Заманында Әбілхан Қастеевке сурет өнерін қалай меңгердіңіз деген сауал қойылғанда дарынды қылқалам иесі: «Мен сурет салуды таудың бұлағынан, қойдың құлағынан, ешкінің мүйізінен, анамның оюынан үйрендім» деген екен. Ал, төмендегі картиналардың авторы Жанат Көшен ауыл топырағына аунап өспесе де, арманға қанат қақтырған қала өмірін кеше жүріп дегдар өнердің тереңіне бойлапты. Десе де оның ауыл мәдениетіне, тұмса табиғатқа деген іңкәрлігі балаң жасынан оянған. Сондықтан болар, туындыларынан дала жұпарының иісі аңқып тұрады. Суретші адамзат өркениетін зерттей жүріп, дала шежіресін мәңгілік тақырыпқа айналдыруды көздейді.
Жанат үнемі ізденіс үстінде жүретін суретші. Ол түспен, сызықпен, формамен және түс пен көлеңкенің өзара қайшылығымен батыл эксперимент жасайды. Пасьтелмен, гуашпен де сурет салады. Кескіндемелік және графикалық жұмыстары түрлі техникада орындалғанымен, өнер иесінің гратография мен түсті графикаға деген ықыласы ерекше. Шығармашылығында шығыс аңыздары мен әфсаналары басым бағытқа ие. Суретші әр заманның келбетін адамдары арқылы көрсетуге тырысады. Кенеп бетін көмкерген сан алуан бояулар сол уақыттың өзіне тән ерекшелігін, адамдарының мінез-құлқын анық береді.
Өнертанушы Нұржамал Нұрфейізова оның қолтаңбасы хақындағы ойын былайша жеткізеді: «Шығыс пен Батыстың мәдени мұрасын зерттеп-зерделеп, ой елегінен өткізген суретші уақытпен «көзбе-көз» байланыс орнатады. Асықпайтын бірқалыпты ырғағы бар, нұр сәулелі бояулар мен шынайы және ертегілік образдарға толы сан келбетті және алуан түсті әлемді Жанат өзінің ешкімге ұқсамайтын көрнекті де көркемдік тәсілімен бейнелейді».
«Шығармашылығым – өмірімнің өзегі. Тасқа басылған таңбалардан бастап, ежелгі адамдардың тұрмыс-салтын бүгінгі өмірмен сабақтастырып, ортақ құндылықтарды тапқым келеді. Әсіресе, әр дәуірде өмір сүрген адамдардың сұлбасын сызып, тарихи тақырыптарға қалам тербегенді жақсы көремін. Әлдекімдер қиялға ерік бергенде айтылатын, «көзіңді жұмсаң бәрі қиялдан төгіліп құйыла береді» дегені бос сөз. Адам таным арқылы, сезім арқылы, ізденіс арқылы өседі», – дейді суретші.
Туындыгердің Ә.Қастеев атындағы өнер мұражайында шымылдығын түрген «Ғасырлар аралығындағы диалог» атты жеке көрмесіне 50-ден астам кескіндемелік және графикалық туындылары қойылған. Шығармалардың өне бойынан қаншама замандар алмасса да, ой мен сана өзгерсе де, адамзат баласының арман-тілегі өзара үндесіп, ортақ адами мұраттарға негізделетіні көркем көрініс тапқан.
Оның қолтаңбасы ғасырлар арасына әуезді үндестік орнатқан дала шежіресінің мәңгілік сарынындай көрінеді.
Арман ОКТЯБРЬ,
«Egemen Qazaqstan»
АЛМАТЫ