқоршысы болғанына қанықтым.
Б.Майлин шығармаларының жаңа 15 томы қолымызда. «Жаңа» деп отырғаным: құрастырушы Тоқтар Бейісқұлов классик қаламгеріміздің бұрында жарық көрген туындыларын мұрағатжайдан барынша табылған түпнұсқаларымен салыстырып, «саясатқа сақ» редакторлар қысқартып жіберген шумақтарын қалпына келтіріп, сондай-ақ оқырман қауымға кезінде ұсынып үлгермеген ондаған өлең, әңгіме, хикая, мақала, фельетонын тауып қосқан.
Қазақ әдебиеті мен әдеби зерттеу ғылымында абайтану, мұхтартану бар. Бұл салада жолында жүк қалдырмаған нарымыз – Қайым Мұхамедханов. Сәкентану мен сәбиттануды Тұрсынбек Кәкішев негіздеді. Бейімбеттанудағы сарбаз да, сардар да Тоқтар Бейісқұлов болды!
Би-ағаның Тоқтары сан қырлы қаламгер еді. Қазақы қарасөздің зергері Мұхтар Әуезовтен бастап, талғам-талабы таудай әдеби сыншы Сағат Әшімбаевпен аяқтап, бірнеше ақын-жазушымыздың шығармаларын, қоғам қайраткерлеріміздің қызметтерін зерттеу еңбектеріне арқау еткен. Очерк, көркемсөз, әңгіме, хикаят жинақтарының да авторы. Ал «Желтоқсан ызғары» зерттеу-толғауы – өз алдына бір төбе. Ол кітап – М. Горбачевтің қайта құру, жариялылық, әділдік болады деген көбік сөзіне сеніп қалған, бірақ оның қулығын түсініп үлгеріп, республикамыздың басшылығын елден жасырып жаңартуына ашық қарсы шығып, демократияны батыл талап еткен жастарымыздың 1986 жылдың 17-18-желтоқсан күндері сол горбачевтік дүлей күштің соққысына қалай тап болғаны жөніндегі жанайқайы!.. Тарихи желтоқсан тақырыбы әлі игеріліп болған жоқ, Тоқаңның мына аталған туындысы – оның бір бөлігі.
Тоқаңның және бір қыры жазушы-ғалымдық еңбектерінен де анық аңғарылатын қоғамдық қайраткерлігі, қашанда игі істерге ұйытқы болып, қажет еткенге адал қамқоршы болып жүргені. Оның бұл қасиетін әділ бағалай айтылған лебіз, жазылған мақала аз емес. Ал азаматтық, қайраткерлік ісінің бір мысалы: 2006 жылдың күзінде Қарлығаш аулында еңселі бір ескерткішті ашысқаны!.. Гитлершіл фашистердің басқыншылығына қарсы соғысқа бұл ауылдан да ондаған боздақ аттанған болатын. Олардың 91-і отбасына орала алмады. Тоқтар сол жауынгер жерлестерінің аруағын әспеттеп, тиісті құжаттарды жинап, зерттеп, анықтады. Ескерткіш орнатуды қолға алып, қаржы көзін іздеп, өз жанынан да қосып, ізгі мақсатына жетті! Жарқырап тұрған ескерткіштің бетінде өскен ұясына қайтып келе алмаған қарлығаштардың – 91 майдангердің аты-жөндері өшпеске қашап жазулы!
Ресми деректі келтіре отырсам, Тоқаң КСРО мен Қазақстанның ең жоғары дәрежелі грамоталарымен, медальдарымен марапатталды. Қазақстанның Әлеуметтік ғылымдар академиясының құрметті мүшесі, Гуманитарлық ғылымдар академиясының академигі, Жол қатынастары университетінің профессоры болды.
Көзі тірісінде Тоқтар Бейісқұловты өкіндірген, кейінде оның ізбасарлары – біздің де биік-биік орындағылармен ұпай теңестіре алмай жүрген бір әттеңіміз бар. Ол – Қостанай қаласында Бейімбет Майлиннің мұражайы болуы, ескерткіш қойылуы қажет деуші жұртшылықтың орынды талабы үкімет, облыс, қала басшыларына ауызша да, баспасөз арқылы да нешеме дүркін жеткізілсе де, олардың ешқайсысының селт етпегені. Би-ағаның жанқиысқан достары Сәкен Сейфуллин мен Ілияс Жансүгіровтің Астана мен Талдықорған қалаларында әдеби мұражайлары ашылғалы, бейнебір әдеби орталық мектеп іспеттеніп, көпшіліктің, әсіресе жастарымыздың рухани нәрлі ордасына айналғалы 25 жыл. Ал Қостанай облысы мен Қостанай қаласының әкімдері бұдан мүлде хабарсыз тәрізді.
Екінші бір әттеңім: Қазақстан Журналшылар одағы, Журналшылар академиясы, Баспасөз клубы жылда журналшылық өнер жайында үлкен-кішілі жиын-жиналыс өткізеді. Халықаралық медиа-форум – өз алдына. Алайда, солардың белгілі бір мерзімді мәжілістерінің күн тәртібінде Қазақстандағы журналшылық қызмет, кешегі-бүгінгі көрнекті журналшылар еңбегі туралы мәселе болмайды. Тоқтар Бейісқұловты ешқайсысы ескермеді. Басшылардың бірде-бірі Тоқаңның Бейімбет Майлиннің бүкіл өмірі, шығармашылық қуаты, журналшылық батылдығы мен шеберлігі хақында әдебиет немесе тіл институттары атқаруға тиіс қыруар жұмысты бір өзі жүзеге асырғанын білмейді екен. Бірде Тоқаңа соны айтқанымда Тоқаң ақырын күлді де:
– Е, қайтесің соны. «Қазақ тілі, қазақ тілі!» дейміз, биыл Алматыда өткізілген медиа-форумның сиқын көрдің ғой, орыс тілін емуді қояр түрлері жоқ, – деді.
Бірер күннен кейін телефон шалып, қажырлы қаламдасымның татымды тірлігіне әрқашан риза көңілмен:
–Тоқа! Бүгінде «70 – жігіт жасы» деп жүрміз ғой, ел-жұртыңыз алдымыздағы қаңтарда 80 жылдығыңызды – жігіт ағасы жасыңызды тойлар, ал мен қаламдастарыңыздан бұрын құттықтап, тұп-тура 99 жасаңыз десем ше? – дедім. Ол:
– Қарсы болмайын, жүзге біреуі жетпей тұрса да, – деді әдетінше ақырын күліп.
– Біреудің әрісі не, берісі не? «Жүз» дегенде ернің шүрішіп, үнің үздігіп қалады, ал «то-о-оқса-а-ан то-о-оғы-ы-ыз» деп «әндеткенде» айызың қанады-ақ, шіркін-ай! – дедім.
– Шынында, – деп Тоқаң рақаттана күлді.
Ғалым қаламгер ағаның сол күлкісін сағынып жүргеніме алтыншы жыл...
Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ