Бірінші қаңтарда 104 жасқа толған Қайникеш Мұсабаева Бесқарағай ауданының Өндіріс ауылында 65 жастағы қызы Рахима Досымханованың қолында тұрады. Төрт сыныптық білімі бар әжеміз ұзақ жыл совхозда әртүрлі жұмыстар істегенін айтады. «Қай жерге жұмсады, сонда бардық. Жұмысшылардың соңынан тамақ тасыдық. Жұмысты қолдан келгенше істедік, ешқайсысынан бас тартқан жоқпыз. Рахмет. Еңбегімізді ақтап жатыр»,– дейді кейуана.
11 құрсақ көтерген Қайникеш әже бүгінде немере, шөбере, шөпшек сүйіп отырған жайы бар. Көп балалы қариядан көп балалы болу жайында сұраудың әбестігі жоқ шығар деп: «Қазіргі әйелдер баланы аз табады. Бұған не дейсіз?» деп сұрап едік. «Өздерінің қолында ғой, шырағым» деп қысқа қайырды.
Қызы Рахима анасының бұрындары тоқыма тоқып, немерелеріне газет-журнал оқытатынын, соңғы кездері бұл әдеттерден тыйылып, тысқа шығуды сиретіп, көбіне теледидар көретінін жеткізді. Бір таңғалдырғаны, Қайникеш әже 104-ке келсе де, «басымды айналдырады» деп көзілдірік кимейді екен. Тамаққа да тәбеті тәуір көрінеді. «Ащылау тамақтарды жақсы көреді. Балықты жақсы көреді. Таңертең жылытып берген тамақты жемейді. Жаңадан пісірілген тағамды тәуір көреді. Жылқының етін жейді. Семейден қымыз әкеліп отырамын», – дейді қызы.
Үйден шығарда Бесқарағай ауданының ең қарт тұрғындарының бірі:
Өмір жастарың ұзақ болсын
Өмірлерің жақсылықпен өтсін,
Ешқандай жаманшылық көрмеңдер.
Жақсының жанында жүріңдер,
Жаманнан аулақ жүріңдер
Алла тағала менің жасымды берсін,
Өмірлерің ойын-күлкімен өтсін, деп батасын берді.
Азамат ҚАСЫМ,
«Egemen Qazaqstan»
Шығыс Қазақстан облысы,
Бесқарағай ауданы,
Өндіріс ауылы